Бізде бензин сапасын тексеретін мемлекеттік орган жоқ

Қазақстанда бензин сапасын тексеретін мемлекеттік орган жоқ. Соның кесірінен Ресейдің аты-жөні белгісіз зауыттарынан сапасыз жанармайлар ағыл-тегіл тасымалданып жатыр. Көліктердің көк түтінге оранып дұрыс жүрмеуі, тез сынуы да содан. Елдегі мұнай өнімдерін тексеретін тәуелсіз сарапшылар осындай дабыл қақты.

 

 

Қазақстанда мұнай өнімдерінің сапасына бақылау жасап отыратын мекеме бұрын болған. Бір кездері мемлекеттік бақылау комитеті болса, кейін бұл іспен тұтынушылар құқығын қорғау комитеті айналысыпты. Ал қазір ешкімнің құзырында емес. Сондықтан, жанармай сататындар білгенін істейді екен.

Мәселенің екінші қыры –  Ресейден тасымалданатын жанармайдың да жыры көп. Тендерге семірген кей тасымалдаушылар Кеден одағының кедергісіз өткізу мүмкіндігін пайдаланып, Ресейдің аты-жөні беймағлұм зауыттарынан арзан өнімді бізге қарай ағылтатын көрінеді.

Жүргізушілерді шаршатқан жанармай сапасын былай қойғанда, жақын күндері нарықтағы бензин бағасы аяқасты көтеріліп шыға келді. Оның себебін түсінбеген монополияға қарсы агенттік жанармай бекеттерін шұғыл тексеріп жатыр.

Агенттік бензин бағасын ауыздықтай алғанымен, ол сапасын да реттейді деген сөз емес. Тап осы сапаға қатысты тәуелсіз сарапшылар тиісті министрлікке талай рет ұсыныс жасағанымен ол жақтан жүзін бұрған біреу болмапты. Сала өкілдері бүгінгі жиын қорытындысы бойынша билікке тағы нақ ұсыныстар жасап, назарын аудартуды көздеп отыр.