Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Ит жылы қандай жыл? Ит жылы қандай адамдар дүниеге келген?

 

ит

Табалдарықтан енгелі тұрған 2018 — Ит жылы. Қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызады. Тауық жылынан кейін төрге озатын ит жылын  жайлы жылдардың қатарына кіргізген. Тарқатыңқырап айтайық.

Мешін мен тауықтың ауырлығын ит жеңілдетеді

Қазақ ұғымында мешін, тауық жылдары ауыр жылдар болып есептеледі. Бұл жылдары қауіп-қатер, жоқшылық, табиғи апаттар жиі болады. Ал бұл екеуінен кейін келген ит жылы осы ауыртпалықтар жеңілдейді деген түсінік бар. Тарихқа қарап отырсаңыз бұл түсініктің растығына көз жеткізесіз.  1920-1922 жылдар аралығында Кеңес одағында алапат аштық орын алды. Азамат соғысынан кейін және қатарынан екі жыл қыс қарсыз, жаз жауынсыз болды. Қатты құрғақшылықтың салдары ашаршылыққа алып келді.  1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. Ашаршылық қазақ даласын да айналып өткен жоқ. Қызылдардың елді талап-тонауынан Оңтүстік облыстарда болған ашаршылықтан 1,5 миллионға жуық қазақ өлді деген мәлімет бар. Ашаршылық елдің батысы мен солтүстік облыстарын да жайлады. Ит жылынан, яғни 1922 жылдан бастап осы ауыртпалық жеңілдеді. Осыдан 1928-29 жылдарға дейінгі аралықта Қазақстанда тыныштық орнап, жайлы жылдар басталды.

Тағы да сол мешін мен тауыққа тура келген 1932-33 жылдары Қазақстанда тағы ашаршылық болды. 1928 жылдың күзінде ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеудің ақыры, отырықшыландыру, ауыл шаруашылығын коллективтендіру сияқты солақай саясатқа ұласты. Осы зобалаң жылдары 3 миллионға жуық адам қырылды. Көптеген қазақтар шетелге босып кетті. 1933- ит жылынан бастап ел басына түскен ауыртпалықтың беті бері қарапты. Келесі ит жылы 1946 жылға тура келді. Осы жылдан бастап 4 жылға созылған Ұлы отан соғысының ауыртпалықтары жеңілдеп, соғыстың салдарынан ауыр күзеліске ұшыраған экономика қалпына келе бастады. Мешін мен тауыққа тура келген 1968-69 жылдары да құрғақшылық болды.  Жағдай 1970-ит жылынан бастап қалыпқа түсе бастапты. Бұдан кейін келген 1982, 1994, 2006 жылар да ел үшін жайлы жылдар болып есептелді.

Бизнеске бейім келеді

Жұлдызшылардың жорамалына қарағанда, ит жылы туғандар әділдікті жаны сүйеді, өзінің құқығы үшін күресуге бар күшін сарп етеді. Оны байлық көп қызықтыра бермейді. Бірақ қаржы қатты қажет болып бара жатса, оны жерден қазса да табады. Басқаларға мін тағып, сын айтуға бейім. Жасына жас қосыла келе ол мінезі біртіндеп басылады. Бұл жылы дүниеге келгендердің арасында мұғалімдер мен бизнесмендер көптеп кездеседі.

Осыдан 5 ғасыр бұрын белгілі емші ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» кітабында ит жылын «айтақ» деп атап, бұл жылы туғандарды:

-Өсекші, шімірікпес сазбет, арсылдаған сойқаншыл, көкбет, шарнауыл, шалдауыр, шаңқылдап елге, қаңқылдап үйге маза бермейтін, дос-дұшпанын долылығы ұстаса айырмайтын, аямайтын, долылығы ұстамаса жайдары, әйбат әзіл, әдемі қалжыңы бар, әйткенмен, шымбайына тисе кешіру ойына кіріп шықпай беттен алатын, аузынан ақ айтақ шығып, көк айтақ кіріп ойнақ салатын болғыштығы ерекше көз көргілік. Бірақ қастандығы аз, достандығы көп, сырын білмегендер де, білгендер де оңай-оспақ сүйкене алмайтын, батырып жібергендерден өш алмай қоймағыш, ала алмаса өлгенде ойында кеткіш, қасиетін біліп, ардақтағандарға ақпейіл, соның жолында мүрдем кетуге әзіршілдер аудандамақ,-деп суреттепті

Ит өзінің иесіне адал қызмет ететін хайуан. Ол сонымен бірге өте сақ. Алайда «иттерге» тән бір кемшілік-олар өзгелермен тіл табыса бермейді. Себебі ит жылғылар өзінің ойын жақсы жеткізе алмайды. Сондықтан да олар сырт көзге қырсық, тік мінезді болып көрінеді. Ит жылы туғандар тыныштықты жақсы көреді. Олар өзгелерге көмектесуге әзір тұрады, бірақ сатқындықты, өзін алдап кеткендерді кешірмейді.

Жұлдызшылар ит жылында қол қусырып қарап отырмай, еңбек еткендер үшін қаржылық тұрғыдан табысты болады дейді.  Сондай-ақ қарызыңыз болса, Жаңа жылға дейін құтылып және келер жылы қарыз алмауға кеңес береді.

Менмін дейтін мықтылар көп

Ит жылы әлемге әйгілі тұлғалар:  Майкл Джексон, Софи Лорен, Бриджит Бардо, Жака-Ива Кусто, Стивен Кинг, Уинстон Черчилль, Лайза Минелли, Сильвестр Сталон, Ги де Мопассан, Виктор Гюго, Александра Дюм, Эрнест Хемингуэй, Сократ, Юрий Гагарин дүниеге келген.

Қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Кеңес одағының Батырлары Талғат Бигелдинов, Тоғанбай Қауынбаев, күміс көмей әншілер Роза Бағланова, Нұржамал Үсенбаева,  ақын-жазушылар Сафуан Шаймерденов, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Оспанхан Әубәкіров, Қалаубек Тұрсынқұлов, Ерсін Қойбағарұлы, Қасымхан Бегманов, Ғалым Жайлыбай, танымал мәдениеттанушы Әуезхан Қодар, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, экс-мәжілісмендер Уәлихан Бишімбаев, Шалатай Мырзахметов, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, экс-премьер Серік Ахметов, экс-министрлер Серік Баймағанбетов, Нұрлан Қапбаров, вице-премьер Ерболат Досаев, сенатор Әлімжан Құртаев ит жылы туған.

Қазақтың атын әлемге танытқан спортшылар Мәулен Мамыров пен Генадий Головкин, ерекше дауыстағы әнші Димаш Құдайбергенов те ит жылы дүниеге келген екен.

«Ит басына іркіт төгілген»

Жүйрік тазы – жеті қазынаға жатады. Тазы ежелден қазақтың тамағын асырауға да қолғабыс қылып, аң алуға бірге шығып, адамның ажырамас серігі болған.

Дегенмен итке қатысты жаман ырымдар, түсініктер де бар. Иттің асқа, оның ішінде ақ тағамдарға ауыз тигізгенін қазақ жаман ырымға жорыған. Сондықтан киіз үйге ит кіріп кетпес үшін есіктің аузына «ергенек» деп аталатын жіңішке ағаштан жасалған затты қойған. Қазақта «есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз осыдан шыққан. Осыған ұқсас «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мәтел де бар.  Қазақ ұғымында жаңа сойылған малдың етіне  адамнан бұрын ит иіскеп немесе ауыз тиіп қойса,  ет «харам болды» деп есептелген. Иттің қысқа-қысқа, үзіп-үзіп ұлуы жақсылық нышаны. Ал оның мезгілсіз уақытта қасқырша ұзақ ұлуы, қыңсылауы жамандықтың белгісі деп жорылған. «Ит ұлыса өлім-жітім болады,  елге бақытсыздық келеді, ит сияқты ұлып қаламыз» деп қабылданған. Мұндай кезде «қара басыңа көрінсін» деп, ұлығыш итті ұрып, ауылдан қуған. Қазақта: «Ит көкке қарап үрсе, сол үйдің иесіне «көрінеді», үй иесі өледі» деген ұғым бар. Кейде мұндай жағдайда итті өлтіріп, жерге көміп, үстіне жеті кісі қара тас тастап бастырып, түкіріп, «пәле-жала өз басыңмен кетсін» деген. Нәубат жылдары бас сауғалап үдере кешкен замандарда қазақ итке де шама-шарқына қарай жүк артқан. Ел басына күн туғанда, амалы қалмаған немесе тақыр кедейліктен аянышты халге душар болуды «итке қос артқандай» деген бейнелі сөзбен суреттеген. Ал «ит басына іркіт төгілген» деген сөз керісінше, тыныштықты, молшылықты білдіреді.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті, желтоқсан, 2017 ж 

Бөлісу: 

Пікір 4

Міндетті*

  1. : Менің ойымша Ит
  2. кп: Па
  3. кп: Ит кандаи
  4. ол оте жахсы дос: Ит адамнын досы Мен оны жахсы коремын