Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Тендер төңірегіндегі түйткілдер…

ТЕНДЕР ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР. БІР ҒАНА ҚАТЫСУШЫНЫ ЖЕҢІМПАЗ ДЕП ТАНУ ҮШІН ЗАҢДЫ БЕЛІНЕН БАСҚАНДАРДЫҢ ӘРЕКЕТІ ӘШКЕРЕ БОЛДЫ. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ КОНКУРСТАРЫ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ БЫЛЫҚ-ШЫЛЫҚТАР ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 10 АЙДА ЖҮРГІЗГЕН БАҚЫЛАУЫНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ БЕЛГІЛІ БОЛЫП ОТЫР.

Мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған органдар бармақ басты, көз қысты әрекеттерге барып, заңсыздыққа жол берген. Нәтижесінде кәсіпкерлердің құқығы шектеліп, бюджет қаражатының игерілмей қалуына әкеп соққан. Негізгі талап бойынша жарияланған лоттарға 5 жыл тәжірибесі бар кәсіпкерлер қатысу керек. Алайда әлеуетті өнім беруші тәжірибесі болмаса да жеңімпаз деп танылған мәліметтер бар. Бір ғана мекемені жеңімпаз деп тану үшін заңды белінен басқан.

 Батырбек Көшербай, ОҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: «Мектепке табиғи газ кіргізу үшін мұнаралы кран қажет деген талап қойған. Көше мен мектептің арасындағы 200 метр жерді дәнекерлеп-ақ бітіресің ғой. Ал мұнаралы кранды құруға бір ай уақыт кетпей пе? Тағы бір мектепке газ кіргізуге 32 тонналық аспалы кран деген талап қойған. Оны мектептің қай жерге құрасыздар? Аспалы кранды орнатуға бір мектепті салуға кететін шығын кетіп қалады ғой?»

Мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаушы яғни, тендердің құлағын ұстап отырғандар заңды бұрмалап, өз мүдделеріне қарай иіп отырған. Конкурс дер уақытында өз тәртібімен өткізілмегендіктен, көптеген кемшіліктер анықталған.

Асылбек Мұратов, ОҚО бойынша мемлекеттік сатып алу аудиттік бөлімінің басшысы: «Төрт бағыт бойынша 912 млрд теңге қамтылып, 83,9 млрд теңгеге 3385 лот бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Яғни, өткізілген конкурстарға шаққанда орын алған заң бұзушылықтар 6 пайызды құрап отыр.»

Бүгінде Сайрам ауданындағы құрылыс бөлімінің есеп-шоттары жабық тұр. Төрт айдан бері. Конкурс ұйымдастырылған кезде кемшілік анықталып, соны жою жөнінде хабарлама берілген. Алайда ол кемшілік жоймаған. Бір қызығы, Сайрам ауданында жарияланған конкурстардың барлығына «А строй проект» серіктестігі ғана қатысып, 15 конкурста да жеңімпаз деп танылған. Соның 10 конкурсы дұрыс өткізілмеген деп бұзылған. Алайда олар сотқа берген. Бірақ ұтылған, апелляциялық шағым беріп, одан да ұтылған. Енді жоғары сотқа жүгінбек екен… Осы секілді кем-кетікті талқылауға жиналғандарға заң жүзінде жұмыс істеу жүктелді.

Гүлжан Көшерова

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*