Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Бас қалада Мұқағали атына көше бұйырмаған ба?

Астанада Петров, Хусейн Бен Талал деген сияқты көше атауларын жиі құлағымыз шалады. Бірақ қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың көшесі дегенді естуіңіз бар ма? Жалпы, Елордада ақынның атына көше берілген бе? 

Елордада талай жыл жүрсек те, Мұқағали Мақатаев көшесін көрмедік те, естімедік те. Содан көлік жүргізушілерінен де, басқалардан да сұрастырдық. Ешкім білмейді. «Крыша» сияқты порталдардан сатылатын, жалға берілетін пәтер іздеп көрсең де, Мұқағалидың аты шықпайды. Содан бас қаланың көп көшелерінің бірінен қазақтың ақиық ақынының аты бұйырмапты ғой деп кейідік. Сөйтсек, олай емес екен. Ғаламторға зер салып, картадан іздеп көрсек, Мақатаев көшесі шықты. Бірақ тек қонаққа баратындар болмаса, былайғы уақытта адам аяғы баса бермейтін «Шұбар» тұрғын алабының елеусіздеу аумағында екен. Өкінішті.

Бұл тұрғыда Тілдерді дамыту және арxив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркептің айтуынша, барлық ірі тұлғалардың есімдерін орталықтағы көрікті көшелерге сыйдыру мүмкін емес.

– Көшелердің атауын қайта өзгерту – оңай шаруа емес. Өйткені заңды тұлғалардың орналасқан мекенжайы сол көше аттары бойынша тіркеледі. Ал көше атауын өзгерткенде бұл жағы қатаң ескеріледі. Дегенмен «Шұбар» тұрғын алабындағы қысқа көшелерге аты берілген Мұқағали Мақатаев сияқты көрнекі тұлғалардың есімін жаңадан салынып жатқан ірі даңғылдарға ауыстыру жөнінде тұрғындардан ұсыныстар түсіп жатса, ономостикалық комиссия бұл мәселені қайта қарастыратын болады, – дейді ол.

Нұр ДӘУЛЕТ

Сурет: z-taraz.kz

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*