Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Квест «play and know» – ұтқырлыққа тәрбиелейді

Баланы бүгінгі заман талабына сай бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде ұстаздың болмаса, тәрбиешінің ғана жұмысы аздық етеді. Сондықтан ата-аналар тарапынан қолдаудың болғаны жақсы. Ол сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс өткізілетін түрлі іс –шараларда көрініс берсе тіптен керемет. Осыны ескерген Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиешілері ата-ана, тәрбиеші, оқушылардың басын қосып, квест «Play and know» спорттық –интеллектуалдық ойынын өткізді.

Квест «play and know» - ұтқырлыққа тәрбиелейді

Аталған ойын тәрбиеші –оқушы – ата-ана арасындағы байланысты тереңдетуден бөлек, салауатты өмір салтын ұстануға,  шығармашылық қабілетті дамытуға ықпал етуді көздейді. Одан бөлек  үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді насихаттау, өзге елдің мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарай отырып, үш тұғырлы тілді меңгеру, қазақтың ұлттық ойындарын насихаттауды басты мақсат етіп алған ойынға қатысқан командалар белсенділік танытты.

Квест «play and know» - ұтқырлыққа тәрбиелейді

7-12 сынып оқушыларымен ата-аналары, тәрбиешілерінен жасақталған «Diamond», «Flash», «Апельсины», «Достық»,«Power»командалары  ойынды ұйымдастырушылардың алдын –ала дайындаған түрлі сынақтарынан сүрінбей өтуге тырысты.  Мәселен, ойын шарты бойынша «Көңілді стартқа» қатысқан ойыншылар спорттың бірнеше түрінен жылдамдық пен ептіліктерін тексеріп көрді. Ал екінші кезеңде оқушыларға пазлдарды құрастыруға тапсырма берілді. Әр қатысушының ой ұшқырлығын тексеру үшін түрлі жұмбақтар жасырылып, табылған жауапты үш яғни, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айту міндеттелді. Жиыны 5 минут қана уақыт берілген бұл сында оқушылар өз шеберліктерін паш етті.

Квест «play and know» - ұтқырлыққа тәрбиелейді

Егер жұмбақ баланың ой өрісінің дамуы мен жылдамдыққа тәрбиелесе, кез-келген елдегі мақал –мәтел адамның тілдік қорының кеңеюіне  септігі мол. Спорттық –  интеллектуалдық сайыста мақал –мәтелдің 3 тілдегі баламасын беру ойынның келесі кезеңі болды.Жер –жаһандағы табиғат кереметтері әркезде адамзатты таңғалдырып келеді. Естіп –білген сайын қызығушылығың арта түседі. Әлемнің әр қиырындағы дәл осындай ерекше орындардан әзірленген сауалдарда ойынға қатысушыларды елең еткізбей қоймады. Олар өздеріне қойылған сұрақтарға команда болып ойланып, нақты әрі дұрыс жауаптарын беруге тырысты.Ойынның әр кезеңі қатысушыларға айтарлықтай қиындықтарға толы болды. Бар –жоғы 7 минут қана уақыт берілген логикалық тапсырмалар кезеңінде мектеп шәкірттері кез-келген адам оңайлықпен шеше алмайтын түрлі саланы қамтыған сұрақтарға жауап берді.

 Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

« Play and know» атты квест маған қатты ұнады. Біріншіден, күні бойы сабақ оқып, спортпен шұғылдануға қолы тимейтін оқушыларға, соның ішінде маған керемет жаттығу болды. Екіншіден, әр түрлі сыныптармен аралас топ құрап, достығымызды нығайтып, бір-бірімізге үлкен демеу бердік. Үшіншіден, керемет жағымды эмоциялар алып, оған қоса шулап, секіріп жағымсыз эмоциялардан арылдық. Менің ойымша, болашақта осындай қызықты да сапалы ойын түрлерін көптеп өткізіп, барлық жатахана балаларын қатыстыруымыз керек, -дейді 11 «К» сыныбының оқушысы Назым Ғадылбекова.

Оқушылардың бойына көшбасшылық, ұйымшылдық, еркін пікір алмасу сынды адами қасиеттерді сіңіруді көздеген интеллектуалдық ойында әр команданың жанкүйерлері яғни, көрермендер үшін «Әуенді тап», «Сиқырлы қылқалам», «Ребустарды шешу» сынды сайыстар ұйымдастырылды.

-Ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұйымшыл ұжымның тың идеясына алғысымды айтқым келеді. Дәл осындай сайыс –ойындар ата –ана мен бала арасын, мұғалім мен ата-ана арасын жақындастыруға көп көмектеседі. Ойындағы түрлі кезеңдерде балаларымыз өз білім деңгейлерін тексеріп, ауызбіршілікте әрекет еткендері ерекше қуантты. Берілген логикалық сұрақтарға 3 тілде жауаптар қайтарылды.Ойын өте көңілді өтті. Дәл осындай шаралар біздің есімізде көпке дейін сақталары сөзсіз, – дейді Алтын Жақыпова есімді ата – ана.

Соңында ойынның қорытындысы шығарылып, жүзден жүйрік шыққан «Power» тобы(тәрбиешісі Ж.Бейсембаева)1 –орынды,«Достық» тобы (тәрбиешісі К.Касимова) 2 –орынды,«Flash» тобы (тәрбиешісі А.Дүрмекбаева) 3 –орынды жеңіп алды.

 

Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*