Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Көкшетауда жерленген жігіттің сүйегі қайта қазып алынды

Бұл қадамға құзырлы органдардан әділдік таппағандықтан барып отырмыз, дейді ата-ана. Мүрдеге енді алматылық тәуелсіз мамандар сараптама жасамақ. Қара жамылған отбасы мұндай қадамға әділдік орнату үшін барғандарын айтып отыр. Өйткені, ұлдары –Александрдың өліміне кінәлілер бостандықта жүр, дейді олар. Құқық қорғау органдары бір жыл бойы тергеу жүргізгенімен, бұл іске әлі күнге дейін нүкте қойылмаған. 21 жасында қыршын кеткен Александр Сиухиннің әке-шешесі шындыққа көз жеткізбей қоймаймыз деп отыр, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Өткен жылы күзде жерлеген ұлдарын қара жерден қайта қазып алу ата-анаға оңайға түскен жоқ. Бірақ, бұл қадамға құзырлы органдардан әділдік  таппағандықтан барып отырмыз дейді Сиухиндер. Олар жүргізілген тергеуге күмәнмен қарайды. Енді сот-медициналық сараптаманы қайта жасату үшін моланы қаздыруға мәжбүр болды. Айта кетерлігі, бұл жерде тәртіп сақшылары аздап қобалжыған сияқты.

Оқиға былтыр қыркүйек айында болған. Александар бес жігітпен бірге солардың бірінің пәтерінде көңіл көтеріпті. Бейнебақылау камерасы  олар жиналған үйдің подьезіне орналасқан екен. Қыздар да болыпты. 2 күнге ұласқан көңілді отырыстың соңы Александр Сиухиннің өлімімен аяқталған. Сот-медициналық сараптама жас жігіт мас болып құлап, қылқынып қалды, яғни бұл жазатайым жағдай деген қорытынды шығарған. Бірақ баламыздың өлімі кісі қолынан болды дейді ата-ана.

«Сашамен бірге болған жігіттердің бәрінің есімдері  белгілі. Бірақ оларды 72 сағатқа да қамаған жоқ. Олар іске куәгер ретінде тартылған. Қалай сонда, сараптамада айтып тұр ғой буындырған деп.Ол құласа да,өз өзінен буынып қалмайды ғой. Мен істің ақ-қарасын анықтамайынша тоқтамаймын. Әйтпесе, бір өлген баламды екі рет жерлеу маған оңай ма?», — дейді  марқұмның анасы Светлана Сиухина.

Бұл қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Александрдың достарының оған куә ретінде тартылғанын полициядағылар растады. Мәйітке сараптама жасаған маманнан да жауап алынды дейді олар. Ал марқұмның өз-өзінен буынып қалғанына толық дәлел бар екен.

«Сот-медициналық сараптама көрсеткеніндей, оның мойнынан қан кеткен, тіл асты сүйегі сынған. Құлаған кезде қатты соғылыпты. Сөйтіп, буынып қалған. Сондай-ақ, химия-токсикологиялық  сараптама да оның және достарының мас болғанын дәлелдеді», — дейді Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Жергілікті сарапшылардың сараптама қорытындысына күмәнмен қараған Сиухиндер Алматыдан арнайы тәуелсіз сарапшылар шақыртқан. Мәйітті қазып алып, қажетті материалды алған мамандар өз зертханаларында тексереді. Сараптама  дайын болу үшін әлі бір ай уақыт керек. Ал марқұмның денесі кешікпей жер қойнына қайта тапсырылды.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*