Қазақ қызы құрбысының алдауына түсіп, Түркияда құлдыққа түскен

Жиырма үш жастағы Қазақстан азаматшасы Түркияда сексуалдық құлдыққа түсті. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы ол елге сыныптас құрбысының шақыруымен жайлы жұмыс іздеп барып, қаскүнемдердің қақпанына түскен. Сөйтіп, мәжбүрлі түрде клиенттерге қызмет көрсетіпті. Ал, оны алдап сол жаққа алдырған құрбысы мен оның сыбайластары қазір қолға түсіп, тергеу жүруде.

 

Бұл туралы “Еуразия” арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлады. Аты-жөнін өзгертіп, бет әлпетін көрсетпеуімізді өтінген бойжеткен Түркиядан бүгін ғана туған жерге оралды. Жүзінде уайымның ізі байқалады. Өйткені, ол өзге елде адам саудасының құрбаны болған.“Мен шыдай алмадым, қашып кетуге де амалым болмады, ешқайда шығармады”, – дейді Мадина Абаева.

Мадинаның Түркияға баруына өзінің сыныптас құрбысы көмектескен көрінеді. Жоғары жалақы, тұрақты жұмыс ұсынған жерлесі қаржыдан қыжалат болып жүрген жанды әбден қызықтырған. Тіпті, жол шығынын да төлеп берген. Бірақ, ол жаққа барған соң, уәде тек сөз күйінде қалып қойған. Есесіне, сыныптас досын төсек қатынасына итермелеген. Әлдекімнің қойнына еріксіз салғанын айтады.

“Кәдімгідей зорлады, бір бөлмеге кіргізетін еді. Мен қорқатын едім, жылайтын едім», – дейді жәбірленуші Мадина Абаева.

Бойжеткеннің елге оралуына белгілі заңгер Айгүл Орынбек мұрындық болыпты. Ол жағдайды естісімен, сол күні Түркияның Қазақстандағы елшілігінің Бас консулына хабарласқан. Отандасымыздың мекен-жайын ұсынып, ертерек құтқаруын өтініпті. Әйтпесе, шымкенттік тұрғынды қылмыстық топ Біріккен Араб Әмірліктеріне сатып жібермекші болған көрінеді. Бас-аяғы екі сағаттың ішінде Мадина әлгі адамдардың құрығынан құтқарылған.

“10 шақты күн өткен соң қыздың мінез-құлқын, психологиялық тұрғыда зерттеу арқылы шум шығарады деп ойламаған. Зерттей отырып, ол қызды жаңағыдай сенбі бүгін саудалаймыз, дайындал деген соң, бұл қыз анасына хабар берген», – дейді қоғамдық қорғаушы айгүл Орынбек.

Мадина отбасындағы үйдің үлкені екен. Өзінен бөлек, тағы 3 бауыры бар. Оларды асырау жалғыз анасына оңайға соқпаған. Сондықтан, ол мамандығы бойынша киім тігу үшін шетелге шыққан. Бірақ, өзінің оңбай алданғанын сезіп отыр. Айтпақшы, бұл іс бойынша облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары басталып кетті.

Сондай-ақ, Анадолы елінде осы іске қатысы бар деген күдікпен бір топ Түркия азаматы мен жəбірленушінің құрбысы, қазақстандық азаматша ұсталыпты. Олар қазір, уақытша қамауға алынған көрінеді. Қылмыстық іс сотқа өтіпті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, жәбірленушінің құрбысының лас іске қатысы бар екендігі дәлелденсе, ол жазасын Түрік елінде өтеуі мүмкін екен.