Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

«Оралман» фильмі Германиядан олжамен оралды

66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды, деп хабарлайды Елорда инфо ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кинофестиваль қарашаның 9 — 19 күндері Германияда өтті. Сонынмен бірге, кинофестивальдің ұйымдастырушылары аталған кинотуындыны  неміс елінде прокатқа шығаруына ұсыныс жасады. Ресми сайттың мәліметінше, аталмыш кинотуынды мәдени және діни өзгешеліктеріне қарамастан, өз еліне қайта оралған отбасының драмалық оқиғасы эмоционалды әсерлі баяндалғаны үшін марапатталып отыр

Фильмде ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған  қазақ отбасы туралы баяндалады. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді де балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады.  Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квотаға қол жеткізеді. Сол бойынша барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

оралман

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген режиссері Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі аталған кинофестивальдің негізгі бағдарламасына іріктелініп алынған болатын.  Биыл фестивальдің бас жүлдесіне 22 елден 21 картина таласқа түскен. Мангейм-Гейдельберг кинофестивалінің нәтижесі бойынша, байқаудың «Үздік толықметражды фильмі» атты бас жүлдесі режиссер Вито Пальмиеримнің «Техаста көрісерміз» атты итальяндық картинаға бұйырды.

Ал филиппиндық режиссер Багане Фиол түсірген «Ормандағы серуен» фильмі фестивальдің арнайы жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, «Күзетші» (Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико, Бразилия), «Қасиетті ауа» ( Израиль) және «Мұртаза» (Түркия) атты фильмдер қазылар алқасының құрметті сыйлықтарымен марапатталды. Айта  кету керек, халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалі 1952 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын фестивальге 500 кәсіби маман мен 60 мың көрермен қатысады. Фестиваль шеңберінде режиссерлермен, актерлермен және продюсерлермен кездесулер ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» көркем фильмі осы жылдың басында Иранның астанасы Тегеранда өткен  35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын.  Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*