Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Білікті дәрігердің атын жамылған компания халықты алдап келген

Оңтүстіктегі білікті дәрігердің атын жамылған компания жалған жарнама жасап, халықты алдап келген. Жоғары дәрежелі хирург Мәди Бигалиев өзінің атын жарнамаланған медициналық препаратқа қатысты мәліметті растамады. Айтуынша, «Газета.кз» сайты оның атын жамылып, буын ауруын емдейтін препаратқа жарнама жасапты. Тіпті сайттағы материалда бұл препаратты науқастарға қолданғанын айтыпты.

Мәди Бегалиевтің өзі медицина саласында жұмыс істеген 35 жылдың ішінде буын ауруын емдемегенін алға тартады. Сондықтан, жалған ақпарат таратып, халықты алдап келген компанияны сотқа беруге бел байлап отыр.

Мәди Бигалиев, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері: «Мен ешқашан ортопед болған емеспін. Медицина саласына келгелі бері ота жасап келемін. Ревматологиялық ауруларды емдемегенмін. Мен ешкімге жарнама жөнінде сұхбат бермегенмін. Сондықтан, айтарым — менің атымнан жарияланған жарнамаға сенбеңіздер. Ал жалған жарнама жасаған компанияны сотқа беремін.»

Бас дәрігердің айтуынша, оның атын жамылып, жалған жарнама жасау бұған дейін де орын алған. Енді елді арбағандардың ісін әшкере қылмақ ниетте. Өйткені, білікті дәрігердің шыдамы таусылыпты.

Айта кетейік, Мәди Бигалиев үлкен жетістіктерге жетіп, нағыз маман ретінде халықаралық деңгейде жұмыс істей алатындарын көрсете білді. Қазақстанда аймақтар арасында алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері бүйрек және бауыр ауыстыру операцияларын сәтті жасады. Нәтижесінде медицина саласында табысты болып, іскерлік байланыстарын арттырды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы рейтингтің қорытындысы бойынша жедел жәрдем ауруханасына ұлттық сертификат пен «Гиппократтың ұлы ізі» медалі берілді.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*