Жеткіншектер арасында қылмыс азаймай тұр

2017  жылдың  он айында  Астанада  кәмелеттік жасқа  толмағандар 146 рет қылмыстық құқық  бұзушылық  жасаған көрінеді.  Бұл деректі  ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика  және арнайы есепке алу жөніндегі  комитетінің басқарма  бастығы  Руслан Әлкенов мәлімдеді.  Бірақ,  кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық  бұзушылықта алдына «қара салмай тұрған»  өңір – Оңтүстік Қазақстан  облысы.

жеткіншектер қылмысы

@today.kz

Бас  прокуратураның  Құқықтық статистика және  арнайы есепке  алу жөніндегі  комитетінің ресми сайтында  құқық  бұзушылық картасы орналастырылған.  Аталған дерек көздеріндегі мәліметтерге  жүгінсек,  кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс ОҚО да  415 рет  тіркелсе, Шығыс Қазақстан облысында 274,  Алматы  облысында 254 рет  тіркеліпті. Балалар мен жеткіншектердің тәртіп-тәрбиесі ең жақсы өңір ретінде  Павлодар облысын атауға  болады.  Кереку  жерінде  жеткіншектердің арасында 52 қылмыс  тіркеліпті. Ал, біздің сөз етіп отырған  Астана топ ортасында екен.  Жұма күні, қарашаның 10 күні ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика  және арнайы есепке алу жөніндегі  комитетінің басқарма  бастығы  Руслан Әлкенов жеткіншектер қарашаның басына дейін 146 қылмыс жасады деп мәлімдеген болса,   13 қарашаға қарай  бұл есеп 152 ге  жетіп үлгеріпті.  Яғни, соңғы екі аптада кәмелеттік жасқа толмаған 6 адам қылмыс жасаған болып отыр.

Егер елорданың қай  бөлігінде  жеткіншектер тәртіп көп бұзады дегенге тоқталсақ, Алматы ауданы көш бастап тұр. Онда  жыл басынан бері жеткіншектер қолымен жасалған 69 қылмыс тіркелсе,  Сарыарқа ауданында 64, Есіл ауданында 18 қылмыс  болыпты.  Демек,  Есіл өзенінің оң жағалауында  қылмыс көбірек жасалатын болса керек. Бұл өз кезегінде  әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейі төмен, бір сөзбен айтқанда кедей-кепшік  көбірек   тұратын аудандар  криминогенді болып келеді деген сөз.  Яғни, жаһандық  үрдістен  өзгеше емес.

Ал, Руслан Әлкеновтың  сөзіне қайта айналып соғар болсақ, Астанада 14-15 жеткіншектер  25,  16-17 жастағылар 121 рет қылмыс жасапты.  Соңғы топтың ішінде 40 оқушы, 46 колледж  оқушысы, 46 жоғары оқу орындарының студенті бар екен. Ал 14 адам еш жерде оқымайтын һәм жұмыс істемейтін  бозбалалар мен бойжеткендер болса керек. Бұл дегеніңіз қылмыс жасаушылардың  әлеуметтік  статустарының да өзгеше екнедігін байқатады. Әдетте,  жұмыссыздар мен оқу оқымайтын жастардың арасында қылмыс көп кездесетіндігі жөнінде стереотип болғанымен, іс  жүзінде  білім  алып жүрген  жасөспірімдер мен  жеткіншектер көп қылмыс жасапты.  Бір атап өтер жайт,  қылмыс  құрамында ұрлық-қарлық пен адам тонаудың  үлесі   мол болған. Ол тіпті былтырғыға қарағанда өсіп кеткен көрінеді. Өткен жылы  Астанада  кәмелеттік жасқа  толмағандар  65 рет адам тонаса,  биыл  ол көрсеткіш 75 ке жетіпті. Демек, құқық  бұзушылыққа  жол бермеу  мәселесінде  біздің қоғам әлі де әлсіздік танытып отыр деген сөз.

Жалпы, кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстық алдын алу мәселесіне әдетте  арнайы  құрылымдарды жауапты қылып жатамыз. Мектептер мен  колледждердегі тәрбие  жұмыстарын, учаскелік  полцейлер, құқық  қорғау органдарының өкілдерінің қызмет сапасын үнемі  сынға аламыз. Алайда,  мәселенің түп-төркініне  үңілуіміз сирек.  Қылмыстың пайда болу себептері, жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында қалыптасқан  құндылықтар,  олардың  өзара қарым-қатынасы, альфа-тұлға болуға деген ұмтылыстары және оның түрлері  толық зерттелмеген.  Өздерінің жазаланбайтындығына сену де жиі кездеседі. Соның салдарынан  жеткіншектердің  қылмыс жасау деңгейі азаймай тұр. Тіпті, 2016 жылы  республикада кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі соңғы бес жылда алғаш рет өскені  байқалған.  Әзірге 2017 жыл аяқтала қойған жоқ, демек биылғы есеп әлі толық емес деген  сөз. Жағдайды жыл соңында толық  білетін боламыз. Сондықтан,  әзірге  бірдеңе деу қиын.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*