Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Шинаңызда шеге бар ма?

Азаматтың өз құқын қорғауы, өзгенің құқына  құрметпен қарауы бүгінгі қоғам үшін   маңызды талаптардың бірі  болып отыр.   Онсыз қоғамның құқықтық сауаттылығын қалыптастыру  мүмкін емес. Демек, құқық  бұзушылыққа  төзбеушілікті   қалыптастыру  мәселесінде  әркім өз құқын қорғаумен қатар өзгенің   құқына  қол  сұқпау мәселесін де ескермегі керек.

шина, шипы, дөңгелек

Биылғы күз  Арқа төсінде жылы болды.  Астана мен оның  төңірегінде  қарашаның ортасынан ауғанша  қар түсе қойған жоқ. Тек қырбақ қана  болды. Күннің жылы болуына байланысты   көктайғақ та аз болған-ды. Бірақ,   қарашаның соңғы онкүндігі басталар тұста  ауа-райы суытты да  жолдардағы жағдай күрт өзгерді. Енді  көлік жүргізушілердің абай  болмағы керек еді. Қыс  маусымына сақайдай-сай  болуы тиіс еді. Бірақ, қапы қалғандар аз  болмай  тұр.  Біз мұны неге айтып отыр дейсіздер ғой, жол ережелерін бұзбағанмен  қарашаның  көктайғағында  қапы  қалғандар  өзгенің мүлкіне  зиян келтіріп  жатады. Мәселен,  жақында  Астана қаласында  жаздық доңғалақпен жүрген «Тойота» көлігі 4 машинаның  жолда бір-бірімен соғысып қалуына себепші болған. Қалаға Қорғалжын  тас жолы арқылы кіретін  тұста  көлік жүргізушісі автомобилін  тоқтата алмаған. Көк мұзда сырғанаған көлік, жол жиегіндегі бордюрге соғылып, одан соң  жолдың қарсы жағына шығып кеткен. Соның салдарынан  төрт көлікке зақым келіпті.  Бірнеше адамға медициналық  жәрдем көрсетілген. Бір қарасаңыз, жолдарда кездесіп жататын оқыс  оқиғалардың  біреуі ғана. Алайда,  мұның да құқықтық астары бар. Енді  соған назар аударып көрейік.

Жалпы,  елімізде  жол қозғалысы ережелері ел ішіндегі тәртіппен де,   біз мүшелікке кірген бірқатар  халықаралық ұйымдардың тәртібімен де   реттеледі.  Мәселен,  Қазақстанда  «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының Техникалық регламенті»  деп аталатын құжаттың  күші  жүріп тұр. 2011 қабылданған  бұл құжат қазіргі  Еуразиялық экономикалық   одақ аясында да  қолданылады. Әлгі құжат бойынша  желтоқсан,  қаңтар және  ақпан  айларында  арнайы шегесі жоқ   шиналарды  пайдалануға рұқсат берілмейді.  Ал, керісінше   маусым,  шілде, тамыз айларында  шегелі доңғалақпен  жүрсеңіз айыпты  боласыз.  Бірақ,   күз бен көктем  мезгіліне қатысты заң  нормаларында нақты бір талап  жоқ.

Яғни, наурыз, сәуір және мамыр айларында,  қыркүйек, қазан, қараша  айларында   көлік доңғалағына қойылатын   талаптар нақты емес. Сол мезгілде  көлік  доңғалағының  бүрлері,   стандарттан ауытқымауы сынды қосымша талаптар арқылы ғана  жол полициясы қызметкері  жүргізушіге қандай да бір  уәж айта алады. Шегесі бар доңғалақ немесе жабысқақ шина тәрізді уәждері жүрмейді. Сөйтіп, қысқы немесе жазғы  доңғалақпен жүру мәселесінде  қандай да бір айып таға алмайды. Міне,  заң нормаларындағы осынау «ақтаңдақ» ірі жолдардағы көлік апаттарының алдын алуға кедергі жасап тұрған  сияқты.

Өйткені,  еліміздің солтүстік  аймақтарында  қарашадан бастап  қар да, жаңбыр да жауады. Теріскейде осы мезгілдерде көктайғақ  болуы  қалыпты құбылыс. Демек,  «шегелі»  доңғалақты   қарашадан бастап   пайдалануға  заң нормалары арқылы  мәжбүрлеу қажет шығар. Бәлкім, сонда біз сөз басында айтқандай  жол-көлік оқиғасы  болмас па еді. Ал, қазіргі  нормалар бойынша  жүргізушілер  желтоқсанның басына  дейін  көліктеріне «шегелі»  доңғалақ   орнатпауға құқылы.

Бірақ, дәл осы жағдай құқық саласының  нәзік тұстарын байқатып қалуда. Біз   жаздық  доңғалақпен  ақ қар, көк  мұзда жолға шыққалы  тұрған адамға ескерту жасамаймыз, инспекторлар айып таға алмайды.  Өйткені, заң солай. Ал, көктайғақта стандартқа сай келмейтін доңғалақтың кесірінен  өзгенің көлігіне соқтығысып,  зиян келтірсе айтар уәжіміз  тағы жоқ. Демек,  «өз  құқым» демес бұрын, сол құқықтық шекараның қай жерге дейін баратынын, өзгенің де   құқы бар екенін, оларға зиян келтірмеу де маңызды екенін  ескерген жөн шығар.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*