Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Адамнан айла артылмай тұр

Қазақстандықтардың  құқық  бұзушылыққа төзбестігі қалай баяу қалыптасып келе жатса, құқықтық  нормалар мен тәртіп бұзудағы  айла-әдістері де,  айып төлеуден жалтарудың тәсілдерін меңгеруі де солай жедел  өзгеріп,  «дамып» келеді. Әсіресе, мұндай  «табыстар»    жол ережесін бұзатын азаматтардың арасында кең тарай бастапты.  Жақында,  жолдағы қозғалыс пен  тәртіпті бақылап тұруға тиіс  камераларды да жаңылыстыратын жаңа  әдіс ойлап тауыпты  жүргізушілер

сергек, камера

@turkystan.kz

Қоғамдық  ережені бұзумен қоймай,  жазадан құтылудың сансыз тәсілдерін ойлап  табу  құқықтық тұрғыда салауатты қоғамның емес,  девиантты  әрекеттер молынан кездесетін   қоғамның белгілері болса керек. Шамасы,   посткеңестік елдер  халқының  санасында мемлекетті «алдап соғу» мәртебе болып саналатын сияқты. Әйтпесе, кәнігі қылмыскерлер  болмаса,  қарапайым адам ережелерді бұзып, құқықтық нормаларды айналып өту үшін  түн ұйқыларын төрт бөліп, ойланып, жаңа әдіс ойлап таппаған  болар еді. Жол полициясы  қызметкерлеріне ақша ұсынып, жазадан құтылып кету мүмкіндігі азайған сайын, қулық та  көбейіп келеді. Жол жиегіндегі жансыз камералар ақша алмайтындықтан  қара  жолда сайран салу қиындай бастаған еді. Сондықтан,  түрлі айла-тәсілдер қарастыратын  болыпты біздің жүргузішілер.

Әу  баста көшелерде  орналасқан,  жылдамдық өлшейтін, арнайы жарқылы бар камерены жаңылыстыру  айласын ойлап таптық біз. Дұрысы біз емес, ресейліктер  жасады оны. Біз көшірдік. Онда  көліктің нөміріне арнайы наножапсырмалар  жапсырады. Ал оныңызды  жылдамдық өлшеу камералары танымай қалады. Фотода көлік бар,  бірақ нөмір көрінбейді.  Бірақ,  бұл тәсіл Астанада орнатылған  «Сергек»  тәрізді заманауи камераларға жүрмей қалған еді. Сөйтсек, оған да қарсы  айла тауып алыпты пысықтар.

Фейсбук  әлеуметтік  желісіндегі  «Дорога по понятиям» тобына  пост жазған қолданушы  Жанна Ахметова жаңа әдіс  туралы ойларымен  бөлісіпті. Онда көлік жүргізушілердің  мемлекеттік   нөмірдің  үстіне  көз қарықтырар жарық орнатып алатынын айтады. Сөйтіп, көшенің шаңын  шығарады. Мұндай жағдайда көліктің нөмірін жансыз камера  түгілі, адам да көре алмай қалады екен. Ал мұндай  айла жасаушыларға қарсы шара  нормативтік  құқықтық актлерде нақты көрсетілмеген. Тек Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық  бұзушылық туралы» Кодексінің 590 бабы  бойынша ғана жауапкершілікке тартуға болады.

Онда да «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» деп аталатын осы баптың бір тармағы арқылы ғана  жауапкершілікке тартылады. Ол – әлгі баптың 7 тармағы ғана  болып отыр. «Әкімшілік құқық  бұзушылық туралы» Кодекстің 590 бабы, 7 тармағында «Тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару –он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады», – делінген.  Алайда,  камераны  алдап соғуды ойлап жүргендер осы бапты да айналып өтудің  жолын қарастыруы  мүмкін. Өйткені,   көлік нөмірінде арнайы жарық шамдарының  болуы заңды. Кез келген  көлікте бар.

Тіпті,  нөмірді  көрсетіп тұратын шамдардың болуы міндетті де. Бірақ,  шамдардың жарығын  нақты қандай шкаламен  өлшеу керектігін білмейміз.  Айлакер  көлік жүргізушілері  әлгі шамдарды қалай ауыстырып жүргені белгісіз. Белгілі бір нәрсе, біздің қоғамда  «заң нормаларын қалай бұзсам һәм ұстатпай кетсем» дейтіндер азаймай тұрған сияқты. Мұндай  «мінездің» пайда  болу себебін білу  қиын. Бірақ, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Заң адам пайдасына жазылады»  депті бір ғасыр бұрын.  Шамасы, біздегі  заңдардың  адам пайдасына жазылуында олқылық бар-ау. Әйтпесе,  заң бұзу жөнінен  мұншама  креатив    болмас едік.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*