Nukte.kz > Slider > Мақала мазмұны

Жер-Ана неге күрсінді?

1946 жылдың жазы. Америка Құрама Штаттары атом полигонына адам баласы тұруға жарамсыз «Невада» деген шөл даланы (пустыня) таңдап, алғаш рет ядролық қару сынағын жүзеге асырған. Тап сол тұста Мәскеуге жалған ақпарат жеткен сыңайлы. Дегелең, Мыржық аумағы Невада сияқты тұруға жарамсыз иен дала, құла түз деген. Қайдағы?! Сылдырлаған өзен, бұлағы мол, көк кілемдей жайнаған әзәлдән құйқалы жер бұл. Тұтастай шүйгін жайылым болғандықтан таулы аумақтың қойны-қонышы, сай-саласы ауыл-ауылдарға толы еді.

Полигоннан қалған шұңқыр

Полигоннан қалған шұңқыр

1946 жылы Ертіс өңіріне әскерилер алғаш рет табан тіреген, әуелде бейбіт шаруашылық – қала құрылысы, жол салумен әбігер болған. Қағаздағы жоспар 3-4 жылда іске асқан. Естіп-білгенім, алғашында ядролық заряд сыналады (жер бетінде), онан соң ғана сол заряд негізінде самолеттен тастайтын жарылыс күші әртүрлі бомбалар жасалып отырған.

Сонымен, алғашқы атом бомбасы (дұрысы заряд) сыналған уақыт – 1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы жетіде. Әскерилер естелігінше, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақан (столп) үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, онан аспанға көтерілген. Отты шардан жер қабығын ыстық күлге айналдырған сұрапыл қуат шыққан.

Ядролық жарылыстың бейнесі

Ядролық жарылыстың бейнесі

Айтары не, Семей полигонында жиыны 456 ядролық сынақ жасалды. Адамдарға тигізген зардабы, усойқысы жағынан өзге бомбалар бір төбе де, ал 1955 жылғы сутегі бомбасы өз алдына бір төбе болды. Әуелде солдаттар көше-көшені аралап: «Үйде кісі қалмасын, жарылыс кезінде тек сыртта болыңыздар», – деп ескертіп жүретін-ді. Кейініректе зеңбірек гүрс еткендей дене түршігетін зәрлі дауысқа, оған ілесе аспанға көтерілетін қара құбыжық – саңырауқұлаққа «бұл не, пәле?» деп үркетіндер қорқуын, солдаттар келуін қойды.

Алғашқы зардаптар біздің ауылда 1951-1952 жылдан байқалды дейді үлкендер. Аяғын баса алмай қалған, ақсақ-тоқсақ адамдар саны күрт көбейген. Үкімет адамдары беймәлім дертті «бұл малдан жұққан бруцулез ауруы» деп жалтарып, жасыруға бұйрық алыпты.

Әу баста сыналғандар термоядролық бомбалартұғын. Солардың ішіндегі ең қуаттысы 1953 жылдың шілде айына келсе керек-ті. Өйткені, сол жолы Абыралы, Абай аудандары ауылдарының тұрғындары 20 күнге көшіріліп, тек 40 адамның «тәжірибе жасауға» қалдырылғаны мәлім. «Қырықтың бірі мен едім» деген мақаласында абайлық ақсақал Талғат Слямбеков айтады: «Сол күні аспан шайдай ашық еді. Ойымызда ештеме жоқ, сыртта жүргенбіз. Бір уақытта ашық аспанда найзағай жарқ ете қалды. Іле алып саңырауқұлақ көкке көтерілді. Қатты толқыннан деміккендей болдық. …Арада екі сағат өткеннен кейін әскери адамдар тік ұшақпен келіп, бізді машинаға отырғызып, Шыңғыстың ішіне алып кетті. Осы жерде олар бізді есепке алды. Үсті басымызды дозиметрмен тексерді де, әрқайсымызға 200 грамдық стаканға толтырып, арақ берді. …Арада бір жыл өткен соң, әлгі 40 адамның сегізін Семейге алып барып, бір жарым ай бойы тексеруден өткізді. Бізбен сөз арасында «Осының бәрі болашақ үшін» деп қояды. Сонда ғана барып, өзіміздің сынақ аймағында тәжірибе үшін қалдырылғанымызды білдік» («Қазақ әдебиеті» газеті, 22 ақпан 1991 жыл). Осы тәжірибеге қалдырылған адамдардың басым көпшілігі «50 жасқа жетпей полигонның зардабынан көз жұмды» депті Тәкең марқұм.

Ядролық жарылыстан зардап шеккен сәби

Ядролық жарылыстан зардап шеккен сәби

1955 жылдың 22 октябрінде сыналған сутегі бомбасына келейін. Осы күннен адамдардың жаппай қырылуы басталғаны хақ! Себебі, зардабы сұмдық, салдары аса ауыр болды. Сұмдығы мынада: сутегі бомбасы – тірі организмді жоюға арналған бомба. Термоядролық бомбадан ерекшелігі осы арада. Балалар мен жас сәбилер көп шетінеді. Әлі есімде, апа-әжелер беймәлім дертті «қызылша» дейтін. Себебі, баланың ыстығы көтерілетіні сонша, маңдайына қол тигізбейді, терісі қызарып кетеді, екі-үш күннен асырмай ажал құшады.

«1955 жылғы аса қауіпті сутегі бомбасы сынағына жетекшілік жасаған кім?» деген сұрақты қабырғадан қоятын кез келді. Оның жұмбағы да жоқ, жетекшілік жасаған – академик Игорь Курчатов. Полигон басшылығы тізгінін жеке-дара осы адам алған. Бірақ ол халықты сынақ зардабынан қорғауды ойластырды ма, қажетті іс-шараларды атқарды ма?

Ядролық жарылыстан зардап шеккен бала

Ядролық жарылыстан зардап шеккен бала

Сутегі бомбасына оралайық. Ол 1955 жылдың 22 қазанында 1500 метр биіктікте жарылды. Бомбаның қуаты 480 килотонн! Масқара, Семей қаласындағы үйлердің қабырғасы қақырап, терезе шынылары быт-шыт сынды. Оның қуатын осыдан-ақ шамалаңыз. Сутегі бомба сәулесі адам ағзасына, жан иелерін құртуға бағытталады. Айырықша залалды болуы содан.

О, құдірет, қырғын, бірақ жым-жырт өткен соғыс бар ма әлемде? Бар. Ол – Семей жерінде өткен ядролық майдан. Өкініштісі, сол тыныш майданның тактикасы мен стратегиясын әскери шенділер емес, ғалымдар тобы жасады. Қалың елдің ортасына 480 килотонна бомбаны жарғанға кім жауапкер дегенде, әсіресе, Курчатовты ақтап алу қиын-ақ. Апыр-ай, зарядтың жарымын ғана салса ше? Не, сынақ сынақ болмай қала ма? Құдандауи, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп бар пәлені Сталин, Берияға сырғыта салуға 1955 жылы олар өмірде жоқ. Құдайдың көзі әділ, сол жолы бейқам елді жайратқан Курчатовтың өзі де өлімші дозаны алды (1960 жылы дүниеден өтті).
Асан ОМАРОВ, ғалым-журналист

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*