Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Жемқорлық жолақыдан басталады

Астаналықтардың 30%-дан астамы қала ішінде автобуспен қатынайды екен. Сол 30% тұрғынның қатарында біз де бармыз. Күнделікті жұмысқа барып-қайтатын 1 сағатқа жуық уақытымыз автобуста өтеді.

Басқа қаланы қайдам Астананың автобустарының сапасына сын айта алмаймыз. Көліктер жаңа, қыста жылы, жазда салқын. Қала көшелерінде автобустарға арнайы жолақ сызылғалы кей жерге таксиден тез жететін болдық.

Ақ пен қара қатар жүретін бұл жалғанның қатал заңына сәйкес қоғамдық көліктегілердің, яғни, жүргізуші мен кондуктордың да кей кездері заңды белшесінен басып, жолаушылардың құқығын аяққа таптап жататын кездері жоқ емес. Оның бір мысалы – билет бермей жол ақысын жинап алу. Барлығы болмаса да кейбіреуі 90 теңгеңді алып, ары қарай жөніне жүре береді. Құдды бір билет беру міндетіне кірмейтіндей, міз бақпайды. Билет неге бермейсің десең, «осы бір жапырақ қағазды не қылайын деп едің?!» дейтіндері де бар. «Бұл тілдей билет тамыздыққа да жарамайды. Автобустан түсе сала қоқыс жәшігіне тастаймыз. Бірақ ол қағаздың да сұрауы бар ғой. Күні бойы автобусқа мінген жолаушы атаулыдан алған ақшаңның есебін сол жыртылған билеттің санынан шығармайсың ба?» деп ұрысқың келеді, әлгі кондукторге. Амал не, ол біледі, кондуктор болмай тұрып-ақ білген. Дей тұрғанмен тексеріс жоқта 3-4 мың теңге «левый» жасап алуға талпынады. Ол қарағымдар тексеру келіп қалса айып төлейтіндерін де біледі. Бірақ адамнан айла артылған ба. Соңғы аялдамаға жақындағанда, тексерушілер жүрмейді-ау деген аудандарда билет бермеу операциясын жүзеге асырады.

Көпшілігіміз билет бермесе қойсын, барар жеріме аман жетсем болды дейміз. Сонымыз бекер. Бір адам, он адам билет сұрамайды, сәйкесінше ақша заңды иесіне жетпей жоқ болады. Миллиондаған қаржыны жеп жатқандар туралы естігенде аузымыз ашылып таңқалғаннан басқа қылар қайранымыз жоқ. Қолынан келгенде қонышынан басып, түйені түгімен жұтатын кландармен күресте күшіміз әлсіз болуы мүмкін, бірақ қолдан келетін жерде қарекет қылуымыз керек. Алдымен билет алыңыз, ақшаңызды артынан бересіз. «Басынан шіритін балықты құйрығынан бастап тазалайды».

Досжан Ысқақ

Бөлісу: 

Пікір 2

Міндетті*

  1. Достай: Кондуктор болып істеп көріңіз. Сонда түсінесіз оның жағдайын. Сырттай жамандағанда не шығады?
  2. Жанұзақ: Мен кондуктор болып көргенмін. Күніне тапқаның нан-шайыңнан арттылмайды. Таңнан 5-те тұрып кетесің, кешке 12-де келесің. Соны да сөз қыласңдар.