Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Атыраудағы «адам саудасы» алаңдатып тұр

Қазақы қоғамда «жабық тақырып» саналатын бұл мәселені қозғауымызға жақында ғана Атыраудағы қонақ үйлердің бірінде күзетшінің қатысуымен болған оқиға түрткі болды. 43 жастағы ер адам жезөкшелікпен айналысуға орын жасақтады және «жеңгетайлық» жасады деген күдікке ілініп отыр.

«Stop-трафик» жедел-профилактикалық шара кезінде анықталған оқиға бойынша облыстық Ішкі істер департаменті таратқан мәліметке қарағанда, күзетші қонақ үйге тұрақтаған мейманға екі жеңіл жүрісті қыздың «қызметін» ұсынған екен. Күдікті қыздардың бірінен ақша алып жатқан жерінен қолға түсті.

«Күдікке ілінген азамат 1975 жылы туған. Ол қаладағы күзет фирмаларының бірінде қызмет етеді. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық Кодексінің 309-бап, 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды және әкімшілік хаттама толтырылды»,-дейді облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева. Бұл Атырауда биыл тіркеліп отырған бірінші оқиға болғанымен, қоғамды шулатқан жағдайлардың басы деуге де болмайды.

Мәселен, өткен жылдың жазында Атыраудағы Сәтбаев көшесіндегі үйлердің бірінен Е.А. есімді алматылық қолға түсті. Жасы елуді алқымдаған «жеңгетай» бес әйелді қорлықта ұстау арқылы, оңай олжаға кенеліп отырған. Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 19 бен 38 жастағы әйелдерді ұрып-соғу арқылы көрінгеннің төсегіне сүйреп келген ол қомақты қаржы жинап үлгерген. ҚР Қылмыстық Кодексінің жеңгетайлық, қорқыту жолымен қомақты қаражатты иелену, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу баптары бойынша істі болған алматылыққа нақты қандай жаза кесілгенін анықтау мүмкін болмады. Бірақ, сол қылмыстық оқиғаның құрбаны болған бес әйелдің барлығының да әлгі жеңгетайдың үстінен шағымданғаны белгілі. Десе де, жоғарыда келтірілген екі оқиға тән саудасының артында да былайғы жұртқа беймәлім былықтар жатқанын көрсетеді. Біреулер лас жолды өз еркімен таңдаса, енді біреулері ақшаға құныққан қатыгездердің ойламаған жерден жемтігіне айналады.

Сарапшылар адам саудасын бүгінде қару-жарақ, есірткі саудасынан кейінгі «қара нарықтағы» табысты «бизнес» ретінде атап жүр. Американдық USAID халықаралық даму жөніндегі ұйымының Қазақстандағы миссиясы біздің елімізде жыл сайын 7967 адамның жыныстық құлдыққа ұшырайтынын, оның ішінде 6318 қыз-келіншектің мәжбүрлеу жолымен шекара асырылатынын мәлімдеді. Демек, «адам саудасының» құрбанына айналмас үшін де мамандар күдікті жарнама, аяқ астынан миллионер етуді уәде ететін табысы мол «жұмыс» туралы ұсыныстарға алданбауға шақырып отыр. Кей жағдайда «мал бағуға» жұмысқа аламыз деп арбап, арам ойларын іске асыратындар да бар екен.

Қалай десек те, бұл мәселенің екі жағы бар. Қып-қызыл қылмыс – трафик құрбандарының көбеюіне заңның солқылдақтығын себеп қылсақ, бұл жолды өз еркімен таңдап, күнделікті кәсібі ретінде қарайтын қыздардың саны артуы айуанға тән азғындықтың етек алып бара жатқандығын көрсетеді. Олардың жарнамасын түрлі сайттардан ашық көруге де болады. Бір кездері papik.kz деген сайттың ашылып, онда ашық-шашық суреттерін жүктеу арқылы өзіне «демеуші» іздеген қазақ қыздарының арсыз қылығына да қоғам куә болған еді. Аз айтсақ та, көп айтсақ та бәрібір қазақ қоғамы жезөкшелікке қарсы. Осы қарсылықты жақында Жан Ахмедиев есімді рэпер түнгі көбелектерді қамшымен соғу жолымен көрсетпек болды. Бұл әрине, мәселенің шешімі емес. Бірақ, сұраныс жоқ жерде тауар да, қызмет те болмайтынын ескерсек, бәрібір қазақы тәрбие, мұсылмандық туралы сөз қозғауға тура келеді. «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без», «Қызға қырық үйден тыйым» деген мақалдардың күнделікті тәжірибеде жұмыс жасамауы да, жеңіл жүріске жеңіл қарайтын заманның келуіне әкеліп отыр…

Осыдан жеті жыл бұрын еліміздің Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы жезөкшелердің санын ресми түрде жариялады. Құқық қорғау органдарының есебіне алынған жеңіл жүрістілердің саны сол кезде төрт мыңды құраған болатын. Сол мәлімдемеден кейін құзырлы органдар бұл тақырыпқа қайта оралған жоқ. Десе де, бейресми деректер, шет елдерден келетін «гастролерлерді» қоспағанда, Қазақстандағы жезөкшелер санының он мыңнан асатынын айтады. Мұндай жағдайлар азғындық өз алдына, ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдар санының артуына да жол ашып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың бірінші жартысының өзінде Қазақстанда аталмыш инфекциямен тіркелгендердің саны 1430-ды құраған.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*