Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Баланың тәбеті

Дәрігерге келген аналардың көпшілігі баласының тәбеті нашарлығына, тамақ ішпейтіндігіне көбірек шағым жасайды. Бала тәрбиесінде кездесетін қатенің бірі осы дер едік.

Ата-аналар қайткенде де баланың қарнын тойғызуға тырысады. Міне барлық пәле осыдан басталады: әуелі баланы азғырады, жалынады, кейін оны қорқытады, тіпті болмаса жазалайды. Дегендеріне көндіре алмаса балаға көже, ет, овощтың орнына шоколад немесе торт беріп, «орнын толтыруға» тырысады. Ең болмаса әкесі баланы ұстап отырып, анасы оның аузына зорлап суыған көжені құяды. Профессор Людмила Соломоновна Каневская баланың есінде қалған жағымсыз эмоциялар өсе келе ересек адамның инфаркт сырқатына шалдығуына себепкер болуы мүмкін екенін орынды көрсетеді. Тамақты үнемі зорлағаннан ішетін бала үшін стол басына келіп тамаққа отырудан асқан қайғы-қасірет бар ма екен?

Егер мұндай жай қайталана берсе, балада тағамға жағымсыз рефлекс пайда болады да, оны жеңу, тамақ ішуге көңілін шапқызу қиынға түседі. Бала гастритке шалдығып, асқазан сөлінің бөлінуі нашарлайды. Бұл сырқатты емдеп жазу өте қиын болғандықтан кейде өмір бойы солай болып қалатын да балалар кездеседі.
Тәбет неліктен нашарлайды, ол сырқатты қалай емдеп жазуға болады?

Жас балалардың ас қорыту аппараттарының: бауыр, асқазан, тағы басқа бездері мен ішек-қарын жолдарының қызметі үлкендерге қарағанда нашар болып, олардың шығаратын сөлі де аз болады. Тым мол және майлы тағам оны одан сайын азайтады. Сөлінің азайып, оның қызметінің төмендеуіне ішек-қарын аурулары, әсіресе дизентерияның үлкен әсері болады.

Мұндай балаға көмек керек. Көмекке асқазан сөлінің, асқазан бездері сөлінің көп бөлінуіне тағы басқа ас қорытуға көмегі болатын шырын берген жөн. Қандай жағдайда қай сөлдерді беру керектігін балалар дәрігері шешеді.

Созылмалы тонзиллит, ревматизм, холецистит, өкпе қабынуы сияқты сырқаттары бар балалардың да тәбеті нашар болуы ықтимал. Мұндай жағдайда өте сақтық керек.

Тамаққа тәбеттің болмауына көбіне тамақ үстіндегі жағымсыз эмоциялар себеп болады. Семья тамаққа стол басына жиналды. Әйел еріне «бүгін Серік екілік баға алып келгенін», немесе «Жүніс көршінің терезесін таспен атып, сындырып қойғанын білесің бе?» дейді. Міне әңгіме осыдан басталып, балаға бір ұрсып, бір зекіріп, ақыл айтылады. Бала қызарады, көзіне жас толады, оған тағы зекіріп — «неғып отырсың, іш тамағыңды» делінеді. Ойланыңызшы, осындай жағдайда сіз тамақ ішіп, жер ме едіңіз? Тағы бір мысал. Әке стол басында газет оқып отырып тамақ ішіп-жей бастайды. Оған әйелі орынды ескерту жасады. Шамданған әке газетті уқалап жерге тастап, есікті тарс жауып, тамақ ішпей кетіп қалады. Осыдан ұрыс басталады. Осындай жағдайды көріп отырған баланың да тамаққа көңілі шаппай, тәбеті нашарлайды.

Баланы үнемі дағдыланған бір мерзімде аздап, тарелкаға бірнеше қасық салып қана тамақтандырған дұрыс. Тамаққа тәбеті жоқ баланы тарелка толған ас шошындырады. Тағам тым майлы да тым тәтті де болмағаны жөн, тәтті және майлы тағам ас қорыту сөлдерінің бөлінуін төмендетеді. Кейбір аналар тамақты нашар ішетін балаға көрсетпей, астына май қосып жіберуге немесе жұмыртқа араластырып беруге тырысады. Оның пайдасынан гөрі зияны мол болады. Тамақ бергенде міндетті түрде біріншісін де, екіншісін де ішіп-жегізуге тырыспаңыздар. Біріншісін ішпесе ішпей-ақ қойсын, екіншісін тауысып қойса жетеді. Біріншісінің орнына тәбет үшін селедка, тұздалған помидор, редьканың салатын беруге болады. Тамақ даярланғанда томат, лимон қышқылын немесе аз мөлшерде сірке суын қосса тағам дәмді болады. Тамақ арасында алма, конфет, печенье беруге болмайды. Тамақ соңынан су ішуге тиым салмаңыз. Ішкен сулары минеральды су болса тіпті жақсы, бірақ судың мөлшері 0,5-1 стаканнан аспағаны жөн. Кейде баланың тәбеті жазғытұрым витаминдердің азайған кезінде нашарлайды. Ондай жағдайда поливитаминдер берген дұрыс.

Егер түскі немесе ертеңгі асқа тамақты жақсы ішетін жолдас баланы шақырып, бірге тамақтандырсаңыз тіпті жақсы. Жолдасының ішіп-жегеніне қарап сіздің балаңыз да одан қалмауға тырысады. Балаңыздың тәбеті жақсарып, өзі қатарлы балалардан қалыспайтындай жағдайға жету үшін көрші-көлеңнің ақыл-кеңесін тыңдамай, физиологтар мен дәрігерлердің тәжірибелеріне сүйене отырып, шыдамды-қажырлылық пен күш-жігер жұмсау керек.

«Мәдениет және тұрмыс» журналы,
№8, тамыз 1976 жыл.

Сурет: «Мәдениет және тұрмыс» журналы,
№6, маусым 1976 жыл

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*