Өткен жылда адам ұрлығына қатысты 60-қа жуық қылмыстық іс қозғалған

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов адам саудасы, еңбек мигранттары және адамгершілік тәрбиесіне қатысты мәселелер жайында баяндады.

Атап айтқанда, бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстандағы еңбекші-мигранттардың және адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты талдау баяндамасының тұсаукесері өтті.

Қуаныш Сұлтановтың сөзіне қарағанда, Қазақстан аумағында ресми түрде 60 мың еңбек мигранттары тіркелген, сонымен қатар заңсыз мигранттардың да саны аз емес. Өткен жылда адам ұрлығына қатысты 60-қа жуық қылмыстық іс қозғалған.

«Жас аналар өздерінің балаларын сатуға қалай барады? Осы тектес жағдайға жол берілмеуі керек. Егер де қыздар ана болуға ниеттенсе, онда ол бала үшін жауапкершілік бар екенін ұмытпауы тиіс. Бұл тұрғыда қажетті тәрбиелік жұмыстар қамтылған жөн. Барлық мектепте осындай шаралар ескерілген, алайда бұл қадамдар жеткіліксіз болып тұрған секілді. Сонымен қатар осындай жұмыстар отбасыларда да жүргізілуде, бірақ оны тағы да күшейту қажет»,-деді Комиссия төрағасы.

Сұлтановтың айтуынша, қазіргі кезде Адам құқықтары жөніндегі комиссия аталған бағытта тиісті ұсыныстарды даярлап жатыр.

«Біз жеке тәрбиемен, отбасы рөлі мен әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру мәселесімен айналысуымыз керек. Алайда бұндай проблемалар барша әлемде бар. Өкінішке қарай, соғыс оты жайылған жерлерде адамгершілікке жат жағдайлар өршіп кеткен және уақыт өте келе оның барлығы басқа өңірлерге де тарайды. Сондықтан да біздің комиссия барлық ахуалға талдау жасауды жөн көріп, біздің заңгерлер мен сарапшылар бұл мәселе тұрғысында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеді»,-деді ол.

Сөз соңында Қ. Сұлтанов елімізде адамгершілікке жат жағдайларға жол бермес үшін алдын алу бағытындағы мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.