Атырауда балықтан, балықшы көбейген

Атырау облысында соңғы жылдары балық емес, балықшы көбейген. Бұл туралы Құрманғазы аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен аудан әкімдігінде «Балық және балық өнімдерінің заңсыз айналымы, браконьерлікке қарсы күрес және осы бағыттағы өзара іс-қимыл барысында туындаған өзекті мәселелер туралы» тақырыбында өткен ведомствоаралық мәжілісте «Каспий-Балық» ӨК-нің төрағасы Жұмажан Шакупов мәлімдеді.

 

Облыстағы балық кәсібінің кенжелеп келе жатқандығына өз қыжылын білдірген төраға Жұмажан Жакупов мәжілісте:

– Билет беріп браконьерлікті өзіміз заңдастырамыз. Аулайтын жерлерімізде балық жылдан-жылға азаюда. Шығынмен жұмыс жасаудамыз. Еңбек еткен соң оның жемісі болуы керек емес пе? Қазір су бойында балықтан балықшы көп. Неше адам шықса да тиісті орындар оларды тексеруі қажет. Балық аулағанымен үкіметке салығын төлемесе, тыйым салынған құралдарды қолданса жауапқа тарту керек. Сіздер барып аптасына 1-2 рет бізге бөлінген учаскедегі балық аулау орындарын тексеріп тұрыңыздар. Қажет десеңіздер кооператив есебінен жанармай мен жағармай берейік, – деген ұсынысын айтты.