Темір тордан босағандар жұмысқа жарамсыз ба?

сотталғандар

Әдетте теміртордан босап шыққандарды кез келген мекеменің жұмысқа қабылдауға құлықсыздық танытатыны белгілі. Алайда жаза басып жаңылғандар қылмыс әлеміне қайтып оралмас үшін оларға ұдайы қолдау мен психологиялық көмек қажет. Бұл тұрғыда Жұмыспен қамту орталығының қолдауымен «Реабилитациялық технология және концепция» қоғамдық қоры жүйелі жұмыс жүргізеді. Аталмыш қоғамдық қордың ұйымдастыруымен жазасын өтеп шыққандардың жұмыспен қамтылуы және кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау жөнінде дөңгелек үстел өтті,-деп хабарлайды elorda.info.

Жиынға Жұмыспен қамту орталығы мен әлеуметтік сала мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері және кәсіпкерлер, жазасын өтеушілердің ата-аналары қатысты. Жиын барысында бас бостандығынан айырылғандардың темір тордан кейінгі өмірі теперішсіз болуы үшін олардың жұмыссыз қалмауы керектігі, қабілеті барын кәсіпкерлікке бейімдеп, қызығушылығына қарай кейбірін кәсіптік мамандық курстарына қатыстыру қажеттігі туралы айтылды.

Әлбетте, темір тор талайды күйзелтпей қоймайтыны рас. Алайда бостандыққа шыққан соң екі қолға бір күрек таба алмай, тепсе темір үзетін азаматтардың әлеуметтік әлеуеті әлсіреп, кейбірінің келген жағына қайта оралғысы кеп тұратыны тағы бар. — Егер адам белгілі бір іспен айналысып, адал еңбегімен нәпақасын тауып, отбасын асырап жүрсе, оның теріс жүріске түсуге уақыты бола бермейді. Сондықтан жазасын өтеп, бостандыққа шыққан жандардың жұмыспен қамтылуына барынша жағдай жасау керек, — деген «Реабилитациялық технология және концепция» қоғамдық қорының директоры Орынбасар Құлжабаева өздерінің атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен әңгімеледі.

Темір тордан босап шыққан соң тығырыққа тірелген топтың өкілдеріне қол ұшын созатын қоғамдық қор олардың құжатын реттеуге және психологиялық, физикалық, әлеуметтік һәм медициналық көмек көрсету тұрғысында тегін тренингтер өткізіп, жұмыспен қамтуда да қолдау көрсетеді екен. Мәселен, «Реабилитациялық технология және концепция» қоғамдық қорының қолға алуымен 2016 жылы жазасын өтеп шыққан 1203 адамға, биыл 1240 адамға көмек көрсетіліпті. Осы ретте жиынға қатысушылар аталмыш қордың әзірлеген бейне ролигін тамашалады. Бейне роликте бостандыққа шыққан соң өз кәсіптерін бастағысы келетін кейіпкерлер несие алу жағынан көмек сұраса, Михаил есімді азамат қоғамдық қор ұжымына құжатын жасатып бергені үшін алғысын білдірді.

— Мен Ресейдің Челябинск өңірінде туғанмын. Ерте жастан ата-анадан айырылып, жетім қалдық. Ағам екеуміз Қазақстандағы балалар үйінде өстік. Одан кейін түрмеге түстім. Осы уақытқа дейін ешқашан төл құжатым болған емес. Тіпті туу туралы куәлігім де болмаған еді. Енді, міне, «Реабилитациялық технология және концепция» қоғамдық қоры құжатымды жасатып берді. Сол үшін алғысым шексіз, — дейді Михаил ағынан жарыла.

Өз кезегінде сөз алған Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жазасын өтеушілер еңбек ұйымы тобының бас маманы, әділет подполковнигі Гүлмадина Аханова түзеу мекемелерінен босап шыққандардың кәсіпкерлікке тартылуы туралы айтты. Ал ІІД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Әлібек Мұсаев қылмыстың істердің өсуі немен байланысты екені жайлы баяндама жасады. Басқа да жиынға қатысушылар осы тақырыптар тұрғысында ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Шара барысында Орынбасар Молдагелдіқызы осы жүйеде белсенді жұмыс жүргізіп отырған бірқатар құқық қорғау органдарының мамандарын алғыс хатпен марапаттады.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*