Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Ұрыларды ұстап бергендерге 1 миллион теңге сыйақы бермек

Астана маңындағы ауылдар барымтадан сорлап отыр. Мал ұрысы күз түскелі тіпті еркінсіп алған. Ал тәртіп сақшыларынан күдер үзген шаруалар, түн ұйықтамай дала кезіп жүр. Алда соғым маусымы қызатын шақ. Сондықтан, ауылдағы ағайын екі аяқты жыртқыш тынбай жортуылға шығады деп қорқынышпен қысты күтіп отыр. Ұрыны тоқтатқанға тіпті миллион теңге сыйақы беруге де бар.

Астанадан 25 шақырым жердегі Тайтөбе ауылы тұрғындарының түн ұйқысы қашқан. Күз келіп, мал күйленгелі маңайды ұрылар торуылдап жүр. Азат Құрманбаев ата кәсіпті он жылдан бері қолға алған. Маңдай термен өсірген 20 бас малы бір түнде жоқ болыпты.

Жылқысын ұрыдан торып, түн ұзақ дала кезетін жігіт көрген-білгенін полицейлерге жазып беріпті. Бірақ нәтиже жоқ. Шаруаның шығыны 6 млн теңгеден асады. Он ту биені қайта өсіру үшін кемі 5-6 жыл керек. Жылқы жоғалып, шағым берілген күннен бастап бір апта уақыт өтті, бірақ ешқандай жаңалық жоқ, -дейді  Тайтөбе ауылының тұрғыны Азат Құрманбаев. Ендігі жерде шаруа мына үйінің жанында тұрған сауынды елу бас бие үшін алаңдаулы. Ұрылар үйге түсуден де тайынбайтын сынды. Осыдан екі ай бұрын Азаттың көршісінің жылқысын көше бойынша атып алып, етін талап әкеткен.

Полиция іс бітірмеген соң, ауылдықтар ұрының басына болмаса да, ол туралы ақпаратқа миллион теңге тігіп отыр.

-Көрген, естіген адамдар бар шығар. Егер ұры жайлы ақпарат берсе, Мен өзім бір бие беремін, көршіммен сөйлескем, ол да бір бие беремін деді. Енді мына ұрлықты тоқтату керек, – дейді Азат Құрманбаев,

Ұрлықтың өршіп тұрғанын әкімдер де біледі. Прокурор, полицейлермен күш біріктіріп, барымташыларды күн-түн аңдуға шыққан. Алайда бір көлікке өңгерілген қарауыл қора-қораны араламай, ауыл сыртында ұрларды аңдып қана тұрады дейді тайтөбеліктер.

Жиырма сақшының жұмысын бес инспектор шамасы келгенше сүйреп жүр. Елу мың халықтың тыныштығы мен қора-қора малдың бүтіндігіне жауапты полицейлердің журналистермен тілдесуге уақыты да, зауқы да жоқ. Іздеп жатырмыз деп шығарып салды.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*