Ақышев доллар бағамына қатысты пікір білдірді

Ұлттық банк төрағасы доллар бағамы күрт өспейді деп отыр. Қазір макроэкономикалық жағдай тұрақты, сондықтан валюта айырбастап, пайда көргісі келгендер ұтылып қалады, деп мәлім етті Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Ақышев доллар бағамына және ұлттық валютаның әлсіреуіне алып келуі мүмкін алғышаттар туралы сұраққа жауап бере отырып, қазіргі жағдайдың тұрақты екенін мәлім етті. Мұнай-газ, көмір бағасы көтеріліп келеді, тиісінше елге келетін валюталық түсім артатын болады. Сондай-ақ, оның айтуынша, сауда серіктестерімізде де жағдай тұрақты.

«Алаңдауға негіз жоқ. Осы нарықта пайда көргісі келетін азаматтар мен кәсіпорындарға тағы да қайталап айтарым, валюта бағамы өзгерген кезде айырбастау бекеттеріне жүгіріп, одан табыс табуға тырысудың еш қажеті жоқ. Өйткені ұтылып қалуыңызға болады. Себебі макроэкономикалық жағдай жақсы, теңге бағамы күшеюі де әбден мүмкін. Сондықтан қазір валюта сатып алып жатқандар ұтылады», — деді Ақышев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Айта кетсек, осыған дейін Ұлттық банк тамызда шілде айымен салыстырғанда доллар 2,2 есе көп сатып алынғанын хабарлаған еді.