Әжетханадан табылған сәбиді сот неге асырап алуға бермегенін Абаев түсіндірді

ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ақпарат және коммуникациялар саласына қатысты заң жобасындағы өзгертулер мен толықтыруларды түсіндіру үшін бейнежазба жариялады. Министр бейнежазбасын фейсбукқа жүктеді, деп хабарлайды Today.kz. Бір тармақты түсіндіру барысында Абаев Жамбыл облысында болған тастанды сәби оқиғасын мысалға келтірді.

«Өткен жылы Жамбыл облысында бір отбасы әжетханадан сәбиді тауып алды. Кейіннен олар сол баланы асырап алғысы келіп, сотқа арыз жазды. Бұл оқиғаны көпшілігіңіз білесіздер. Барлық сайттар жазды, барлық телеарналар көрсетті. Бірақ сот оларға баланы асырап алуға келісім берген жоқ. Неге мұндай шешім қабылдады? Мұның себебі мынада. Олар баланы асырап алды дейік. Осы оқиғаны білетіндер оның асыраған ата-анасын танып қойып, бір күні балаға «сені әжетханадан тауып алған» десе, не болар еді? Бұл оқиға бала қайда барса да алдынан шығатын еді. Сондықтан  да сот осындай шешім қабылдады. Әрине оларды экранға шығарғанда журналистер бұл оқиғаны адамның тағдырына қалай әсер ететінін білген жоқ. Бірақ нәтижесі солай болды», – деді ақпарат және коммуникация министрі.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы-Ташкент тас жолындағы әжетханалардың бірінен жаңа туылған сәби табылған еді. Сәбидің анасы 21 жастағы Жамбыл тұрғыны болып шықты. Жамбыл облысында тұратын Тұрғынбековтар отбасы сәбиді асырап алғысы келгенімен, сот рұқсат бермеген болатын.