«Жыныстық жиһадтың» құрбаны болған қыздың жанайқайы

Ислам дінінде неке ер мен әйелдің мәңгілік жұп болып өтуі үшін қиылып, ақ некелі жандар ғана ерлі-зайыпты болып есептеледі. Бұдан өзге «уақытша неке», «жыныстық жиһад» деген мұсылмандыққа жат әрекеттер – дінге де, заңға да қайшы келетін келеңсіз құбылыстар. Айтуға ауыз бармайтын «жыныстық жиһад» ұғымы 2013 жылдан бері ИГИЛ террористік ұйымының пайда болуымен қолданысқа енді.

Ислам қайнаркөздері мен тарихында ешқандай негізі жоқ «жыныстық жиһад» ұғымы XXI ғасырда лаңкестік ұйымдардың әрекетінен әлемдік проблемаға айналып отыр.

Сарапшылар ИГИЛ лаңкестік ұйымын мұсылман әлемін қылмысты етіп көрсету мақсатында ұйымдастырылған саяси ойын ретінде қарастырады. Өйткені, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жиһадшылар, тіпті, мұсылман халқы аз шоғырланған елдерден де Сирия мен Иракқа ағылып келген лаңкестік ұйым мүшелерінің бастарын қосып отырған саяси бір күштің бары анық. Олар өз мақсаттарына жету үшін «жыныстық жиһад»атты исламға жат неке түрін шығарып, дінбұзар шейхсымақтарына діни пәтуа бергізді. Бүгінде теріс пәтуаның мәнін түсінбей, солардың құрығына ілінген кейбір мұсылман қыздары өкінішін білдіруде. Сөзім құрғақ болмау үшін бір мысал келтірейін.

Журналист Қ.Сарыпбек ИГИЛ леңкестік ұйымында болып қайтқан бір отандас қарындасымыздың өкінішті жанайғайын былай жеткізеді: «…Бір күні мені, Сириядан қайтып оралған қазақ қызымен түрмеде оңаша әңгімелестірді. Ол қыздың көз жасын көріп, қатты аяп кеттім. Ол қыз да ғаламтор арқылы танысып отбасылы болған. Бал айы деп күйеуі Сирияға ертіп кеткен. Содан, Сирияда бір ай тұрған. Күйеуі шаһид деп, күйеуінің Сириядағы досы келген. Қыз оған күйеуге шығыпты жалғыз қалмас үшін. Содан арада бірнеше аптадан соң, ол күйеуінде шаһид деген. Сөйтіп, ол қыз сегіз рет күйеуге шыққан. Бір күні сыртта жүрсе, өліп қалды деген күйеулерін көрген. Тіпті, бірінші күйеуі де тірі болып шыққан. Ол қыз барлығының өтірік екенін біліп, қашуға бел буып, ақыры кұжатсыз елге оралған. Жылайды… «Кұрсағымдағы баланы амалым жоқтықтан көтеріп жүрмін. Босансам, ол баланы жетімдер үйіне беремін» дейді. Сирияда нәпсі құмарлығын қандыру үшін ғана әйелдерді пайдаланып, былайша қатты қорлайды екен. Ешқандай да жиһад жоқ, қайта жыныстық қатынас көп дейді…».

Сондай-ақ, ИГИЛ лаңкестік ұйымының «жыныстық жиһад» атты пәтуа шығаруының да өзіндік себептері бар. Біріншіден, мұсылман қыздарын лаңкестермен уақытша болса да некелестіріп, сол арқылы қатарларын көбейтеді. Екіншіден, исламдағы мағыналы ұғым ақ некеге «жыныстық жиһад» деген жалған неке жамап, ақ некені кім болса сонымен жатып-тұратын арсыздық әрекетке айналдырады. Мұның барлығы әрдайым әділдік пен адам құқығын бәрінен жоғары қоятын ислам дініне күйе жағу екені анық.

Имам Матуриди Құрандағы: «…Ал енді, (сендерге махрам болған) аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен, мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді. Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе, мәһір ақыларын беріңдер, бұл сендер үшін парыз…» (Ниса сүресі, 24-аят) Кейбіреулер аяттағы: «Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе ақыларын беріңдер» сөзінен «мутға» некесінің дұрыстығын шығарады. Олар аятта: «Истимтәғ» (шәһуәт әуестігін қандыру) жасаған соң ақысын беру айтылды. Яғни, «Никах» (неке) сөзі айтылмады» дейді. Біздің көзқарасымызда (Ханафи мәзһабында), Ниса сүресі, 24-аятындағы: «…Ал енді, (сендерге махрам болған) аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді» сөзі адал некеге дәлел. Және де мутға некесін дұрыс дейтіндер аятта: «Уәжіп болған мәһір әуелі келісіммен бекітіліп, соның негізінде неке іске асады» деген сөздеріне келер болсақ, бұл біреуі әуелі, екіншісі кейін орындалатын жәй реттілік ғана. Құрандағы: «Әйелдеріңді талақ ететін кезде, олардың иддат (ажырасқаннан кейінгі күту) мерзімін есепке ала отырып талақ етіңдер» (Талақ сүресі, 1-аят) деген аятта әуелі иддат мерзімін күту айтылып тұр….. Негізінде, талақ айтылған соң иддәт мерізімі басталады. Яғни, мұндай аяттар көп кездеседі. Сондықтан, мутға некесін дұрыс деушілердің бұл пікірлері дәйекті көзқарас емес. Әли жеткізген хадисте: «Мұхаммед пайғамбар Хайбар күні әйелдермен мутға жасауға және есектің етін жеуге тыйым салды» десе, Абдулла ибн Омар Омар ибн Хаттабтың: «Мутғаны дұрыс деп істеп жүргендерді жолықтырсам, тас боран атып өлтіремін» дегенін естідім дейді. Абдулладан жеткен тағы бір риуаятта: «Әйелдермен мутға некесінде болу талақ, мәһір, иддәт күту, мұрагерлік және некедегі құқықтық мәселелерге қатысты аяттармен үкімі насих (жойылды) етілді» деді» деген.

Ислам дінінің кіршіксіз рухын ластайтындар, «жыныстық жиһад» туралы пәтуаларын аталмыш «мутға» некесіне негіздейді. Олар «жыныстық жиһад» некесін Алла жолында жиһад етіп жүргендер үшін адал деп ұғындырғысы келеді. Тіпті, «имани бауырластық» атымен қатар пайдаланады. Сондықтан, «жыныстық жиһад» ислам дініне мүлдем жат бұзақылықтың бір түрі екенін білген жөн.

Соңғы кездері нәпсінің құлы болғандардың шариғат шарттарын өрескел бұзып, жас қыздарды құрыққа түсіріп жүргені өзекті өртейді. Олардың еліміздегі салафизм ағымының ұстанушылары екенін де аңғаруға болады. Сондықтан қыздарымыз «діндарсымақ» жігіттерге алданбаса, кейбір ата-аналар мен жастар жат ағымның құрбаны болмаса екен деген ниетімізді білдіргіміз келеді.

С.Оқанұлы,