Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Қажымұқанды жеңген қазақ кім?

Қазақ әдеибетінің классигі Әбілдә Тәжібаев Қажымұқаннан «Сізден күші асқан қазақ болды ма?» деп сұраса керек. Қажымұқанның жауабы: «- Болды. Семейге келгенімде бір бейтаныс жігіт келіп «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем беріп үйге кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де маған қарап: «Қажы аға! Уақытым аз, асығыспын, сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші!» деп түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім.

Пәуескеге отырып, ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді, аралда дастархан жайылып дәмге отырдық. Сонда мені шақырған жігіт себебін түсіндіргені: «-Аға, арманым елдің даңқын көтерген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді.

Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім, мені бір сынап көріңізші. Өйткені, өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін,» дегені. – Қалай күресіп пе? – деп сұрадым. – Ие. Аралда ағаштардың арасындағы тасалау жердегі алаңқайға бардық.

-Жол сіздікі, жасыңыз үлкен, – деп аяғын алшақтау қойып тұра қалды. Әлгіні олай-бұлай итеремін, тартып қалам. Тамыры терең емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғалта алмай-ақ қойдым, қақиған мойыны да иілмей қойды.

– Ал енді өзің көр,-деп кезекті бердім. Сол-ақ екен. Ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүние жүзінің қаншама мықтыларымен күрессем де, еш уақытта мұндай күйге түспеген едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғымен дік еткізіп, қоя ғойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейе тағзым етіп:

-Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін!-деді.

Күші асып тұр, тағы аға деп сыйлап, жықпай тұр. Басын иіп тұр. Ешкімді маңайына жолатпағаны да менің абырой-даңқыма сызат түспесін дегені. Мен қазақ болып туғаныма, үлкен сыйлаған әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.

-Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүние жүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатам, үнемі жаныңда болам. Дүние жүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр менімен бірге!-дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып тұр, бірақ басын шайқайды. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп ағалай береді.

-Аға, жан аға! Дүние жүзінің балуандарын жығып, қазақты әлемге танытып жүрген сіз барсыз ғой! Мен несіне барамын?! Менің жолым басқа болып тұр ғой, – дегенді алға тартады. Бұл дерек 1977 жылы Әбділдә Тәжібаевтың «Жұлдыз» журналының 12 санында «Есімдегілер» деген естелік әнгіме түрінде жарияланды. Бірақ, Әбділдә Тәжібаев нұсқасында: «Мен қисық жолға түскен жанмын, атымды біліп не қыласыз?! деген жолдар бар.

Осы палуанның өмір баянын анықтаған адам жазушы, алаштанушы Сейітмұхамет Тәбәрікұлы. Қажымұқанды женген қазақтың аты- Ыбырай Түсіпұлы (Дисупов). 1898 жылы туып, 1958 жылы 60 жасында қайтыс болған. Ақымбет Керейдің ішіндегі «Қареке» атасынан шыққан. (Ыбырай туралы автор «Тауқымет» атты кітабында толық баяндайды)

Санат НҰРБАЙ

 

Бөлісу: 

Пікір 1

Міндетті*

  1. Жақсылық: Мүмкін емес, ондай күшпен аты шығуы керек еді... Біреудің солай болса ғой деп шығарғаны ғой... Ана аты аталған кісі болған-ақ шығар, ауыл үйдің арасында палуан да шығар. Бірақ Қажымұқандай болу қайда... Атты көтерген,, түйені көтерген, рельсті мойнына салып, 20 адамды алып жүрген... Ондай адам 100 жылда біреу-ақ туады... Елікпеңдер, ағайын