Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Тазалықты сақтамаған маңғыстаулық пойыздарға айыппұл салынды

Жолаушылар пойыздары мен вагон мейрамханаларында тазалықтың талапқа сай болуы – бірінші кезектегі міндет.

Үстіміздегі жылдың 9 айында Маңғыстау бөлімшелік көліктегі денсаулық сақтау басқармасы тексеру нәтижесінде олардан 9 бұзушылық тауып,  204 мың 210 теңге айыппұл салып, мекеме басшыларына халықтың санитарлық эпидемииологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде 4  нұсқама берген.

Өткен жылы тексеріс қорытындысында 14 бұзушылық анықталып, санитарлық-микробиологиялық зеттеу нәтижесінде 8 жолаушылар вагонының су сынамасы талаптарға сай келмегендіктен жұмысын тоқтату туралы 4 қаулы шығарылған екен. Алайда осы бойынша сотқа берілген талап арыз санитарлық нұсқама орындалғандықтан қараусыз қалдырылған. Ал биылғы жыл ондай деректер төмендеген. Бірақ жоспардан тыс тексерістер артқан. Былтыр 9 айда 6 тексеріс болса, ағымдағы жылы үш тоқсанда 17 тексеріс болған.

Оның ішінде санитарлық ұйғарымның орындалысы бойынша теміржолға қарасты мекемелерге — 12, теміржолшылар арасында жұқпалы ауру тіркелуіне байланысты — 3, Маңғыстау көлік прокуратурасының талаптары бойынша Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты мекемелерге тексеріс жүргізіліп, көлік прокуратурасының ұсынымы бойынша 2 айыппұл белгіленген. Өткен жылы жеке  және заңды  тұлғалардан  12 арыз түссе, осы жылғы атаулы мерзімде Маңғыстау бөлімшесіне қарасты мекемелерге қатысты 5  арыз болған.

Маңғыстау бөлімшелік көліктегі денсаулық сақтау  басқармасының басшысы Ақзия Темірқасованың айтуынша, мекеме  «EXPO-2017» көрмесіне жолаушылар пойызымен балалар ұжымдарын тасымалдауда да қажетті іс-шараларды ұйымдастырып, вагондар тазалығы мен тағамдарға, балалардың денсаулығына мониторинг жасап отырған. Сонымен қатар мекеменің өз міндетіне сай теміржол мекемелері, пойыз бригадалары, жолаушылар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізіп, 9 айда 3 семинар-кеңес, 55 әңгімелесу, 4 лекция ұйымдастырған. Мақсат – әрине, санитарлық сауаттылыққа  үндеу.

Шахида ЖҰМАН

Көрнекі сурет kstnews.kz

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*