Шылым шегу

шылым, темекі
Шылым шегу – біздің елімізде кең тараған ең нашар әдет. Үлкендер, студенттер, оқушылар шылым шегеді, мүмкін балалар бақшасында да аузына алып, байқап көргісі келетіндер болар.

«Шылымды қойшы, одан да үлкен мәселелер тұрғанда» дейтіндер де табылады. Шынында, нашақорлық, маскүнемдік және тағы басқаға қарсы күрестің қасында шылым баланың ойыны секілді көрінеді. Не болса да басқа бәлеге ұрынбаса болыпты дейді. Сөйтіп, денсаулық сақтау министрлігінің ескерткендеріне қарамастан шылым шегеді.

Әрине, құм үстінде ойнап отырған балалар шылым шекпеуі мүмкін, олардың орнына ата-аналары тартады. Күнделікті көріп жүрген нәрсе: баласы ойнап жүр, қасында әкесі шылым шегіп, газет оқып отыр. Осы кезде әкесінің ойына тартып отырған темекіден таралған улы зат бес метрлік радиусқа тарайтындығы кіріп те шықпайды.

Сөйтіп, бала алдымен енжар тартушылардың қатарына кіреді, яғни амал жоқ ауамен келген түтінді жұтады. Беріліп тартатындар, айналасындағылардың бәрін еркінен тыс енжар тартушы етеді.

Адамзат темекімен танысқалы бері әсіресе, әйел мен бала организмі көптеген аурулармен байланысы барын дәлелдеген.
Өкпе рагымен ауыратындар саны кейінгі кезде өсіп отыр. Әйелдер арасында соңғы елу жылда ол он есеге өсіп, керісінше, ер адамдардың проценті азаюы байқалуда. Бұл нені көрсетеді? Кейінгі жылдары жігіттерге қарағанда, қыздардың шылымды көп тартатындығын байқауға болады.

Егер сәбилеріңіздің тыныс алу органдары әр түрлі ауруларға бейім болса, оған таңырқамаңыз, не әкесі, не шешесі шылым шегеді (немесе сәби дүниеге келгенге дейін шегіп, кейін қойған), бұндай балалардың өкпесі нашар дамиды. Қазіргі кезде биологияға, физиологияға деген қызығушылық басым. Адамдарды өздерінің, балаларының денсаулықтары көбірек алаңдататын болды.

Осының бәріне қарамастан, әп-әдемі қыздардың шылым шегіп отырғандарын көргенде, жүрегің ауырады. Ол адамзаттың ұрпағын жалғастырушылардың өз миссиясын толық түсінбейтіндігінен де болар.

Шылым шегіп отырған сұлу қыздардың бәрінің де түпкі ойлары белгілі. Бір жігіттің сүйікті жұбайы болып, бала сүйетіндеріне күмәнданбайды, сол кезде шылымды тастап кету оңай секілді көрінеді. Бірақ оны тастап кету екінің бірінің қолынан келмейді.
Қыздардың естерінде болатын жағдай: жігіттер шылым шеккен қыздардың бұл ісіне тіпті қарсы емес, бірақ әйелінің шылым шеккенін қаламайды.

Ғалымдар бедеуліктің бір себебі ерлі-зайыптылардың шылыммен жас кездерінен достасуы деп тауып отыр.
Сөйтсе де шылым шегілуде…

Басқа елдерде темекіге қарсы бүкіл қоғам болып қарсы шықса, біздің елімізде шылым шегушілер саны күрт өсіп отыр.

Әсіресе, қазақ жастары арасында темекі тарту кең етек жайғанын баса айтқым келеді. Ал жастарға тән нәрсе — өмірлері бітпейтіндей, денсаулықтары шайқалмайтындай көрінеді. Сондықтан олар кез келген ескертуді миықтарынан күле отырып қабылдайды.
Соған қарағанда шылым шегу — жаппай алданудың бір түрі болу керек.

Г.ИСАЕВА,
«Шаңырақ шаттығы» кітабынан, Алматы, «Қайнар» баспасы, 1992 жыл

PS. Бұл 1992 жылы жазылған кітаптан үзінді. Шылым шегу мәселесі содан бері 25 жыл өтсе де қоғамда үлкен мәселенің бірі болып отыр. Сол баяғы жастардың араснда, оның ішінде қыздар арасында көп таралған.

Сурет: dailyhive.com

Бөлісу: 

Пікір 1

Міндетті*
  1. : Темекіні қалай тастау керек туралы жазсаңыздар