Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Батаменен ел көгерер

1991 жылы қараша айында еліміздің  Президенті Н.Назарбаев қазақтың қасиетті Шыңғыстауына – Абай, Шәкәрім, Мұхтардай ұлылар туған топыраққа келіп тағзым етіп, халқымен дидарласқан-ды. Сол салтанатты сәтте жергілікті қарт ақын Шәкер Әбенов өз алғысын өлеңмен құттықтай отырып, бата берген. Халық ақынының сондағы сөзін оқырман қауым назарына ұсынып отырмыз.

Сарыарқа туған жерім, елім қазақ

Қазақ елі ежелден көкседі азат

Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,

Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.

Біз көрген зобалаңда қуғын-сүргін

Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,

Бар ұлттың тілін тауып табыстырған

Нұр Сұлтаным жұлдызың жанды бүгін.

Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек

Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп

Қарадан хан туған деп қадірлеген

Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.

Абылайым бүгінгі сен емес пе?

Қазағым өзге жұртпен тең емес пе

Халқыңа тәуелсіздік нұрын шаштың

Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.

Ақ киізге көтеріп, Хан сайласқан

Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!

 

Халқын сүйген перзент екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі – негізгі бата, екіншісі – лебізді бата дейді.

Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке үміт сенімі.

Ол негізінен үш міндетке саяды:

  1. Дүниенің бар игілігін өндіретін жұмысшы дихан, мал өсіруші қауымның табан ақы, маңдай терін зая кетірмей, ысырапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қажетіне, игілігіне жарату.
  2. Осыған кедергі жасап, кесел келтіретін суық қол сұғанақтарға, қиянатшыл-зорлықшыл зұлымдарға тыйым салу.
  3. Қошеметші жағымпазға бой алдырмай, өз ісіңе де, өзгеге де сын көзбен қарап, қате кетсе, өзің түзей білу.

Осы үш талап үдесінен көрінген басшы – ел сенімін ақтары шүбәсіз анық. Ендігі менің лебізді батам, тұжырым-түйінім мынау:

  • Иллаһи әумин!
  • Халыққа береке, мынау қилы заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жеткізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абыройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын болсын! Аллаһу әкбар!
Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*