Ереже малшыға да қажет-Nukte.kz
Nukte.kz > Slider > Мақала мазмұны

Ереже малшыға да қажет

Бүгінгі таңда қоғамда құқық бұзушылыққа төзбеуді қалыптастыру өзекті  болып отыр. Өйткені,   адам өмірінің   көп  бөлігі түрлі заң-зәкүндермен реттелетін заманда өз құқыңды қорғау, біреудің ақысын жемеу, біреуге ақыңды жегізбеу, құықтар мен  міндеттердің  шегін анықтай ауадай қажет. Онсыз  құқықтық тұрғыда салауатты,   демократия  принциптері орныққан   қоғам  қалыптастыру  мүмкін емес.

Әдетте  Қазақстан  қоғамы  құқықтық нормалар үстем түсетін   қоғам  болып саналмайтыны бар. Бізде, әлі күнге  даланың ережелері жүреді. Адамдар арасындағы қарым-қатынастар да дала заңымен реттеліп отыратыны бар.  Қыз алып қашу оқиғасы болса,  екі жақтың келісімі арқылы, «ұят болады» десіп,  құқық  қорғау органдарына жеткізбей шешу,  заңда  белгіленген  нормалар бұзылса алдымен  «аға-көкеге» жүгіну,  түрлі белгілер мен ережелерге мән бермеу,  өзгенің меншік құқы, демалу құқы, жеке территориясы  болады-ау деген  көзқарастың қалыптаса қоймауы, қысқас бәрі де ел ішіндегі «түсініктер» арқылы  қалыптасқан дағдылар.

Ал,  құқықтық салауатты  қоғамда  жағдай  бұлай өрбімеуі керек.  Иә,  дала заңдарының  адамгершілік-моралдық артықшылықтары бар екені рас. Далалықтар арасында ғасырлар бойы қалыптасқан нормалар әдеп  пен ұяттың,  моральдың  қайнары. Дегенмен, ел ішінде  баршаның  біле жүруі  тиіс, біліп қана қоймай  орындауы  тиіс ережелері бар екендігін  ескермек керек. Солардың қатарында жолдардағы қауіпсіздік мәселесін реттейтін  заң  нормалары да кіреді.

Негізі  жол қауіпсіздігіне қатысты  нормативтік актлер мен ережелерді көбіне  қарапайым халық тек  көлік жүргізушілеріне қатысты  деп қана  ойлайтыны бар. Содан ғой,  белгіленбеген   жерлерден жолдан өтіп жататын азаматтар көп кездеседі  бізде.  Сөйтіп,  мұндай жағдайда өздеріне  айыппұл салынатынын ескермей жатады.  Одан бөлек  жол қауіпсіздігіне қатысты ережелердің темір жол, су  және әуе  көлігіне  қатысты   болатындығын да ескермейміз.

Мәселен, қаладан жырақтағы ауылдарды алайық. Сол ауылдардың төңірегінен  темір жол өтетін болса, оған  қатысты ережелер де бар  деген сөз. Тіпті,  малын жайып жүрген  адамның да жауапкершілігі бар. Бағып жүрген  қойы мен жылқысын  дала кең екен деп, бос жіберетін уақыт емес қазір. Барлық әрекеттің  өз жауапкершілігі бар. Жолдарда  жылқы мен сиырды, түйені автокөліктердің қағып кеткені жайлы  ақпараттарды  жиі естиміз. Тіпті,  пойыздардың да  мал қаққан кездері  болған.  Автокөлік жағдайында  жүргізушінің жылдамдықты асыруы,   жол белгілеріне  назар аудармауы тәрізді жауапкершілік  жүктелуі мүмкін. Бірақ, мал иесі де жауапкершілікке  тартылады.  Өйткені,  малын еркін жіберген немесе арнайы белгілері  жоқ  жерлерден  мал айдаған  болуы ықтимал.

Ал, темір  жол көлігіне келсек,  көбіне мал иесі кінәлі  болады.  Себебі,  темір жол  көлігінің өз кестесі, өзіне  тән жылдамдығы бар. Пойыздардың тоқтауы да қиын. Машинист  жолдағы мал-сұлды көргеннің өзінде дер кезінде  пойызды тоқтата алмайды. Техникалық ерекшелік сондай.  Демек,  қорасындағы жылқысы мен сиырын бос қоя берген, бақылау жасамаған азамат айыпты  болып шығады мұндай  жағдайда. Мәселен, 2016 жылы  Қостанай  облысының соты  бір қойшыдан  «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның пайдасына 350 мың теңге  өндіріп беру жөнінде  шешім шығарды.

Себебі, 2015 жылғы 30 қазанда әлгі қойшы темір жолдан  малын айдап өткен. Соның кесірінен  жүк  пойызы малдарды басып кетіпті. Әрі  пойыз бүлінген деседі. Әрине, алып пойыздың қойға соғылғанынан бүліне қоюы екіталай. Бірақ,  мұндай  жағдайда  пойыздар тоқтайды,  кестеге өзгеріс кіреді, өзге пойыздар жүре алмайды. Салдарынан  жолаушылар жолынан қалып, материалдық һәм моральдық шығын көруі мүмкін. Одан өзге де факторлар жетеді. Демек,  жүк  пойызының  келе жатқанын көре тұра, малын жолдан айдап өтпек болған азаматтың ісі бәрібір ақтап алуға келмейді. Өйткені, әлгі азамат  темір жолға қатысты ережелерді, жауапкершілікті білмей отыр деген сөз.

Тағы бір мысал,  биыл жазда әлеуметтік желілерде  темір жол релісінің үстінде  үйездеп тұрған жылқыларды пойыздың соққаны көрсетілген видео жарияланды.

Оқиға кезінде бірнеше  жылқының өлгені анық. Видеодан  байқағандарыңыздай, локомотив жылқыларды соққан. Бірақ, алыстан арнайы дабыл қағып келгені байқалады. Әрине, бұл жерде ақылсыз жануарлардың еш айбы жоқ. Алайда, олардың иелерінің  кінәсі бар. Жылқы бағу дегенді ұмытқанның салдары. Бұрыңғы қазақтар сияқты жылқыны  өріске  жібергенімен, бақылауда ұстаған. Жаздың өзінде жылқының қайда жүргенін білетін. Кешке  сауынан  босатылған  үйірді таң алдында қайта  жинап алатын. Ол кезде пойызд да, автокөлік те жоқ еді. Ал қазіргі күні жылқыны  тіптен бос жіберуге  болмайды.   Біріншіден,  ұры-қары мен ит-құстың жемі болу қаупі жоғары болса, екіншіден осындай оқыс  оқиғаларға алып келуі мүмкін.  Сондықтан,  мал бақсаң да  түрлі ережелерді білген дұрыс.

Енді жол ережелеріне, соның ішінде  темір жолға қатысты тәртіп бұзған жағдайда қарастырылатын  айып мөлшеріне тоқталайық. Қазақстан республикасы  «Әкімшілік   құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 30 тарауы «Көліктегі, жол  шаруашылығындағы әкімшілік   құқық  бұзушылықтар» деп аталады.  Онда  кодекстің жолға қатысты  біраз баптары қамтылған.  Кодекстің 559-бабы  темір жол  қозғалыс  қауіпсіздігін  қамтамасыз ететін қағидаларды бұзу жағдайларына қатысты. Онда былай делінген:

«1. Темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу – ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Темiржолды, қорғаныштық ағаш екпелерін, қардан қорғайтын қоршауларды және басқа да жол объектiлерiн, сигнал беру және байланыс құрылыстары мен құрылғыларын бүлдiру –

жеке тұлғаларға – бес, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

3. Жүктердi тиеу және түсiру кезiнде белгiленген көлемдердi сақтамау –

жеке тұлғаларға – бес, заңды тұлғаларға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

4. Темiржолдарға поездар қозғалысының бұзылуын туындатуы мүмкін заттар төсеу, тастау немесе қалдыру –

жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

5. Белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту – ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады».

Міне,  осы  ережелерді бұқараның  білгені керек. Мұнда тек заң талаптарын  бұзған жағдайда  төленуі тиіс айыппұлдар айтылған. Одан  бөлек заң талаптарын бұзудың кесірінен апат бола қалса, жүктелетін жауапкершілік тағы бар. Сөз басында айтқанымыздай қойшының ұлттық компанияға материалдық шығын көлемін  төлеуге  мәжбүр болғаны содан. Ол 350 мың  теңгені төлеп қана қоймай, бағып жүрген  біраз малынан да айырылып отыр. Зулап келе жатқан пойыздың алдынан   өту әлгі қойшының  өмірін де қиып кетуі  мүмкін еді. Демек,  жолға қатысты ережелер ең алдымен азаматтың өмірі мен денсаулығы,  одан соң   иелегіндегі мүлкінің  аман болмағы үшін маңызды. Заңнан хабардар болудың, құқықтар мен  міндеттерді ажырата білудің  қажеттілігі осында жатыр. «Мал жайсаң да  заң талаптарын ескеру керек» деуіміздің сыры  осында.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*