Nukte.kz > Slider > Мақала мазмұны

Қонаев күзетсіз жүретін

конаев

Дінмұхамед Қонаев кішіпейіл басшы есебінде танылды. Ол ертеменен Коммунистік даңғыл мен Киров көшесінің (бүгінгі Абылайхан даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің) қиылысындағы үш қабатты үйден шығып, ылдидағы Үкімет үйіне қарай жайбарақат жұмысқа бара жататын. Қонаев сол үйде көп жылдар бойы тұрды, тіпті, Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы болған кезінде де, қаланың орталығында үш бөлмелі пәтері бола тұра әлгі үйде тұрды. Ал басқа үйге көшкенде Қонаев пәтерін өзінің кадрлық саясатын қатты сынап жүрген жазушы Әлжаппар Әбішевке сыйға тартып кетті.

Мен де сол кезде Алматының орталығында тұрдым, менің де жұмысқа баратын жолым Коммунистік даңғылдың бойы еді. Анда-санда алдымнан жалғыз келе жатқан ұзын бойлы Қонаевтың сымбатты тұлғасын сыртынан көретінмін. Осыны айтсам, адамдар сенбейді: қалайша ол күзетсіз жүр деп. Расында да күзет қызметінің саны көбейтіліп, кім көрінген жанына күзет қаптатып жатқан уақытта мемлекеттің бірінші адамы жұмысқа жаяу және күзетсіз барады дегенге сену өте қиын.

Министрлер кеңесінің төрағасы болғанда Қонаев академик атағы үшін өзіне төленетін 340 сом шамасындағы ақыдан бас тартқанын білеміз. Бұл ақшаны ол балалар мен жас ғалымдарға көмектесу мақсатында жұмсауға бұйырды. Осындай кішіпейілділік оның туа бітті қасиеті екені көзге көрініп тұрды және жұрттың оған деген сенімін күшейтті. Оның жеке басының байлық-дәулетке қызығушылығы байқалмады. Оның айналасындағы адамдардың арасында оны ұлықтаудан жарыс болған жоқ, есесіне олар оның көшбасшылық беделін қызғыштай қоритын, оның жетістіктеріне қылау түсірмеуге тырысатын.

Мадат Аққозин журналист

kazakh-tv.kz

 

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*