Семей облыс бола ма?

WhatsApp желісі мен әлеуметтік желілерде Өскеменде аз байытылған уран банкі орналасқандықтан оның жабық қала болатыны жайлы ақпарат тарады. Облыс орталығының статусы Семейге ауысатыны айтылған. Бұл ақпаратты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жоққа шығарды, деп хабарлайды Today.kz YK-news.kz cайтына сілтеме жасап.

«Өскемен мен Семей статустарының өзгеретіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп мәлімдеді ШҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Жеңісов.

Шенеуніктің айтуынша, бұндай сөзді таратушылар жазаланады. Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратқан адам 5 мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2-ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

29 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттіктің директоры Юкия Амано аз байытылған уран банкін ашқан еді.