Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Емші

Емші

Мырзашөлдің жеміс-жидегі тіл үйіретін. Қауын-қарбызының шырын дәмі ауыздан кетпейді. Ал уылжып піскен сап-сары әңгелегін үйге қойсаң қанша зәулім болса да 2-3 күн бойы бұрқыраған иісі бүкіл бөлмені жайлап тұрады. Тыныс жолдарын баурап, бейне-бір жанды рахатқа бөлеу үшін жеткізілген жұмақтың жұмсақ жұпар иісіндей болатын. Тамыры асыл, өзегі шырын осындай жемістер өнетін құнарлы топырақта тіршілік кешкен халықтың арасында сөзі шипа, дұғасы ем болған, Жаратқанның жарылқауымен қасиет дарыған жандар да туып-өскен. Солардың бірі емші Бүркіт еді.

«Мен білмеймін бұл аңыздың рас әлде жалғанын. Жырлаймын ғой естігенді, жадымда тек қалғанын», деген арнау өлеңнің бір ұшы бізге де жеткен. Әке­міз өлеңді ауыл ақыны Сейітбек ақсақалдың айтуынан біледі. Ол оны өзі толғап шығарды ма, жоқ әлде тек орындаушысы ғана болды ма, ол жағы бізге беймәлім. Мәлімі – 13 жасар жетім баланың ғайып­тан Құранды жатқа біліп, Алланың құдіретімен науқас жандарға қасиетті дұғалар арқылы шипа бергені, сөйтіп, ел арасында емші Бүркіт атанғаны, ал дүние салған соң көріпкел деп таныған жұрт моласына тәу етіп, оның тағылымы тамырлы ғұмырын аңызға айналдырғаны.

Ақын сол аңыздарды тізбектеп өлең құрап, емшінің өмірін өнеге ретінде жұртқа жайған. Өкініштісі, біздің дәуір­ге сол өлең жолдары толық жетпеген. Әйтсе де, мағынасы мен мазмұны құй­ма­құлақтарға құйылып қалған. Оған қоса, емшінің өзі жинақтаған және өз қолымен қағазға түсірген қасиетті ем­дік дұғалар кітап етіп қатталып, осы күнге дейін сақталып келген. Өзбекстан ғылым академиясындағы мамандарға қаратқанда, кітапта шағатай, парсы және араб тілдері аралас пайдаланылғаны аян болды. Кітап «Нұрнама» деп аталады.

Қойшы бала

Әңгімені әріден бастасақ. Үш бірдей інілерімен жетім қалған 13 жасар бала Бүркіт ағайын-туғанның әуелде қозысын, кейін қойын бағып жүретін. Өз ісіне ұқыпты ол, алдына мал салғалы бір тұяқ шығын шығармапты. Баққан малы пышырамай, қоңды әрі күйлі болатын көрінеді. Тапқан нәпақасын бауырларымен қанағат ететін. Күндердің күнінде түс ауған шақта күн тұтылып, қара түнек орнапты. Көзге түртсе көргісіз тас қараңғы болыпты. Бір төбенің етегіне қойды иірген бала Бүркіт, өзі сондағы үңгірге кіріп дамыл тауыпты. Күнде күн ұзақ қой соңында шаршаған бала маужырап терең ұйқыға кетіпті. Түнек түнге ұласып жамыраған жұлдыздар шығыпты, алтын арай ай да туыпты. Белгілі мерзімінде иіруде жатқан қой ауылға қарай жөңкіліпті. Қойға ит-құс та, ұры-қары да тимепті. Түлігін түгел жайлап алған жұрт бала Бүркітті ертеңіне мал өріске шығарда бір-ақ еске алыпты. Інілерінен сұраса, кешкілік үйге келмегенін айтыпты.

Қойды басқа адамның алдына салып, өріске жөнелткен ауыл ақсақалдары: «Күні кеше төңіректің көсемі болған Киікбайдың көзі еді. Қылған тірлігі мен айтқан сөзіне қарасаң дәп Киікбайдың өзі еді», деп бала Бүркітті бүкіл ауылға іздетіпті. Ақыры малдың ізін кесуші Асқарәлінің сөзіне тоқтап, кешкілік қайтқан қойдың жолына түсіпті. Ұзын жолда ұзақ жүріпті. Себебі, төңіректі түгел сүзіп отырған. Ауылдан 7-8 шақы­рымдай шыққанда қой иірілген жайпақ төбенің етегіне келіпті. Айнала қарап үңгірді тауыпты. Үңгірдің аузынан шағын адам әрең өткендей екен. Төбеге шығып төңіректі жіті көзбен түгел тінтіп қараған жұрт түк белгі таппаған соң, үңгірге кіруге бел буыпты.

Кезінде Киікбаймен бірге жүрген, жылдамдығы мен ептілігіне көз іле­с­пейтін шақшадай ғана Жылғабай бел­сеніп алға шығыпты. Зып беріп үңгірге кірген ол: «Я, Алла!» депті. Оның сөзіне қарағанда, құстың ұясындай болған жып-жылы үңгірдің іші нұрға толған жарық көрінеді. Бала Бүркіт терең ұйқыға батып, әлі де оянбай жатыр. Баланы көтерейін деп ұмтыла бергенде көзін ашқан Бүркіт таңырқай қарап, Жылғабай ағасынан қайда екендерін сұрапты. Оның бәрін ауылға барған соң айтып беретінін білдірген Жылғабай өзі бастап үңгірден шығыпты. Жамырасқан жұрт бала Бүркітті көргенде сап тыйылып, таңырқай қарасыпты. Себебі, бәрі де бала бойындағы көзге шалынбайтын бір өзгерісті анық байқаған еді. Әйтсе де, бала Бүркітті қаумалаған ел ауылға қарай бет алыпты. Көп ұзамай ол қалт тоқтап, кітабын ұмыт қалдырғанын айтып кері бұрылыпты. Жүгіре басып, үңгірге кіріп, әдемі әдіптелген Құран кітабын алып шығыпты.

Дарияны кері ағызған

Дұғаны дұрыс пайдаланбау Алланың да, адамның да алдында аса үлкен күнә. Желіккеннің желкенін көтеріп жетегіне ерсең Жаратушының кешірімін алу тым қиын болады. Осы тұрғыдағы сөзді молда Бүркіт жиі айтады екен. Себебі, үлкен қателік жасап, жан-жүрегін қарс айырған қасіретке ұрынған еді. Екінші мүшелден енді асқан шағында Сырдарияның бойында бір топ қатарластарымен қымыз сапырып, думандатып отырыпты. Буындарына қымыз түсіп, бойларына желік кірген жігіттер әңгімені әр қиырдан бір шалыпты. Сөз арасында қасиетті дұғалардың салмағы мен қуаты да айтылған. Осы арада еліріп отырған қатарластың бірі «Сөзің рас болса шын дұғаның қуатын анық дәлелмен көрсет. Алға ұмтылған мына дарияны бір сәтке болса да кері ағыз», депті.

Мұндай әрекеттен басын алып қашқан молда Бүркітті қаумалаған қатарластары тақымдап, бәрі бір кісідей қисық пәтуаға табандап тұрып алыпты. Қаумалаған қауым қоймайтын болған соң Аллаға сиынып, қасиетті дұғаның бірін үш рет қайырыпты. Алланың құдіретінде шек бар ма, бұйралана бұрымдалып алға озған толқындар лықсып барып, бір сәтке теңселіп тұрыпты, сөйтіпті де кері қарай ағыпты.

Келдіхана емес Кәлләхана

Көңілде көмескі тартқан көне заманда Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) күйеу баласы Әзірет Әлі Сыр бойының осы маңында құжынаған сансыз қоңыздай қаптаған қара қытайдың қалың әскерімен алпыс күн айқасып, қырық күн қидаласыпты. Сонда да сарбазының аздығына қарамай жеңілмепті. Керісінше, күн сайын белгісіз бір тылсымнан қуат алып, қайта өршелене түсіпті. Кәпірлерге қарсы жүргізілген ғазауат соғысы ғаламат жеңістерге ұласа бастапты. Амалы таусылған қалың жау айлаға көшіпті. Себебі, Әзірет Әліге атқан оқ дарымай, шап­қан қылыш өтпепті. Сондықтан, мұсылман арасына жансыз жіберіп, кеу­десіндегі иманы ыдыраған сарбаз іздепті.

Іздегенге сұраған. Құлқынын Құ­дай жолынан жоғары санаған ондай дүниеқоңыз табыла кетіпті. Әдетте, құл­қынының құлына айналып, қара басы үшін ғана дүние жинағандардың ұлты жоқ, Отаны болмайды дейді. Сол рас шығар. Кім құлқынын өзі сияқты құдайым деп таныған болса, сол адам оның ұлтынан, ал қай жерде оған жайлы өмір болса сол жер оның отаны екенін өз ұлтына қайырылып та қарамайтын қазіргі біздің кейбір байшыкештер де көрсетіп жүр. Сонымен, әңгімеге қайта оралсақ, бір қалта асыл тасқа дінін сатқан дегбірсіз, мұсылмандар намазға ұйығанда, бой-басының бәрі босап, бір Алладан өзгені тәрк ететінін айтады.

Бес мезгіл намазын қаза қылмауға жанталасатын мұсылмандар сәждеге бас қойғанда жер бауырлап жақындаған қара қоңыз қалың қол үнсіз әрекетпен лап беріпті. Қысқа қайырылатын таңғы намаздың кезі болса керек. Қарсылықсыз сәждеге маңдай тіреген бастың бәрін шау­ып үлгере алмапты. Сол қиян-кескі кезде Аллатағала сүйген құлының бірі болған Әзірет Әліге нұр түсіріп, қара қоңыздай қаптаған қалың жаудың қоршауынан шығып кетер жол көрсетіпті.

Емшілік қасиет

Келдіханадан кезерген еріні мен бозарып кеткен сүлдері ғана шыққан молда Бүркіт қалың өскен барқыт ажырыққа естен танып құлап түсіпті. Сол кезде аспанда жүзіп жүрген ақ бұлт жерге жақындап, талып жатқан молданы алқап өтіпті. Кейбір ақсақалдар ол тұман еді деп те айтады. Осы ақ шулан бұлт Алланың оған жіберген емшілік қасиетін дарытыпты. Осыдан былай молда Бүркіт емші де болады. Десе де, жасы қырыққа келсе де үйлене алмай жүрген көрінеді. Қанша адамды емдесе де ақысын алмайды екен. Алған күннің өзінде жоқ-жұқанаға демде үлестіретін көрінеді. Тіпті, алыс-жақынға мініп жүретін жалғыз ғана бұтартары болыпты. Оның өзін бір күні түнемелік жұрт ұйқыға жатқанда ұры қолды етіпті. Соңынан қуамыз деп өре түрегелген інілеріне басу айтып, тоқтау жасапты.

Қызықтың көкесі таң атқанда болыпты. Ат кермеге қайта байланған мініс­кердің жанында бір адам отыр дейді. Түнде ғана ұрланған қыл құйрық өз орнында байлауда тұр. Сөйтсе, ат жанында отырған адам ұры екен. Жиналған жұрт алдында тізе жазбай кешірім сұрапты. «Бұған дейінгі әдетім, ауылдан ауыл, елден ел ассам ыңғайы келген жылқыны міне қашып кете беретін едім. Бұл жолы жаман ісім жүзеге аспады. Қаншама алға жүрсем де қайта айналып осында келіп қала беремін. Осы тірлігім үш қайталанған соң Құдайдың тәубеге шақырған шағы осы шығар. Не болса да сырын білейін деп тосып қалдым. Сөйтсем таң атқанда дәретке шыққан молда мені көріп ашу шақырмады, тіпті, қабақ та шытпады.

«Қарақазы»

Емші Бүркіттің жақсы аты шар­тараптың бәріне мәлім болыпты. Арынды Сырдарияның арғы бетін мекендеген елдің ең дәулеттісі саналатын Тиектібай байдың да құлағына емші Бүркіттің жақсы аты жетіпті. Сол кездерде оның Құдайдан тілеп алған жалғыз қызы бел­гісіз дертке шалдығып, қол-аяғы сал бо­лып жатқан екен. Сондықтан, арнайы адам жіберіп, емші Бүркітті қалап ша­қыртыпты. Келген емшіге «Қызымды қатарға қоссаң күйеу балам боласың.  Оған қоса мыңғырған малымнан қанша қаласаң, сонша аласың», деген екен. «Қызыңызға емді бір Алладан сұраймыз. Ал үйлену қызыңыздың қа­лауына байланысты болса, малыңыздан енші бөлу ырқыңызда», деген екен.

Байдың қызы көп ұзамай аурудан толық айығып, бүкіл бай ауылы үлкен қуанышқа бөленіпті. Уәдесінде тұрған бай қызының келісімін алып, емшіге қосыпты. Әр түліктің арасына таяқ лақтырып, бөлініп шыққан малды алдына салыпты. Ол заманда бұйырғаны деп малды осылай бөліп береді екен. Табан астында байып шыға келген емші елге оралып, малдың көп бөлігін жоқ-жұқана мен ағайын-туғанға үлестіріп жіберіпті. Сөйтіп, өзі­нің емшілік қызметімен алаңсыз айналысыпты.

Әйткенмен, бай қызымен отау көте­ріп, перзент сүйгені болмаса жар қы­зығын көрмепті. Жарды жақсы күту былай тұрсын, көрші-қолаң мен ағайын-туғанды ұсақ-түйекке бола қарғап-сілей беретін бейпілауыз, тіліне тыйым жоқ әйел болған деседі. Оның бұл қылық-әдеті емшінің жанын ауыртатын. Ол әр бейсенбі сайын Келдіханаға барып, әруақтармен бетпе-бет тілдесіп қайтады екен. Бір күні «Сенің бейпіл қылығыңнан әруақтармен арамызда перде тұтылатын болды. Бұл әдетіңді қой», депті. Сөзге тоқтамай өршелене берген әйеліне қатты қапаланып: «Атың өшкір!» деп кейіпті. Содан былай азан шақырып қойған аты ауыл адамдарының жадынан өшкен әйелді жұрт Қарақазы деп атап кетіпті.

Нұрнама

Емші Бүркіттен қалып, бізге жеткен «Нұрнама» атты кітап бар. Оны ауыл қариялары өзі жазған дегенді айтатын еді. Ал Ташкенттегі ғалымдарға көрсеткенімізде бір бөлігі машинкамен терілген дегенге тоқтады. Сондай-ақ, кітапты анық ұғу үшін шағатай, парсы, араб тілдерін жетік білу қажет көрінеді. Кітаптың түбірін түпкілікті зерттетіп, зерделеуге осы күнге дейін түрлі кедергілер мен себептер көлденең тұрды. Бұйыртса, алдағы уақытта бұл үмітіміз үкіленіп қалар. Айтпағымыз, емшіден бәрі 26 кітап қалған көрінеді. Оның екеуі емшінің көзі тірісінде шәкірті болған Болат молдаға өз қо­лымен берілген. Ал большевиктер билеген заманда халық емшілеріне және олардағы қасиетті кітаптарға қарсы жүргізілген науқан кезінде өз ұрпағы 24 кітапты Келдіханадағы зираттың бір жеріне көміп, жасырған.

Қазіргі «Нұрнама» деп отыр­ғанымыз Болат молдада қалған екі кітаптың бірі. Ол молданың ұлы Кемелбек молдада сақталған. Ал екіншісін бір заманда шәкірттерінің бірі болған Өтеш молдаға берген. Оны емшілікке көп пайдаланған Өтеш молда емші Бүркіттің ұрпақтарына кітапты қайтарып берем деп жүріп, әбден қартайған шағында кенеттен қайтыс болып, артындағы ұрпағы ешқандай қасиетті кітап жоқ екенін айтып, аманатты қайтарудан бас тартқан. Ал Кемелбек молда да «Нұрнаманы» емшілікке көп пайдаланып, емшінің ұрпақтарына аман жеткізіп берді. Әйткенмен, Кеңес өкіметінің тұсында кі­тапты еден астына жасырып, 50-60 жылдай сақтағандықтан, қанық сиямен жазылған әріптер көмескі тартқан. Оған қоса, парақтар да іри бастаған.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ

Бөлісу: 

Пікір 3

Міндетті*

  1. Гүлжан : Осы емші дегендерге қарсымын мен,дұрыс емес
  2. Нұрқанат: Жақсы мақала екен. Рақмет Ерлан сізге!
  3. Мерей: Аңыз болса да ақиқат. Мықты-мықты