Екі тежеуіш: немқұрайлылық пен «тоқылдақ»-Nukte.kz
Nukte.kz > Slider > Мақала мазмұны

Екі тежеуіш: немқұрайлылық пен «тоқылдақ»

Қоғамның құқық  бұзушылыққа төзбеуін қалыптастыру дамыған ел  болмаққа бекінген кез келген  мемлекеттің аңсары  болса керек. Әсіресе,  посткеңестік елдерінде, соның ішінде Ресей,  Қазақстан, Беларусь   сияқты  мемлекеттерде құқықтық салауатты қоғам   қалыптастыру өте-мөте  маңызды  болып тұр. Қазақстанда  мемлекет бұқараның құқықтық сауатының ашылғанын қанша қалағанымен, бізді тежейтін біраз  фактор бар.

немқұрайлылық

КСРО кезінде  ішкі істер органдарының  ел  ішінде   «көз-құлақтары»  болған.  Өткен ғасырдың  басындағы төңкеріс пен ақ-қызылдың  текетіресі кезінде осы «көз-құлақтар»  өз қожайындарына түрлі ақпараттарды  жеткізіп отырды. Кейін бұл тәсіл  ішкі істер органдарында қолданылды. Сотталғандардың арасында ішкі істер  органдарына  ақпар беріп отыратын  адамдар болған.  Әдетте,  сотталғандар  оларды «тоқылдақ»  дейтін. Орысшасы «стукач». Бір қарасаңыз қылмыс әлемініңдегі немесе  ішкі істер  органдарындағы  көпке таныс ұғым ғана  сияқты  болып көрінеді.

Алайда,  посткеңестің   қоғамда  «стукач» ұғымы  түрме аумағынан шығып кетті.  Шамасы,  өз дәуірінде мемлекеттің зорлық-зомбылығынан  әбден  зәрезап болғандықтан шығар, бұқара мемлекеттік органдарға хат-хабар айтатындарды  жақтыра қоймайтын. Оның үстіне  қоғамдық меншіктің иесі халық емес еді. Мал фермасынан  сүт пен  жем-шөп, құрылыс алаңынан цемент ұрлаған біреуді  көрсе  жұрт  оларды айыптамайтын. Өйткені,  ұрланған  зат  мемлекеттікі, жеке адамдікі емес. Мемлекет   мүлкі дегенің іс жүзінде нақты кімдікі екені  белгісіз  дүние еді. Одан бөлек  мемлекет тарапынан  озбырлық  көрмеген отбасы  қоғамда некен-саяқ  болатын. Ал, сотталғандар, әсіресе саяси айыппен сотталғандар  бұқара үшін күрескер  тәрізді  болып көрінетін.  Демек,  мемлекетпен, соның ішінде ішкі істер  органдарымен тізе қоса жұмыс істеу  халықтың көңілінен шықпайтын. Түрмедегі «стукач»  ұғымының  қоғамның қалтарыс-бұлтарысына еніп кетуінің сыры осында жатыр.

Ең өкініштісі,  осы «понятиемен» өмір сүру Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі  26 жыл ішінде біздің санамыздан өшпей  келе жатыр.  Сөйтіп,  құқық  бұзушылыққа  төзбейтін  дағды қалыптастыруға кедергісін жасап-ақ бағуда. Қазір  ілуде біреу  болмаса көп адам  қоғамдағы ұсақ-түйек құқық  бұзушылыққа мән бермейді. Көрсе де, көрмеген сыңай танытады. Тиісті органдармен   байланыста  жұмыс істеуге онша   құштар емес. Өйткені, ішкі істер  және  өзге де құқық  қорғау органдарымен  бірлесе  жұмыс істеуді қоғам  көп жағдайда «стукачтық» деп бағалайды. Әрі  куәгер  болудың да сансыз азабы бар екенін біледі.

Артық дүниемен бас ауыртқанды құп көре қоймайды. Соның салдарынан көшеге қоқыс лақтырған адамға, дөрекілік танытқандарға,  қоғамдық тәртіпті  бұзатындарға халық көп жағдайда «қойсаңшы» демейді. Автобуста  билет бермейтін  кондукторға да,  билет алмайтын жолаушыға да ләм-мим дейтін ешкім жоқ.  Түрлі тәсілмен  пара  сұрайтын жол полициясы қызметкерін де  тиісті орындарға айтатындар сирек. Ал іс жүзінде қоғамның кез келген құқық бұзушылыққа  табанды түрде қарсылық танытқаны жөн еді.  Еуропа мен  өзге де дамыған елдерде  қоғамдық тәртіптің бұзылғаны жөнінде  тиісті органдарға хабарласу «тоқылдақтық»   болып саналмайды. Керісінше,  күллі тұрғындардың  игілігі үшін жасалып жатқан һәм азаматтық борыш болып есептеледі. Мемлекетке жәрдем берудің бір түрі болып саналатыны тағы бар. Бізге де осындай мемлекетшіл түсінікті қалыптастыру керек. Өйткені,  қазақтың тарихындағы зұлмат жылдарға  Қазақ мемлекеті  кінәлі емес. Демек осыны сезіне білмегіміз керек. «Стукач»  ұғымынан арылып,   қоғамдық белсенді  болған дұрыс.

Мәселен, 2015 жылы Ресейдің Татарстан Республикасында «Халықтық  инспектор»  атты  жоба  жасалды. Тәжірибе   ретінде  жасалған жоба аясында 8 ай ішінде 16,4  шағым  түсіпті. Сөйтіп,  бюджетке 15 млн 200 мыңнан астам рубль  түскен. Тұрғындар көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзған сәттерін фото-видеоға түсіріп,  смартфондар арқылы  арнайы орындарға  жіберіп отырған. Онда  машинаны көлік тоқтауға болмайтын жерге қалдыру,  жедел жәрдем  немесе өрт сөндіру қызметі  сияқты арнайы  қызмет көліктеріне  жол бермеу, автобусқа арналған жолақтарға шығып алу тәрізді көптеген  тәртіп бұзушылықтарға татарстандықтар наразылық танытқан.

Біздің  пайымдауымызша,   мұндай  жүйе бізге де қажет. Мәселен, Астанада орнатылған «Сергек»  камералары іске қосылған соң  жол ережесін бұзатындар азайғандай көрінген. Егер әр көліктегі  регистраторда жазылған видеолар  тиісті органдарға түсіп отырса, тәртіп бұзу  тіптен азаяр еді.  Тіпті,  мұндай тәсілді  қоғамдық тәртіптің өзге  бағыттарында да  қолдануға  болады. Заң бойынша көшені ластағандарға   салынатын айыппұл бар. Бірақ, барлық көшені  бақылап  отыруға  мемлекеттің  мүмкіндігі жоқ. Демек, осындайда халықытң көмегі  қажет. «Стукач» болудан сақтанып,  мұндай   игі істерден қашу орынсыз  болар еді. Кеңестік кезеңнен, дәуірден келе жатқан ұғым Қазақстанда  құқықтық салауатты  қоғам құруға кедергісін жасап отыр.

Екіншіден,  қазақ қоғамы тым немқұрайлы.  Басына іс түскен адамға жәрдем жасауға асыққаннан гөрі  бейнетаспаға түсіріп алуды немесе  айқай-шуға мүлдем  араласпауды құп көретіндер басым. Бәріне немқұрайлы қарайды. Тек   өз  басы бәлеге қалмаса болды. Өзгесінде шаруа жоқ. Мысалы,  мына  видео бірнеше  жыл  бұрын түсірілген. Блоггерлер әлеуметтік  тәжірибе жасаған. Нәтижесінде көпшіліктің құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарайтыны  байқалған.

Бәлкім содан да шығар  жемқорлық деректері азаймай тұр. Қоғамда түрлі нормалар мен  ережелер  жиі бұзылып жатады. «Көп асқандар» тым көп,  «бір тосқан»  болуы тиіс халық үнсіз. Тек масс-медиа мен әлеуметтік  желілер шуылдасып жатады, бірақ одан нәтиже  бола қояры неғайбыл. Өйткені, немқұрайлылық   билік жақта да бар. Мысалы,  бір ғана  Мақсат Үсенов деген азаматтың ісін  алайық. Бірнеше мәрте бұзақылық жасады,  көлік апатына  ұшырап, адам өліміне себеп  болды. Бірақ,  лайықты жаза алған жоқ. Бостандықта жүр. Оның сотталмауы тиісті органдардың немқұрайлылығы һәм сыбайластық болуы бек мүмкін.  Демек, мемлекеттік биліктің құлағында отырғандардың ақылға қонымсыз  шешімдері  қоғамның немқұрайлылығын  өршітіп отыр.  Ал,  бұдан ұтатындар тек  сыбайластар ғана.  Олардың заң бұзғанына  бұқара назар аудармайды,  ешкім тиісті органдарға хабарламайды. Арнаулы  органдар да  қоғамдық  резонанс  тудырған оқиғаларды  немқұрайлы тергеп-тексереді. Нәтиже  халықтың  көңілінен шықпайды. Сөйтіп,  тұйық шеңбер қалыптасып алған.  Бұдан кейін   Қазақстан қоғамында құқық  бұзушылыққа төзбестікті  қалыптастырудың қандай қиын жұмыс екенін   аңғара беруге  болады. Құқықтық  тұрғыда салауатты  қоғам қалыптастыруға кедергі келтіріп отырған ең басты екі себеп  осында.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*