Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Жасанды көрік жақсылыққа әкелмейді

Қолдан жасалатын «Ай қабақ, алтын кірпік» қыз біткенді көрікті етіп көрсететіні сөзсіз. Сол себепті қыз-келіншектер кірпіктерін ұзарту үшін косметолог мамандардың қызметіне жүгініп жатады. Алайда бұл кәсіпте мемлекеттік стандарт әлі де жоқ екен. Негізі кез келген жасалатын кәсіп үшін стандарт қойылып, салық төленуі қажет. Ал стандарт болмаған жағдайда, дәл сол кірпік жабыстырған әйелдің көз жанарына зақым келетін болса, маманды жазалап, қандай да бір өтемақы төлеттіре алмайды. Табыстары жаман емес кірпік жасайтындар қазір көптеп кәсіп ашып алып, тіпті, үйлерінде де адам қабылдай береді екен. Ал олардың көбі еш жерде тіркелмеген, тиісті квалификациялары мен медицинадан да хабарлары жоқ. Жасанды кірпік өсіру жолдарын қаламыздағы сән салондарының бірінің маманынан сұрап көрген едік.

– Шынымен де, қазір қыздардың көбі қасына татуаж жасатып, жасанды кірпік өсіруге құмар. Біздің қызметімізге бірі табиғи олқылықтың орнын толтыру мақсатында келсе, бірі сән қуып жүгініп жатады. Бүгінде жасанды кірпіктің бірнеше түрі мен жасалу технологиясы бар. Кірпіктерді ұзартудың екі негізгі технологиясы – түйінді және бір-бір талдап ұзарту. Түйіндеп ұзарту – бұл аз уақытқа арналған, көп ұзамай кірпіктер түйіні өзі түсіп қалады. Себебі бұл тәсіл қабаққа салмақ түсіреді. Кірпіктерді түйіндеп өсіру кезінде препараттарға төзбеу, жас ағуы мүмкін. Ал бір-бірлеп ұзарту кезінде әр кірпік жеке-жеке ұзартылады. Шамамен алғанда бір көзге 100-120 кірпік қажет. Бұл – бояуды қажет етпейтін көлем. Кірпікті бір-бірлеп ұзарту ерекше әсемдік сыйлап, табиғи қалыпты сақтап тұрады. Олар арнайы гиппоалергенді шайыр көмегімен ұзартылады. Яғни, кірпікке берік жалғасады, – дейді сән салонының маманы Әсем Орынбасарова.

Кірпіктердің жасалу технологиясы әрбір өндірушінің біліктілігіне байланысты. Кейбір кірпік жасаушылар өздері үшін тек шартты түрде «норкадан, бұлғыннан және жібектен жасалған» деп, бұл атауларды кірпіктің ұзындығы, қалыңдығы мен майысуына қарай ұтымды пайдаланады. Енді бірі кірпіктерді табиғи шаштан жасалады деген ойда. Жалпы, бұл кірпіктердің барлығы синтетикалық материалдардан дайындалады екен. Өйткені табиғи шаштан жасалатын кірпіктер көзге түрлі аллергиялық серпіліс тудыруы ықтимал. Журналист Айнұр Төлеуова: «Жасанды кірпік әртүрлі түсірілімдер көп болған соң өте қажет. Бірақ мен сапалы әрі қымбат түрін жасатамын. Бағасы – 15 мың теңге» дейді. Алайда кәсіби мамандар болмаса, қарапайым халық арзан, яғни, құны 3-7 мың теңге арасындағы кірпік жабыстырушылардың көмегіне жүгінеді. Ал олар, әрине, сапалы материалдардың орнына арзан нәрселер қолданып, үй жағдайында кірпік жабыстырады. Мұндай жасанды кірпіктердің әдеміліктен өзге зияны да бар екені белгілі. Мамандар түрлі аурудың алдын алу үшін әр екі ай сайын кірпікті ауыстырып отыру қажеттігін айтады. Егер барлық талапты сақтасаңыз, бір айға дейін әдемі кірпіктің иесі бола аласыз.

Америка технология институтының ғалымдары ұзын кірпік көздің ауруына, сондай-ақ уақыт өте келе соқыр болып қалуына әсер ететіндігін дәлелдеді. Олардың пайымдауынша, адам көзінің кірпігі 1/3 мм құрайды. Мұндай табиғи кірпік көздің әрдайым ылғалданып тұруына және көзге шаңның түспеуіне көмектеседі. Ал желім арқылы жапсырылған жасанды кірпік көзге ауа жібермейді, сонымен қатар түрлі індеттердің пайда болуына ықпал етеді. Десек те, әркімнің өз таңдауы өзінде. Заман талабына сай жүретін сұлулар артық қылам деп, тыртық қылмаса игі. Осындай арзан жасанды кірпік Сымбат Балтабекованы да әлекке салған екен. «Кірпік жабыстырған күні кешке көзімде ауырлық сезініп, кірпіктерім қышып, қызарып кетті. Келесі күні окулист маманға барсам, көз айналам күйіп қалған екен. Содан бері тек қымбат жерге баратын болдым» дейді ол. Алайда зақым келгені үшін Сымбат еш жерден өтемақы талап ете алмады, себебі бұл кәсіп тіркелмеген болғандықтан, жауапқа да тартылмайды. Ондайлардың көбі патент алып немесе оңайлатылған декларация төңірегінде жұмыс істейді екен. Сондықтан олардың нақты табыстарын тексеруге ешкімнің құқығы жоқ. Алматылық экономист Мақсат Салық: «Ондайлар – әлеуметтік жауапкершіліктен жалтаратындар. Бізде қас-кірпік жасататындар мен асаба-әншілер, фотограф пен шаштараздар табыстарын тіркемейді, нәтижесінде заңсыз, көлеңкелі ақшамен күн көреді» дейді.

Шынымен елімізде заңсыз ақшаның айналасын торып, көлеңкелі бизнес жасап жүрген кәсіпкерлер қаншама. Ал олар ең алдымен адам өміріне қауіп әкелетіндерін түсінулері қажет. «Ай қабақ, алтын кірпік» қолдан жасалмайды. Жасанды қас-кірпік, ерін мен түрлі операциялар жасату арқылы қазіргі қыз-келіншектер өздері өз денсаулықтарына зиян келтіретіндерін білуі керек. Жасандылықтан гөрі табиғи сұлулық әр уақытта бағалы.
Райхан БАЛТАБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*