Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Алакөлді аңсау

Бірде бала кезден бірге жасасқан досым Айқынға барсам, бәйбішесі Қатпыш екеуі көңілді шай ішіп отыр екен. Есіме ақын Төлеген Жанғалиевтың бірер шумақ өлеңі түсіп айта жөнелдім:

Қос төсек ортасынан қақ бөлінген,
Бүгінде бір-біріне қас көрінген.
Қара айғырдың қайраnы қайтқан қазір,
Қасқа бие жұлқынса тас тебінген.

Жарты ғасыр жасасқан болып бірге,
Шап-кемпірдің керегі шай үстінде,- деп едім.

Әңгімені досым бастады.

– Иә, дүрыс айтасың, мына кемпір де тас тебініп отыр.

– Саған бекер тиген екенмін, қалтаңдағы ақшаң да азайған, қонышыңдағы шақшаң да азайған. Осы күнге дейін маған шуба әпермедің, ел сияқты Алакөлге де апармадың, – деп қиғылықты салып отыр.

– Мен айтам жаным-ау, екеуміз де жетпістен астық, енді бізге Алакөлге барып-қайту оңай емес, ал, шубаңа қарсылық жоқ деп отырмын.

Мен айттым кредит ал да әпер шубасын, көрсет Алакөлді.

– Әй, мына ақылың дұрыс екен, ойланып көрейін. Шубыны алармыз, бірақ та Алакөлге барарын барармыз, ауа-райы қалай боларын кім білсін,- деп күмілжіді.

Тағы бірде барып, не болды деп сұрақтың астына алдым.

-Я, қызық болды – деді досым.

– Мен, айта бер, – деп кұлағымды тоса бердім. Құлағым нашар естуші еді, жақындау отырдым.

– Өзің білесің мына екеуміздің зейнетақымыз 200 мыңға жетер жетпес қой. Сонда да бір айдың зейнетақысын үнемдеп, келесі айдың ақшасына қосып шуба алсақ алайық деп киім сататын дүкенге бардық. Барсак шубаның не әдемісі баршылық екен.

Біреуін көрейік деп алып сүйікгіме кигізіп:

– Бұл қанша түрады деп сұрадық.

– Жүз мың теңге.

– «Сұмдық қой!» Ал мынау ше?

– «Екі сұмдық», aпa…

Үйге келген соң, ал енді кредит мөлшерін есептейік дедім бикешіме. Кредит 72 жасқа дейін беріледі екен, кеш қалмайық.

– Мен айттым ақыр алған соң киімге де, Алакөлге да баратындай етіп, бес сұмдыкқа бірақ алайық дедім.

Содан не керек «бес сұмдық та» қолға тиді, шуба да алынды, қыс, көктем өтіп жаз да шықты. Алакөлге баратын науқан да басталды.

Киімнен қалған екі сұмдыққа» алатындарды алып дайындала бастадық. Керектілер баршылық болады екен. Шомылуға киетін лыпа, оның үстіне жамылатын желбегей жамылғы, күннен қорғайтын кара көзілдірік, аяққа киетін қымбат тапочка, басқа киетін ши қалпақ, суға жүзетін резеңке зелетке, жаңадан әйелдерге арнаған қол сөмке, ішіне бар жоқты тиын-тебен салатын тағы басқа да керектілер алынды. Салқын болып кетсе, судан шыққан да деп артық сырт киім де алдық, әрине бәрін жаңадан.

Автобусқа отырып баруға сырқаттың не түрі бар болғандықтан такси таңдадық. Әрине, жайлы болсын деп ең қымбат деген шетел жеңіл машинасын жалдап барып қайтқан шығынын, жол ақысын төлеп, Алакөл қайдасың деп тартып отырдық. Жеңіл машинада барлық жағдай бар екен. Іші салқын, кең өте жайлы болды. Үркер жерге, сиыр суға түскен қырык күн шілдеде жағалауда ине шаншар жер болмайды екен.

Айнала суы мөп-мөлдір, көкпеңбек, суы салқын екен. Көл ішінде шоқиып Аралтөбе тұр. Кішірек көрінетін арал жағадан он жеті шақырым, алыс. Алакөлге келушілер мен кетушілерде есеп жоқ.

Жағалауға жақын деген қонақ үйге бағасы зәредей қымбат болғандықтан үш күнге ғана келісіп, сұрағанын бердік. Бірінші күні жан-жаққа қарап таңырқап, бұрын көрмегенбіз ғой, жағалауды көре бастадық. Ол күні суға түсуге батылымыз бармай, аяғымызды суға малып байқап көрдік, суы салқын, күнде салқын болды.

Ертеңіне тағы жиналып, киім кешек, ақша салған қол сөмкені қалдырмай көл жағасына жинап қойдық. Үстіге киетіндерді киіп, ши қалпақ баста, басқа керектілерді пайдаланып суға түсуге айналғанда, түскен дейін көл тұнық еді, бір кезде көл беті абыржи бастады. Сол жақ тау сілемі қара бұлтпен тұтасып көрінбей кетті. Алакөл долданып, жаз дидарында күндей балқыған бейбіт көлде жоқ жерден, алай-дүлей долы жел көтеріліп, толқындар пайда болды, құйын соғып жағалаудағы жатқан киім-кешек, қол сөмкені бастағы ши қалпақгы түгелімен көтеріп, аспанға атып, көл бетіне жалп еткізді.

Өзіміз әрең қашып құтылдық. Такси мен қонақ үйге алдын ала есептесіп қойғанымызға қуанып, аман қалғанымызға да, шүкір деп оралдық үйімізге. Сонымен «Екі сұмдықты» Алакөлге беріп, саяхатты аяқтадық.

Шубамыз жанда қалды, «екі сұмдық» көлде қалды,- деп досым әңгімесін тәмамдады.

Көкенай КӘКІБАЛАНОВ,

Аягөз қаласы

Бөлісу: 

Пікір 1

Міндетті*

  1. : қызықты уақиға