Әділдік үстемдік етуі керек-ті…

Қазақтың  әділетке қатысты  ұстанымы биік болған бұрын. Өйткені, қоғамда әділдік болмаса, өзгесінен  қайыр жоқ, ел ішінің берекесі қашады. Қазақтың «Тура  биде  туған жоқ, туғанды  биде иман   жоқ» дейтіні де содан болса керек. Алайда,   бүгінгі күні  бізде «тура  би сирек, туғанды би» мол болып тұр.  Әңгіме соттардың адалдығына  байланысты екенін  көзі қарақты оқырман  сезіп отырған  шығар. Біздің елде  заң бойынша шешім шығарған соттың өзі сотталып,  заңдылықты сақтамаған  сот ақталып кетуі де мүмкін. Ондай жағдай да кездесіп  жатыр.

соттар, сот

@tn.kz

Негізі  Мемлекет  басшысы соттар адал  болсын деп оларға көптеген мүмкіндіктер берген. Жағдайларын жасап-ақ жатыр. Жалақылары да  жоғары, иммунитеттері де бар.  Сөйте тұра жемқорлыққа ұрынатын соттар әлі де кездесіп жатыр. Деректерге қарағанда, 2015 жыл мен  биылғы жылдың алғашқы 6 айына дейін елімізде 4 судья сотталыпты.  Олардың үшеуі 2015 жылы істі болса,  біреуі 2016 жылы құрықталған екен. Бәрі де сыбайлас жемқорылыққа байланысты сотталған. 2015 жылы сотталған  үш судьяның  екеуі алаяқтық бабы  бойынша сотталса,  біреуі  пара алған. 2016 жылы ұсталған судья да пара алған.  Бұлар  әрине  ұсталғандары. Ал,  ұсталмағандары ше? «Ұсталмаған ұры емес…».

Жақында, Алматыда  тағы бір  баспасөз мәслихаты   өтті.  Әдеттегі  көп жиынның бірі емес,  құқық  бұзушылыққа  қатысты басқосу еді. «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық  бюросында» өткен  баспасөз мәслихаты  еліміздегі сот жүйесінің кемшіліктерін ашық көрсетті. Жиналғандар соттардың әділетсіздігіне қатысты пікірлерін білдірген.  Нақтырақ айтар болсақ, біздің елде бір судья  заңсыздықтары үшін ақталады да, тағы бір судья заң аясында әрекет еткені үшін айыпты болады. Енді кеңірек тарқатып көрсек.

Өткен қазан айының 20 күні  Алматы қаласы Алатау  аудандық сотының  бұрыңғы  судьясы Өмірзақ Серімов сотта  ақталып кетті.  Судья  Фаррух Омаров   бұрыңғы әріптесінің  іс-әрекетінде заңсыздық жоқ деп тапқанға ұқсайды. Ал, мемлекеттік айыптаушылар  Ө.Серімовқа 4,5 жыл бас бостандығынан айыру  жазасын  тағайындауды  сұраған еді.  Себебі, Ө.Серімов судья   қызметін атқарып  жүрген кезінде бірнеше мәрте бір-біріне  қайшы келетін шешімдер шығарыпты. Сол шешімдердің зардаптарын тартып  жүргендер әлі бар. Сондай заңсыз шешімдердің бірі 2012 жылы адам өліміне апарып соққан  көрінеді. Ө.Серімов шығарған өзге шешімдерден зардап шегіп жүргендер де аз емес. Біз тек, адам өліміне байланысты эпизодқа  тоқталғанды жөн көрдік.

2009 жылы Ө.Серімов қайтыс болған алматылық тұрғын мен  оның азаматтық некедегі  әйелінің некесін заңдастырып берген. Содан соң әлгі  әйел  марқұмның үйін  өз атына  түсіріп,  Светлана Тұрғанбаев деген азаматқа сатады. Кейін Ө.Серімов  өзішығарған шешімнің күшін өзі жойып,  қайтыс  боғлан адамның туысқанының  пайдасына  тағы бір шешім  шығарады.  Сөйтіп, Светлананы  үйден  күшпен  қуып  шығару процесін бастап берген. Табан ақы, маңдай терімен тапқан  ақшаға алған үйінен  айырылғысы келмеген  С.Тұрғанбаева сот орындаушысы Елтоқовтың қысымына шыдамай өзін-өзі өртеп  жіберіпті.

Тағы бір эпизодта  Ө.Серімов «Верный.kz»  тұрғын үй кешенін салуға тиіс құрылыс  компаниясының   иесі Жанат Ақбиевтің үстінен  қозғалған алаяқтық жөніндегі қылмыстық істі «өзіне сеніп тапсырылған  өзгенің мүлкін  иеленіп алу» деген бапқа өзгерткен.  Сөйтіп,  айыпталушы  қамауға лаынбаған. Соның  салдарынан айыпталушы қолында бар  мүлікті арзанға сатып, шетелге  қашып кетіпті. Сол шешімнің салдарынан  көптеген адамдар баспанасыз қалып отыр. Енді  бір  эпизодта  судья Ө.Серімов өз шешімін өзгертіп, әу баста  біреудің пайдасына шешілген мәселені келер жылы қарсы тарапқы жығып берген. Сәуле Исмағұлова есімді азамат  соттың  өздерінен екі мың доллар сұрағанын айтты. Олар бере алмаған, соның салдарынан судья  бұрыңғы шешімінің күшін жойып, жаңасын  шығарған. Соның салдарынан бастарынан дау арылмай жүр екен.  Қысқасы, істі боғлан бір ғана судьяның түрлі заңсыздықтары белгілі болып отыр. Экс-судьяны  қазір қызметте жүрген әріптесі ақтап жіберіпті. Ал, тағы бір судьяға қатысты істе жағдай басқаша өрбіген. Бірақ, ол эпизодта судьяның әрееті заңды болған деседі  білетіндер.

Алматы қалалық сотының  бұрыңғы  судьясы Күлпаш  Өтемісова 4,5  жылға бас бостандығынан айырылыпты. Себебі,  ресейлік  кәсіпкер Александр Сутягинскийдің ісін  апелляциялық алқада  қараған кезде Өтемісова оған кесілген жазаны  жеңілдетіпті. 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, шартты мерізімге ауыстырған. Ал,  кәсіпкер одан соң Ресейге кетіп қалыпты. Міне, осы әрекеті  үшін  судьяның өзі айыпты болып қалса керек. К.Өтемісова өзі шығарған шешімнің заңды екендігін айтады. Ал алғашқы шешім жоғары жақтан жеткен  «өтініштердің» негізінде жасалғанға шығарылғанға ұқсайды.  Бәлкім  содан да шығар, ақыр соңында К.Өтемісованың  өзі айыпты болып қалған. Міне,  осы оқиғаларыдң өзі  сот ісінде әділдіктің ауылы алыстау жатқанын  көрсетіп отыр.

Дегенмен, Ө.Серімовтың ісіне қатысты  прокуратура  алған беттерінен   қайтпайтын  сияқты.  Олар   шығарылған  шешімге наразылық танытыпты. Себебі, 4,5  жыл бас  бостандығынан айыру жазасын  сұрағандар да солар. Демек, экс-судьяның ісі әлі де қаралуы мүмкін. Бірақ,  бұл жерде ең басты мәселе еліміздегі сот билігінің әділдігіне деген сенім   болып отыр. Соттарға  бұқараның сенімін нығайта алмай жүргенде, көпе-көрнеу  әділетсіз шешімдер шығарылса, халықтың құқық бұзушылыққа  төзбеушілігін  қалыптастыру да  қиын болары анық.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*