Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Әлеуметтік желіде абай болыңыз!

әлеуметтік желі

Әлеуметтік желілердің қазір қаны жерге тамбай тұрған заман. Рас, әлеуметтік желілердің өзін мазмұнына, қолданушыларына байланысты бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Мәселен, фейсбук көбіне қоғамдық-саяси бағыттағы контентті қамтыса, инстаграм шоу-бизнес пен кәдімгі жарнама көзі. Тіпті, онда түрлі тауарлар сатуға, түрлі қызмет көрсетуге де болады.

Жақында Instagram желісінде пайда болған бір аккаунтқа полицейлер назар аудара бастаған. Ондағы паблик «Бір сағатқа арналған еркек» деп аталатын көрінеді. Павлодар қаласынан тіркелген пабликтің орысша атауы «Муж на час». Топтың администраторлары бұл пабликте еркектердің жыныстық қызмет көрсетуін насихаттайтын тәрізді. Өйткені, пабликте жалаңаш ерлер мен әйелдердің фотолары бар. Тіпті, «Еркектердің бір сағаттық қызметін ұсынатын Павлодардағы бірден-бір агенттік! Құпия болуға кепілдік береміз!….» дегендей жарнама жасапты. Біз ашық жазғымыз келмегенмен, пабликтің жарнамасында жыныстық қатынас жасау мәселесі де көрсетілген. Қысқасы, жезөкшелік қызмет интернетке де ашық шықты деген сөз. Бұрын газеттер мен интернет сайттарында жезөкшелік көбіне «жұмыс» деген айдармен жүретін. Енді жағдай өзгеріпті.

Айтпақшы, Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, қазір Instagram-дағы бұл пабликті кімдердің құрғанын, топта кімдер бар екенін полицейлер тексеріп жатқан көрінеді. Пабликтің администраторларына жезөкшелікпен айналысатын орталықтар құрғаны жөнінде айып тағылуы бек мүмкін. Мұндай жағдайда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Негізі интернет арқылы қылмыс жасау кең тарағаны жасырын емес. Әлеуметтік желілерді адам бопсалау үшін де пайдаланатындар болады. Өткен жылы фейсбук әлеуметтік желісінің мессенджері арқылы адамдарды алдап, кейін бопсалағаны туралы деректер шыққан. Онда тағы да адамның нәпсіқұмарлығын пайдаланса керек. Сөйтіп, виртуалды жыныстық қатынас ұсынған. Бірақ, кейін фотоларын әлгі сөйлесуші адамның өзін бопсалау үшін пайдаланған. Мұндай тәсілдерді көбіне шетелдерде отырған қылмыскерлер ұйымдастырады. Дегенмен, мұндай қақпанға нәпсіқұмарлар түсіп қалатыны белгілі. Тіпті, биылғы жазда елге танымал бір азаматтың интимдік фотолары интернетке тарап кетті. Өзін дінтанушы ретінде таныстырып жүрген азамат мессенджерлердің бірі арқылы бейтаныс әйелмен сөйлескен, интимдік әңгіме айтқан. Тіпті, жыныс мүшесінің фотоларын да жіберген. Кейін, оны әлгі әйел «дінтанушыны» масқаралау үшін пайдаланды. Біз сөз етіп отырған Instagram-дағы паблик те соған ұқсас дүние. Тек мұнда интимдік қызметті ашық жарнамалап отыр.

Осы тұста ескеретін бір мәселе қоғамның қырағылығына барып тіреледі. Әлеуметтік желілерде мұндай мазмұны бар пабликтер мен аккаунттар байқап қалсаңыз, тиісті құрылымдарға хабарласып қойғанның артықтығы жоқ. Бұл әрі беріден соң азаматтық борыш. Ұрпақты жаман әдеттерден сақтаудың жолы. Ал, құқық қорғау органдарына қоғам көмек жасамаса, олардың әлеуметтік желілердегі барлық аккаунттарды сүзіп отыруға мүмкіндіктері де бола бермейді. Екіншіден, нәпсіге ие болмақ керек. Интернет үлкен мүмкіндіктердің ғана емес, түрлі қылмыстар мен алаяқтықтардың да ордасы. Абай болмақ керек.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*