Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Жүргізуші, смартфонға үңілме!

 

Соңғы кездері көлік тізігінде отырып смартфондарын шұқылайтындарды жиі байқаймыз. Бағдаршамдарға тоқтаған кезде, жол жиегінде, тіпті кейде жүріп келе жатқан көліктердің өзінде жүргізушілері смартфондарын қарап, бірдеңелер жазып отырады. Әрине, смартфон қолдануға, интернеттің игілігін пайдалануға тыйым жоқ. Бірақ, бұл әрекеттердің қауіпсіздік ережелеріне қайшы келуі мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз. Бәрінен бұрын адам өміріне қауіпті жағдай бұл.

Негізі жол қозғалысы ережелері бойынша көлік жүргізіп келе жатқан адамның телефон немесе рацияларды пайдалануға құқы жоқ, алайда оларды арнайы тыңдау құрылғылары және қатты дауыс шығаратын жүйелер арқылы қолдануға тыйым салынбаған. Сол сияқты, көлік тізгінінде отырып смартфондар қолдануға да шектеу жоқ. Заңдағы осы «қуысты» пайдаланатын жүргізушілер, көлікте отырып смартфондарын қарай береді. Көлк жүргізіп келе жатып, әлеуметтік желілерге пікір жазатындар, бірдеңелер оқып, whatsapp желісі арқылы хат-хабар алмасатындар аз кездеспейді бізде. Бірақ, осы әрекеттердің барлығы адам өміріне қатер төндіруі мүмкін екендігін ешкім назарда ұстамайтын сияқты. Себебі, көлік жүргізу кезінде өзге дүниеге алаңдамау қажет. Аса сақ отырған дұрыс. Өйткені, жол үстінде түрлі қауіп-қатер басым болады.

Алайда, біздің елде көлік тізгінінде смартфон пайдалануға шектеу әзірге салына қоймайтын сияқты. Өйткені, көлік апаттарының нақты қаншасына смартфон пайдалану себеп болғаны жөнінде статистика жоқ. Алайда, әлемдік статистика көлік апаттарының 27 пайызы смартфон пайдаланып отырған жүргізушінің кесірінен болатынын алға тартады. Әрине, бұл жерде заңда көрсетілгендей смартфонды тікелей байланыс құралы ретінде пайдалану емес, ондағы әлеуметтік желілерге үңілу, тікелей эфирге шығу, хат-хабар алмасу деген мәселелер сөз болып отыр. Мәселен, биылғы көктемде Ресейдің Татарстан республикасының Раифа-Кубаш тас жолында 22 жастағы бір қыз көлік апатынан көз жұмған. Әлгі қыз өмірден өтер сәтіне дейін әлеуметтік желілердің бірінде тікелей эфир жүргізіп келе жатқан екен. Сөйтіп, ол жүргізіп келе жатқан көлікті автобус соққанға дейін әлеуметтік желілердегі оқырмандарымен тілдесіп отырыпты. Ал сол көлік апатынан 5 адам зардап шеккен. Оның біреуі 7 жастағы бүлдіршін екен.

Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Демек, отандық жол қозғалысы ережелеріне де смартфон қолдануға байланысты қосымша талаптар енгізген жөн шығар. Оның үстіне смартфондарға үңіліп келе жатып, көліктің астына түскендер де бар. Яғни, гаджеттерге тәуелді болу қоғамдық тәртіпке де кері әсерін тигізіп жатыр деген сөз. Жол жүру ережелері бұзылып та жатыр. Бұл жерде жол қозғалысына қатысты ережелердің сақталуына көлік жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де жауапты екендігін ескеру керек. Смартфонға үңіліп келе жатып, тротуарда қарсы кездескендерді қағып-соғып кететіндер де бар. Олар өзгелерге кедергі жасап қана қоймай, өз

бастарын да қатерге тігеді. Айналасына назар аудармай, өзімен өзі болып келе жатқан адамды көлік қағып кетуі мүмкін, кәріз жүйесінің ашық қалған шұқырларына түсіп кетуі мүмкін, қысқасы қатер аз емес.

АҚШ-тың Zendrive атты зерттеу компаниясының мәліметтеріне қарағанда көлік рулінде келе жатқан адам назарын 2 секундқа басқа дүниеге аударар болса көлік апатына ұшырау ықтималдығы 24 есеге артып кететін көрінеді. Ал жалпы америкалық көлік жүргізушілер көлік тізгінінде келе жатып, бір сағатта 3,5 минут смартфондарына қарайды. Одан бөлек смартфондары бар көлік жүргізушілер әрбір 100 сапардың 88-інде гаджеттерге үңіледі. Әрине, бұл деректер шетелдіктерге ғана қатысты сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, заманауи гаджеттердің Қазақстан нарығына да көптеп енгенін, смартфондарды көлік жүргізушілер де жиі қолданатынын ескерсек, біздің жолдардағы қауіп-қатер де өсіп келе жатыр деген сөз. Табыс үшін такси компанияларына тіркеліп, бірнеше смартфоннан тапсырыс алатын азаматтар да көп. Демек, бұл мәселеге назар аударғанның артықтығы жоқ.

Мәселен, Нидерландыда көлік тізгінінде смартфон пайдалануды «абайсызда ереже бұзумен» тең дәрежедегі құқық бұзушылық ретінде бағалау мәселесі көтеріліп жатыр. Тіпті, кейбір ұйымдар көлік жүргізушінің смартфон пайдалануын «алкоголді ішімдіктер ішіп көлік жүргізу» бабымен тең қылуды алға тартуда. Өйткені, Нидерландыдағы көлік апаттарының 25 пайызына смартфон қолданудың қатысы бар деген дерек бар. Жалпы, соңғы төрт жылда бұл елде жол көлік оқиғалары 27 пайызға өсіпті. Демек, мұндай келеңсіздікке ұрынбас үшін біз де жол ережесін пысықтап алғанымыз жөн шығар.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*