Жат қылықтармен құндылықтар арқылы күрескен жөн

Ауылда туып өскен, сонда отбасын құрған адамдардың қайда жүрсе де ауыл туралы сағынышты әңгімелері таусылмайтыны рас. Еш уақытта таусыла да қоймас. «Ауылым – алтын бесігім» дегендей, қазақ ауылдарының оң тәрбие берудегі орыны, адамды бала кезден асыл адамгершілік қасиеттермен әлдилеп, адал, әділ, мейрімді етіп қалыптастырудағы ерекшелігі ештеңемен өлшенбейді ғой

жат қылықтар

Бүгінгі әңгіме өзегі де, ең алдымен, ауылдың әрқайсымыз көп айтатын, бірақ іс жүзінде қолдана қоймайтын баға жетпес артықшылықтары туралы болып отыр. Әрине, қала мен ауылды салыстыру орынсыз шығар. Жайнаған қалада бәрі бар. Небір  байлар да осы қалада тұрады. Бірақ, біле білсеңіз, қалада адамдардың бір-біріне деген сенімі жоқ секілді көрінеді. Ия, адамдар бір-біріне сенбейді. Сенбейтінін билік те растайды. Әрине, сенімсіздіктен айырылуына биліктің еш қатысы жоқ екендігі белгілі, оған адамдардың өзі кінәлі. Басқан қадамдарың қадағалап отырмасаңыз, кейбіреулер түрлі теріс әрекеттерге баруы мүмкін дейді. Міне, соның нақты айғағы көшеде, ғимараттарда, кабинеттерде, бөлмелерде орналасқан бейне камералар мен жасырын үн жазу құралдары қаптап жатыр. Көлікте болсаңыз да, жаяу жүрсеңіз де әр қимыл әрекетіңіз жазылып жатқаны.

Қазір көше бойындағы, қиылыстардағы ілініп тұрған «Сергек» секілді бейне жазу құрылғыларының қырағылығын жүргізушілер ауыздан тастамайды. Соңы технологияның жетістігі ретінде ол, әрине, керемет. Қия басқаныңызды әп-сәтте көріп қояды. Жақсы ғой. Бірақ оның жақсылығы адамдардың тасада тұрғанда, жүргенде небір теріс қылықтарға баратындығын дәлелдейтіндігінде болып тұр. Ешкім көріп тұрмаса, қалада жүрген адам ойына келгенін істеуі мүмкін екен. Ал адам оны неге істейді, о жағы ешкімді ойландырмайды. Солай болуы керек секілді. Сондықтан оған қарсы амал-айла, түрлі шаралар ғана қолдану керек дейді. Бірақ бұрын мұндай үрдістер жаппай орын алған жоқ қой. Мәселен, «Бұрын ауылдарда үйдің есігіне құлып салынбайтын. Ішінен ілінбейтін» деген тәрізді әңгімелерді қазіргі жастар да естіген шығар. Әйтсе де көпшілігі сенбейді. Себебі, қазақ ауылдарында ондай өмірдің болғанын көрген жоқ. Мысалы, менің тұрғыластарым адамдары бір-біріне аса сеніммен қарайтын ауылдарда тәрбиеленгені анық десем артық айтқандық болмас. Есікке құлып деген салынбайтын. Аулалар зәулім дуалдармен қоршалмайтын. Онда көлік те, велосипед те, құрал-сайман да, ыдыс-аяқ та, әйтеуір, не керектің бәрі ашық тұратын. Себебі ондағы адамдар бір-біріне риясыз сену түгел, оларда біреу біреудің дүниесін сұрамай ұрлап кетеді деген ұғым болмайтын.

Ал енді қазір ұрлап кетеді, тонап кетеді, көшеде, қоғамдық орындарда заң бұзады деген ұғымның асқынғаны соншама, әр адамның жүріс-тұрысы бақылануы тиіс. Әйтпесе, қоғамдық тәртіпті орната алмайсыз. Ал осындай жағдайда мұндай амалмен, іс-шаралармен адамды жақсылыққа тәрбиелеу мүмкін бе? Әрине, жоқ дейді сарапшылар. Өйткені бұл арада қайсыбір адамдардың тәртібі дұрысталмайды, керісінше олар менің ісімді біреу көріп қояды, біліп қояды деген қорғану шараларын ғана бойына, санасына қосымша қалыптастырады екен. Сондықтан оларда «бұлай істеу қоғамға, адамгершілігіме жат іс-ау» деген тәрбие негізі қалыптаспайды. Демек, одан әрі заң бұзудың жолдарын іздеу жалғасады. Сөйтіп қоғамға өте қауіпті рецидивистер саны арту қаупі туындамақ.

Десек те бұл тығырықтан шығудың жолы бар. Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында айтқандай, ауылды қайта түлету қажет. Біз, қазақ халқы, қанымызға сіңген адамгершілік қасиеттерімізден еш уақытта ажырамаймыз. Тек ол қасиеттерді тұрмыстық түйткілдермен тұмшалап тастағанымыз жанға батады. Бұл тұмшалаған қара пердені ауылдың адамды тәрбиелеудегі мәдениетін, ұлттық өнегесін өркендету арқылы сыпырып  тастау оңай. Сонда Елбасы айтқандай: «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады». Сөйтіп ұлттық құндылықтарымыз арқылы жоғарыда айтылған бойымызға жат қылықтарға төтеп бере аламыз. Осылайша ауылдық тәрбиенің негізінде «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын» да түсінеміз.

Александр ТАСБОЛАТ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бөлісу: 

Пікір 1

Міндетті*
  1. Сәкә: Қазір ауылда да жағдай басқа. Ұрлау, тонау онда да көбейе бастады.