Қыз алып қашу – ауыр қылмыс

қыз алып қашу

Фото comode.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 12 бабы  адам құқықтарына  арналған. Аталған баптың 2 тармағында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады»,-делінген. Бірақ,  біздің елде бірқатар азаматтар  өзгелердің  осынау конституциялық құқын  бұзатын тұстары бар. Ол – қыз алып қашу мәселесі. Өйткені,  бұл жабайы әдеттің салдарынан адам өмірі де қиылып жатыр.

Жақында,  ақпарат   құралдары  Атырау  қаласында  бір қыздың қайтыс болғаны  жөнінде  хабарлады. Деректерге  сүйенсек,  ол қызды  төрт ай бұрын  Ақтөбе  қаласынан атыраулық бір жігіт алып қашқан көрінеді.  Марқұмның туыстары  төрт ай  бойы  той күтіп жүріпті. Шамасы,  бастапқыда  көрші-қолаң мен бұқараның  артық-ауыс сөзінен  қаймығып,  қыз алып қашу оқиғасын  ескі салт ретінде бағалағанға ұқсайды. Бәлкім,  марқұмның  маңдайына жазылған жары ретінде  тағдырға мойынсұнған да шығар.

Бірақ, атыраулық жігіт  студент  қызды алып қашқанымен,  той жасай алмаған екен. Енді міне,  төрт айдан соң жігіттің  туыстары  қыздың төркініне  хабар салып, «Ол қайтыс болды,  келіп, сүйегін алып кетіңдер» депті.  Қайтыс болған қыздың  туысы Талғат Әбдірамановтың  сөзіне қарағанда  марқұмның төркіні жақтан  бірнеше азамат дереу Атырауға аттаныпты. Сөйтіп, марқұмның денесін  туған-туыстарына жеткізіпті. «Қарындасымыз бірнеше күн бұрын көз жұмыпты, ал біз нақты не болғанын әлі білмейміз»,-депті  масс-медиа  өкілдеріне  пікір білдірген азамат. Қазіргі кезде  марқұм болған қыздың  туыстары сот-медициналық сараптама  жасатқызуға бел буып отыр екен. Ал  қызды алып қашқан жігіт жағынан ешкім келмепті.  Атырау  облыстық  ІІД  баспасөз  қызметі адам өлімі тіркелгенін,  қазіргі таңда  ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы бойында сот алды тергеу-тексеру жұмыстары басталғанан  хабарлаған. Ал 105 бап «өзін-өзі  өлтіруге дейін жеткізу» мәселелерін қарастырады.

Негізі  соңы қайғылы жағдайда аяқталған  қыз алып қашу деректері аз емес. Мәселен, 2016 жылдың жазында Алматы облысында қыз алып қашқан жігіттердің көлігі жол апатына  ұшырап, төрт адам қаза тапқан  болатын. Қызды алып қашқан жігіт  те, оның   достары да көз жұмған. Тек қыз ғана аман қалыпты. Ол ауыр  жарақат алған еді. Оқиғаға  тіпті  полция қызметкерлерінің қатысы бар екендігі де айтылған. Көлік  жүргізген адам полицей болғандығы жөнінде де ақпарат тараған еді. Бірақ,  Алматы  облыстық ІІД  мамандары бұл деректерді жоққа шығарған. Кейін,  бұл оқиғаға қатысты ақпараттар азайып кетті. Шамасы, екі жақ  бітімге келуі әбден мүмкін.

Қазіргі кезде  Қазақстанда қыз алып қашудың нақты статистикасы жоқ. Өйткені, мұндай оқиғалар көп жағдайда екі жақтың бітімімен аяқталып жатады.  Сол себепті,  қыз алып қашу әлі  азаймай тұр.  Әлеуметтік желілерде өткен жазда  сондай мазмұндағы бірнеше  видео  жарияланған  болатын. Алайда, қоғамның бұл дағдыға тым немқұрайлы қарауын әлі қоймай келеді. Ал іс жүзінде,  қыз алып қашу  Конституцияның 12 бабын бұзу болып саналады. Қызлмыстық кодексте  бұл «адам ұрлау» ретінде  де қарастырылады.  ҚР Қылмыстық  кодексінің 125 бабында адам ұрлау қылмысына берілетін жаза нақты қарастырылған.

Демек,  қыз алып қашушыларға қатысты   жеті жылдан он екі жылға дейін  бас  бостандығынан айыру жазасы бар екенін жұрттың білгені абзал. Әдетте,  қыз алып қашу  оқиғаларына бірнеше адам қатысатындығын ескерсек оларға ҚР Қылмыстық кодексі  125 бапының 2 тармағы,  1 тармақшасына  сәйкес «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адам ұрлау» деген айып тағылуы мүмкін. Бұл дегеніңіз кей жағдайда мүлкі тәркіленіп, кейде  мүлкі тәркіленбестен  жеті жылдан он екі жылға дейін бас  бостандығынан айыратын жазаға алып келеді. Өкініштісі, қазақ қоғамы мұны  түсінбей отыр.

Көп жағдайда  үлкен әжелердің «бізді де алып қашып келген, содан жаман  болған жоқпыз» деп  қыздарды көндіруі немесе  қыздың өзінің, туыстарының  тиісті органдарға  арыз жазбауы  қыз алып қашушылардың жазадан құтылып кетуіне  себепкер болып отыр. Дегенмен, ішінара болса да  қыз алып қашқан азаматтардың сотталып жатқандары бар. Оған нақты дәлел ретінде  өткен жазда Ақтөбе қаласныда  болған сотты атауға  болады. Онда   танымайтын қызды алып қашпақ болған  жігіттер  бірнеше жылған сотталған  болатын.

Әдетте,  қыз алып қашуды  қазақтың   көнеден келе жатқан салты  ретінде  бағалайтындар бар. Алайда,  қыз алып қашу салт та, дәстүр де емес, ел ішінде  ішінара кездесіп қалатын  оғаш қылықтардың бірі ғана.  Рас,  ертеректе  «сүйгенін алып қашқан»  деп мадақтаған тұстарымыз болған. Бірақ, заң үстемдігі сақталып, адамның құқықтары мен бостандықтары   құрметтелетін ел болғымыз келсе,  мұндай жабайы әдеттен  арылмақ керек бізге.  Өйткені, ХХІ  ғасырдың талаптары мен  заңдылықтары мүлдем бөлек.  Бұл заманда  керітартпалықты насихат қылу ақылға сыймайтын дүние.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 1

Міндетті*
  1. Әсет: Менің жеңгемді ағам алып қашып келген. Екеуі бір-бірін бұрын көрмеген. Ол қызды досы көріп айтқан, саған ұнайды, бүгін алып қашпасаң айрыласың деп. Содан досы екеуі барып көрші ауылдан түнде алып қашты. Түрін үйге келгенде бірақ көрді. Нишауа қазір 8 балалары бар және өте бақытты. Ауылда тұрады.