Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Алматыда ақша жасайтын цех анықталды (видео)

Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері 2 000 теңгелік купюраны қолдан жасап келген цехті анықтады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы «2017 жылдың 11 айындағы Экономикалық тергеу қызметінің атқарған жұмысының қорытындысы» туралы баспасөз-конференциясында белгілі болды. Цех «Әйгерім-2» ықшамауданында орналасқан. Онда ноутбуктер, принтерлер, фольгалар және жалған 2000 теңгелік купюралардың үлгілері табылды.

«Тексеріс барысында екі ер адамның жалған купюраларды жасаумен айналысқаны анықталды. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 231-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша («Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу») сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. А4 форматындағы 58 парақ табылды», — деді Алматы қалалық МКД аға тергеушісі Мадияр Палманов. © Алматы қалалық МКД

Сондай-ақ, Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері Алатау аудандық соттың жалған ақша жасаушыларға қатысты үкім шығарғанын айтып өтті. «Л. есімді ер адам 5 жыл 7 ай, ал Х. есімді ер адам шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алматы қалалық МКД өкілдері қала тұрғындарынан азаматтық белсенділік көрсетіп, кез келген заңсыз әрекеттерге бей-жай қарамай, заңсыз кәсіпкерлікке қатысты барлық деректі хабарлап отыруды сұрайды», — деді ведомстводағылар.

 

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*