Ақша үшін адамдықтан бас тартуға бола ма?

Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

(Абай Құнанбайұлы)

Заң мен қоғамның егіз ұғым екені бесенеден белгілі. Заң арнайы орта болмаса кімге керек, шынымен де. Сол қоғамымыз күн санап қарыштап дамып келеді. Жаһандық экономика алға басты. Материялдық жағдай жақсарды. Дегенмен, осы ретте келеңсіз көрсеткіштердің қатар артып отырғаны көңілге кірбің ұялатпай қоймайды. Неге десеңіз, осыдан біраз уақыт бұрын, нақтырақ айтсақ қазанның 30 күні нөмірі 51 автобуста (нөмірі есімде жоқ) бір қызық оқиғаға тап болғаным бар. Бұны қоғамнан бөліп жаруға әсте болмайды.

Автобус. Ығы-жығы халық. Жол ақысын жинап жүрген кондуктор ханым. Кенет автобусқа шамасы 3-4 сынып оқитын кішкентай балақай отырды. Жұмысын мінсіз атқарып жүрген кондуктор жаңағы баладан  оқушы екендігін  растайтын  арнайы құжатты талап етті. Ол құжаттың жоқ екенін айтты. Оған көндіккен кондуктор жоқ. Бірден ересек адамдармен бірдей көлемде ақша төлеуін бұйырды. Сасқан мектеп оқушысы қалтасындағы бар тиынын кондуктор ханымның қолына ұстатты.

Меніңше, бұл оқиғада баланың құқығы тапталды, ал кондуктор ханым өз қызметін асыра пайдаланды.

Осы орайда, анықтамасы болмаса да, оқушы екенін көре тұрып ересектермен бірдей ақша төлеуін талап еткен кондуктор ма? Анықтамасыз жүрген баланың өзі ме? Анықтаманы беруді мектеп әкімшілігінен талап етпеген үйдегі ата-ана кінәлі ме? деген заңды сұрақ туады.

Бұл сұрақтың шешімін таппақ болып біраз жерге бас сұқтық.

Қозғалған мәселе бойынша бірінші сұрағымызды Астана қаласындағы нөмірі 40 орта мектептің директоры Ербол Іргебаевқа қойған едік. “Анықтама тек қажеттілікке байланысты беріледі. Бұл жағдайда мектеп басшылығы анықтаманы тек оқушы немесе ата-анасы қажет деп сұрап келген жағдайда ғана табыстай аламыз” дейді ол өз сөзінде.

Ал, бұл сұраққа ата-ана ретінде  ұстаздық қызмет етіп жүрген Астана қаласындағы нөмірі 68 мектеп мұғалімі  Дина Атамбайқызы былай деп тіл қатты.

“Бұл негізінен біздің өзіміздің кінәміз. Заңдық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мектеп басшылығынан баланың оқушы екенін анықтайтын анықтаманы беруін талап етуіміз керек. Қазіргі қаланың тұрмыс тіршілігіне, уақыттың тығыздығына байланысты көп ата-ананың анықтаманы арнайы барып алуға уақыты жоқ” екенін айтады. Иә, расымен де қаланың қайнаған тіршілігінде бала-шағасын асыраймын деп таңның атысы, кештің батысы үйіне шаршап-шалдығып оралатын  ата-ананың мектепке барып ондай анықтаманы талап етуге қайдан шамасы келсін.

Аталған сұрағымызды Астана қаласының нөмері 3 автобус паркінің басшысы Бауыржан Тұяқов мырзаға да қойып көрдік. “ҚР бекітілген заңнамасына сәйкес 7 жасқа дейін тегін, 7 жастан 15 дейін 40 теңге, ал 15 жастан жоғары 90 теңге төлеуге міндетті. Егер кондуктор баланың оқушы екеніне күмәнданған жағдайда анықтаманы талап етуге құқылы. Aл, бірақ, кішкентай бала екенін көре тұрып, ересек адамдармен бірдей ақша төлеуін талап етсе онда кондуктор заңға қайшы әрекет еткен болып есептеледі” дейді.

“Бұл мәселеде бір жақты кінәлі деп тапсақ онда қателескеніміз. Еуропалық көзқараспен қарайық. Кондуктор ханымдікі дұрыс. Өйткені, оларда заңның аты заң. Әр елдің салт-дәстүрі, мәдениеті бөлек. Сондықтанда бұл жерде өзіміздің ішкі құндылықтарымызды ескеруіміз қажет. Енді сұраққа қазақы, адами тұрғыдан қарайық. Мейлі бұл арада ата-ананың кінәсі болсын, десе де кондуктордікі дұрыс емес. Неге десеңіз, бірінші балаға ескерту жасалынуы керек. Екінші кездескенеде бала талапты орындамаса онда өзінің де, үйдегі ата-анасының да кінәсі. Балаға ешқандай да ескерту жасамай ақша талап еткені үшін, кондуктор өздерінің ішкі ережесі бойынша жазалануы керек” дейді заңгер Ибрагимов Жамалладдин мырза.

Қажетті адамдардың пікірін естідік. Ой елегінен өткіздік. Осы орайда айта кететін мынандай мәселе бар. 3-4 сыныптың оқушысы мектеп басшылығынан анықтама беруін талап ете алмауы мүмкін. Сондықтанда ата- ана бала тәрбиесіне, жүріс тұрысына көптеп көңіл бөлуі абзал. Айта кететін тағы да бір жайт біз кез келген салада қызметімізді асыра пайдаланып жататындығымыз бар. Жұмысы майда деген кондукторлар өз ісінен пайда тапқысы кеп тұрғанда өзгелерге не жорық. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп уақытты зая кетірмейік. Ең бастысы әркім өз міндеті мен құқығын жіті білсе болғаны.

Айбек ҚАБДЕШОВ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*