Келіспесең де, адамгершіліктен аттама!-Nukte.kz
Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Келіспесең де, адамгершіліктен аттама!

Қазақ қоғамында мәселенің анық-қанығын білмей айыптау қалыпты дүние. Әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіретіндер басым. Бірақ, біреуді айыптауға нақты негіздер болуы керек екендігін ұмытып кетеміз. Ал айыптау кейін негізсіз болып шықса, ұтылатын өзіміз. Тек, біздің елде аса ірі мансаптағы шенеуніктер болмаса, қарапайым мамандар іскерлік репутациясына нұсқан келгені үшін сотқа көп жүгінбейді. Әйтпесе, біраз азамат айыпты болып қалуы бек мүмкін еді.

Жақында, Көкшетау қаласының бір тұрғыны дәрігерді айыптағаны үшін 100 мың теңге өтемақы төлеуге мәжбүр болды. Мәселе, тағы да орынсыз айып тағып, әлеуметтік желілерді шуылдатудан басталыпты. Сөйтіп, дәрігер әлгі азаматтың үстінен арыз жазып, сотта жеңіп шықса керек.

Бірде көкшетаулық Марина Ермакова күйеуінің қолы сыздағандықтан оны ертіп, қалалық ауруханаға барыпты. Ал ондағы кезекші дәрігер пациентті ақылы кабинетке жіберген. Сөйтіп, сыздаған саусақтарды аман алып қалған екен. Алайда, Марина Ермакова сол күні әлеуметтік желілердің біріне дәрігер туралы біраз дүние жазып, қатты айып тағыпты. Өз жазбасында Марина дәрігерді ішімдік ішкен деп айыптап, күйеуінің жеңілдік алуға қақысы болғанымен, бәрібір ақылы бөлімге жібергенін, хирургтың біліктілігі төмен екендігін айтыпты. Ал 40 жылдық еңбек өтілі бар хирург бұл айыптауларға күйіп кетсе керек, М.Ермакованы сотқа беріпті. Облыстық денсаулық сақтау департаментіндегі мамандар да дәрігердің сол күні кезекшілікте ішімдік ішпегенін, сау болғанын дәлелдеген. Ал М.Ермакованың күйеуі өзі айтқандай қант диабетімен ауырса да, олар шұғыл жағдайда ауруханаға келмеген, пациенттің дертін амбулаториялық жағдайда немесе ақылы түрде емдеуге болады екен. Облыстық денсаулық сақтау департаментіндегі мамандардың осныдай да қорытындысы бар.

Ал, сотта жеңіп шыққан хирург Болат Біләлов болса кінәлі азаматтың өзін орынсыз айыптағанын айтады. «Ол маған массың деп айып тақты. Жағамнан алды, қол жұмсамақ болды. Өз басым олардан ештеңе сұрағам жоқ. Бұл жерде мәселе емдеудің ақылы түріне алынған ақшада емес, тіпті принципке бағрған менде де емес. Бұл мәселе тұтас дәрігерлердің жеңісі деп білемін. Біздің кәсіпке тас атып, менсінбейтіндер үшін жақсы сабақ болды»,-депті.

Расында да, дәрігерге қаралған соң, оларды айыптау орынсыз. Қызмет көрсетушіні айыптау үшін нақты негіз болуы керек. Әрі келіспейтін тұстарыңызды адамның жеке басына тіл тигізу, балағаттау, қауесет тарату арқылы емес, нақты құжаттар арқылы дәлелдеген абзал. Әйтпесе, тек қана құр сөзбен айыптаудың жөні жоқ. Одан соң тұтынушы ретінде құқық қорғау мәселесінде де заңды білген дұрыс. Рас, тұтынушы құқы бізде қорғалады. Тұтынушының дегені көп жағдайда заңды болады.

«Тұтынушынікі үнемі дұрыс» деген қағида да кездеседі. Бірақ, тұтынушы өзінің айыбын, ескертпесін де сол заң аясында білдіруі тиіс. Әйтпесе, қызмет көрсеткен дәрігерге, баласын оқытқан мұғалімге, ауылды басқарған әкімге көңіліңіз толмай аузыңызға не келсе, соны айтсаңыз, өзіңіз арандап қалуыңыз мүмкін. Өйткені, қауесет тарату, адамның жеке бас қасиеттеріне тіл тигізу, жалған айып тағу немесе жалған куә болу жауапкершілік жүктейтін әрекеттер. Мұны білмек керек.

Айтпақшы, соттың шешімі бойынша М.Ермакова дәрігерге 100 мың теңге төлеп, өз жазғандарын жоққа шығаруы тиіс. Сондай-ақ, Марина Ермаковның белгілі бір уақыт ішінде сотталған адамның іс-әрекетін бақылайтын органдардың рұқсатынсыз тұрғылықты жерін өзгертуіне, қызметі мен оқу орынын ауыстыруына, мейрамхана, дәмхана және бар тәрізді көңіл көтеретін орындарға баруына болмайды. Сот үкімі сондай. Дегенмен, айыпты деп танылған адам жоғары тұрған инстанцияларға шағымданбақ ниетте екен.

Ардагеллі САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*