Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

«Еті -сенікі, сүйегі – менікі» дегенмен…

Қостанай  облысында шәкіртіне  бұрыңғылардың тәсілімен  дәріс  үйретіп,  тәрбие бермек    болған педагогтың ісі  сотта қаралып жатыр. Яғни,  оқушысын ұрғаны үшін  Қарабалық ауданы, Бөрілі  ауылындағы орта  мектеп  директорының  орынбасары  істі  болып отырған жайы бар. Қазір мәселе  Қостанай облыстық кәмелетке толмағандар ісі  бойынша  ауданаралық мамандандырылған сотында қаралып жатыр

мұғалім, бала ұру

@kp.ru

Енді оқиғаның ұзын-ырғасына тоқталайық.  Ақпараттарға қарағанда оқиға 2017 жылдың 23  ақпанында болыпты.  Қостанай  облысы Қарабұлақ  ауданы Бөрілі орта мектебі  директорының орынбасары  Серік Фазылбеков 13 жастағы Григорий Токаревті шапалақпен тартып  жіберген көрінеді. Себебі, жасөспірімдер  мектеп  ішінде  былапыт сөз айтып, тәртіпсіздік жасаса керек.  Оқушылардан кімнің  боғауыз сөз айтқанын  сұраған  мектеп  директорының орынбасарына ешкім жауап бермеген.  Ашуланған педагог  оқушыларды  спорт залға апарып,   жүрелетіп жүргізген көрінеді. Сол сәтте  оқушылардың бірі  былапыт сөз айтқанын мойындағанмен,  мектеп  директорының орынбасары  оған сенбей, өзге  оқушыларды   жіберген де, тек Григорий Токаревті алып қалып,  қол жұмсаған.  Ал,  оқушы болса  үйіне  барған соң,  бетіндегі қызарған-бозарған  жерлерін фотоға  түсіріп алыпты. Ал оқиғаны кейінірек білген  оқушының ата-анасы  жергілікті фельдшерлік-акушерлік  пунктке барып  баласын қаратқан. Дәрігерлер  оқушының денсаулығына аз  мөлшерде босла да зиян  келгені  жөнінде  тұжырымға келіпті. Содан соң Г.Токаревтің  ата-анасы С.Фазылбековтың үстінен  ішкі істер органдарына арыз жазып,  іс ақыры сотқа жетсе керек. Ал мектеп  директорының орынбасары  алғашқы айқай-шудан соң-ақ қызметінен өз еркімен кеткен көрінеді.

Алдымен ауданда қаралған іс, аудан деңгейде  нақты бір  шешімге келмегендіктен, арыз жазушылардың  талаптарының орындалмауынан облыстағы  кәмелетке  толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық  сотқа жетсе керек. Алайда, соттың өзге де инстанцияларындағы тыңдаулар кезіндегідей осы  жолы да бұрыңғы  педагог  өзіне  тағылған айыпты мойындамапты. Бірақ,    таяқ жеген оқушының  ата-анасы мен  қолдаушылары  алған беттерінен  қайтпай отырған көрінеді.  Тіпті,  оқушының ата-анасы Г.Токаревті  психолог Светлана Черниковаға қаратып, оның да  шығарған қортындысын алған екен.

Сот процесіне С.Черникова да қатысқан. Қазір  экс-педагогқа  ҚР Қылмыстық кодексінің 140 бабының, 2 тармағы бойынша айып тағылып отыр. 140 бап «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегiмiндеттердi орындамау»  мәселесіне арналса, оның  2 тармағында «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтiң немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесінің немесе кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге мекеменiң басқа да жұмыскерiнiң кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы» деп көрсетілген. Яғни,  педагог  өз міндетін дұрыс орындамаған һәм  оқушыға  қатыгездік танытқан  болып отыр. Әрине,  сот әлі де жалғасып жатыр, сондықтан  нәтижесінің қандай болатыны  турасында болжау қиын.

Жалпы, бұл оқиға  ел ішіндегі  көптеген құқық  бұзушылықытң бірі ғана. Дегенмен, оқиғаның астарынан бірнеше жағдайды  байқаймыз. Жағымды жағынан қарастырар болсақ,  оқушылар да  өз құқын қорғауды үйрене бастаған. Соған  сәйкес  ата-ана да белсенділік танытып, өз мүдделерін қорғауда. Яғни, бұл жағдай  қоғамда құқықтық сауаттылықтың маңызын түсінген   азаматтар тобының қарасы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Демек,  құқық бұзушылыққа төзбеуді  қалыптастыру  ісінде азды-көпті  нәтиже бар. Бірақ, оқиғаның өзгеше астары да  болуы мүмкін. Ол – әдейі ұйымдастырылған оқиға болуы бек мүмкін. Себебі,  алыс түпкірде жатқан  ауылдағы 13 жасар баланың  өз құқын  жоғары деңгейде білуі күмән  тудырады. Оқиғадан кейін Г.Токаревтің   дереу үйіне  барып,  бетінің қызарған жерін фотоға түсіріп алуы да тым  жоғары деңгейдегі құқықтық сауаттылықтың көрінісі. Екінің бірі мұндай әрекет жасай алмайды. Ал, бұл бала бәрін біліп отыр.  Одан кейін фельдшерлік-акушерлік  пункт  мамандары да  дер кезінде  жәбір көрген адамының денсаулығына зиян келгені  жөнінде  қорытынды  даярлай қойған. «Сол жақ құлағы  зақымданған, гипертензиондық синдром» деген  диагноз қою, баланың басы ауыратынын, басында үнемі бірдеңе шуылдап тұратынын дер кезінде анықтай  қойғаны да  күмәнді. Адамның басына, жүйке жүйесіне келген ақауды компьютерлік  құрылғылардың және арнайы маманданған дәрігерлердің  көмегінсіз анықтау мүмкін емес. Әрине, бұл жерде бас  сүйек сынбаған, бас терісі жыртылмаған.  Педагог шапалақпен ұрғаны  үшін зақым алыпты бала. Ал оны  Қостанай қаласынан 150 шақырым жердегі, 1 мыңнан сәл асатын тұрғыны бар ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт мамандарының анықтап қойғаны таң қалдырады. Кейін психологқа жүгініп, оны да сотқа қатыстырып отырғаны да түрлі ойға жетелейді. Оның үстіне  зардап шегуші жақ  Қылмыстық кодекстің  109 бабы бойынша  қозғалған іске келіспей,  түрлі арыз-шағым  арқылы  айыптауды 140  бапқа ауыстырған. Бұл бап бойныша айыпталған  адам кейін педагогикалық қызметпен айналысу құқынан айырылады. Демек,  оқиға  тек оқушының зәбір көруі емес,  педагогтың ізіне түсіп, қудалауға  ұқсап бара жатқандай.  Күмәніміздің мол болғаны да содан.

Жалпы,  Қазақстанда ұстаз бен  оқушы қарым-қатынастары  күрделі болып тұр. Ұстаз  оқушыға ұрыса алмайды,   жазалай алмайды, себебі оқушының құқы  бұзылады. Ал оқушылар «адам құқы» дегенді алға тартып,  ұстаздардың  дегеніне көнбей кететін  кездер болады.  Тәртіпке бағынғылары келмей қалатындары да бар. Ұстаздарды келемеждеп, мазақ ететіндер де бар.  Соның  салдарынан  мектептердегі тәрбие процесі  жоғары деңгейде  болмай тұр.  Рас,  ұстаз  оқушыға қол көтеруге  тиіс емес. Дегенмен,  ұстаздық да  құқы ескерілуі  қажет. Ерке баланың ата-анасы кейде  педагогтың ізіне түсіп алады. Соның салдарынан  сапалы мамандар білім саласынан кетіп  жататын кездері де бар.  Мәселен, осыдан екі жыл бұрын астаналық ұстаз Аятжан Ахметжанға  бір оқушы өзін  ұрғаны жөнінде айып тағып,  оқушының ата-анасы педагогты мектептен кетуге  мәжбүрлеген.  Абырой болғанда іс, сотқа барған жоқ. Әйтпесе, оқиғаның қалай өрбитіні беймәлім. Ал бұрыңғы  қазақ  баланы медресеге, ұстазға бергенде «еті сенікі, сүйегі менікі» дейтін. Ол заман  білімнің құны тым қымбат, ұстаз бағалы  болған кез еді. Қазір керісінше.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*