Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Астана іргесінде жатқан Жібек жолы ауылындағы шу неден шықты?

ауыл

Астанадан таяқ тастам жерде жатқан Жібек жолы ауылының 4 және 6-шы шағын аудандары осынау 21 ғасырда жарықсыз, жолсыз қалып отыр. Қоғамдық көлік қатынасы мүлдем жоқ. Енді бұған қоса ауылдың жанынан ақылы жол терминалы салынып, ауыл тұрғындарының қалаға баратын жолы да жабылмақ. Сөйтіп тұрғындар қалаға бару үшін терісіне қарай ары-бері 30 шақырымдай артық жол жүріп, қайтадан терминал арқылы өтуі керек. Ауыл қыс бойы қар құрсауында қалып, тұрғындар өз күшімен жол тазалайды. Аталған мәселе бойынша  Елорда инфо  тілшісі ауылға арнайы барып, істің мән-жайымен танысып қайтты. 

Ауылды «аты жоқ ауыл» деп атаса да болады

Елордадан 15 шақырымдай жерде Қарағанды тас жолының бойында орналасқан Жібек жолы ауылы Аршалы ауданына қарайды. Соңғы жылдары халық саны қарқынды артқан ауыл іргесінен жаңа 4-ші және 6-шы шағынаудандар бой көтеріп үлгерген. Бүгінде 500 шамасында жеке тұрғын үйлер салынған. Жоғарыда айтылған барлық мәселе осы шағынаудандарға қатысты болып отыр.

«Біздерге мекенжай туралы анықтама бергенде «Жібек жолы» ауылы деп береді. Біздер о баста тұрғын үй салатын жер учаскелерді жеке адамдардан сатып алғанбыз. Үй құжаттарымыз бар. Бірақ бұл ауылды «аты жоқ ауыл» деп атасаңыздар да болады. Себебі, жергілікті атқарушы билік үшін біздің ауыл «жоқ» сияқты. Біздермен ісі жоқ. Мәселелерімізді шешіп жатқан ешқайсысы жоқ», — деп ренішін жеткізді 4-ші шағынауданның тұрғыны Бақытжан Сапарғалиев.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл шағынаудандарда үйлер 2009 жылдан бастап салына бастаған. Әсіресе соңғы 3 жылда баспаналар өте көп салыныпты. Бұрын бұл жерлерде тек бақша өнімдері егілген.

Электр жүйесінің жайы қалай болмақ

Ауыл Астананың іргесінде орналасқанмен алайда  электр жарығына жарымай отыр. Айтуларынша, жақында 4-ші шағынауданнның бірқатар үйлерінің электр тоғын Ақмола электр тарату желісі компаниясы  (АРЭК) ескертусіз айырып тастапты. Себебі, электр желісін тарататын трансформатор жеке адамға тиесілі екен. Енді ол адам жақында қайтыс болып, оның кәсібі қараусыз қалған көрінеді. Жарықсыз қалған тұрғындар электр жарығын қосуды талап етіп, ауыл түбіндегі  Республикалық маңызы бар тас жолды жапқан. Сонда ғана жергілікті билік өкілдері электр жарығын қайта қосыпты. Бірақ мәселе толық шешілмеген күйі тұр.

«Біз токты жеке адамнан алатынбыз. Басында  ол адамға біз ақшаның құны бар кезде столбы мен желі үшін әр үй 100 мың теңгеден төлеген болатынбыз. Одан бері электр тоғының бір киловаты үшін ай сайын 28 теңгеден теңгеден үзбей төлеп келдік. Жақында ол дүниеден қайтты да арада көп өтпей осындай мәселе шығып отыр. Оған дейін бізде анау айтқандай проблема болған емес еді. Ол кезде де трансформатор әлсіз болғандықтан жоғары кернеулі тоқты көтере алмай айырылып қалып жататын. Алайда олар токты тез арада қосып беретін еді. Енді бұдан былай жағдайымыз қалай болады. Әсіресе қыс айларында қиын болғалы тұр. Себебі үйлерімізде кішкентай балалар мен зейнеткерлер бар. Электр тоғынсыз су мен жылу да болмайды. Енді электр жүйесін алған жаңа қожайындармен келісім қалай болады, оны да нақты білмейміз », — деген Дидар Танабаева алда болатын қыс айындағы борандарға қатты алаңдайтынын айтты.

Ауылдың тағы бір басты проблемасы – ауылға қоғамдық көліктің қатынамайтындығы 

«Ауыл арасында дұрыс жол болмағандықтан аурып қалсақ не жазда не қыста да бұл жерге жедел жәрдем келмейді. Ал қоғамдық көлік тіптен жүрмейді. Жібек жолы ауылының орталығына дейін біраз жер. Медициналық орталық та сол жақта. Көбімізде көлік болмаған соң балаларымызбен сонау жердегі автобус аялдамасына жаяулатып барамыз.  Қыстың күнгі борандар мен қатты аяздарда тіптен қиын. Ал жеңіл көліктер жауынды күндері балшықтан жүре алмай у-шу болып жатамыз. Қалаға тиіп тұрсақ та біз үшін өркениеттің ауылы алыс болып тұр», — деген тұрғындар тиіп тұрған қаланың өзіне әупіріммен зорға жететінін айтты.

Ауылда ауыз су жүйесі тартылмаған

Ол да тұрғындарды алаңдатқан мәселенің бірі болып тұр.

 

«Құдықты өздеріміз қазып алып, суды содан ішіп отырмыз. Тіптен біздің не ішіп жатқанымызды СЭС-тен де келіп тексермейді», — деп Жанат Жұртыбаева ауыз су мәселесінің де шешілмегенін айтты..

Іргедегі Қарағанды тасжолының жөндеу жұмысының аяқталғаны да үлкен мәселеге айналды

Ауылдың жанынан ақылы жол терминалы салынып ауыл тұрғындарының қалаға баратын жолы жабылмақ. Себебі тұрғындар Астанаға бару үшін қалаға тіке бұрыла алмай, айналып терісіне кетеді де қайтадан кері жүріп 30 шақырымдай артық жол жүрулеріне тура келеді. Онда да ақылы жол үшін терминал арқылы өтуі керек.

«Көлігімізбен қалаға баратын болсақ, Республикалық маңызы бар Қарағанды тас жолына шығып терісіне қарай 15 шақырымдай жол жүреміз де кері тағы сондай артық жол жүріп барып, қалаға тартамыз. Себебі ауылдан автобан жолына шыққанда қалаға бұрылатын тұсын жауып тастаған. Үлкен жолды үлкейтіп, қайта салып жатқанда біздің ауылдың бар екенін ұмытып кеткен сияқты. Бәрінен бұрын алаңдататыны, жақын күндері үлкен жолды ақылы қылар болса, онда біздерге күнделікті қалаға жұмысқа бару үшін де терминалдан автобан үшін артық ақша төлеуге тура келеді. Ал осының бәрін әкімге айтсақ, ол ЖСҚ жобасын дайындап жатырмыз деп айтудан бір танбайды. Енді біз ол жобаға әбден тойдық.», — дейді тұрғындар.

Сорақысы сол, ауыл тұрғындары көп жағдайда қалаға тез бару үшін қулыққа да барады екен. Атап айтқанда, жолды айналып жүрмес үшін ауылдан шығатын жолдың қалаға бұрылатын тұсындағы арғы бетіне өтіп кетпес үшін арнайы қойылған ауыр бетондарды ары-бері көлік сиятындай етіп жылжытып тастаған. Ауыл жүргізушілері өздеріне төнетін қауіпті ескерместен сол бетондардың арасынан бұрылып, қалаға кете барады екен.

Ауыл әкімінің де айтар өз жауабы бар

Аталған мәселелер бойынша Аршалы ауданы «Жібек жолы» ауыл округының әкімі Қайрат Ахмедияровқа хабарласқан болатынбыз. Әкім ауылдың жағдайын реттеу үшін жоспарлы жұмыстар қолға алынғанын және ол үшін аз уақыт күту керектігін алға тартты.

«Аршалы ауданының әкімдігі былтырғы жылы 45 шақырым асфалтталатын жолдың құрылысын жүргізуге Жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындауға тапсырыс беріп қойды. Сол жобада 4 және 6 шағынаудандарда қаралған. Сонымен қатар, электр желесін тартуға 110 км және 45 шақырымға су тартуға да ЖСҚ тапсырыс беріліп, қазір сараптамада жатыр. Қараша айында құжаттар қолға тиеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар біз үшін аса маңызды. Себебі қоғамдық көлік қатынасын реттеу үшін «Астана ЛРТ» мекемесінің автобустарына асфалт төселген жол керек. Жол қалай дайын болады, солай қоғамдық көлік мәселесі де шешіледі», — деді ауыл әкімі.

Ал үлкен жолдағы қалаға бұрылатын қиылыс жолды да ашуды қолға алып жатқанын айтқан әкім «ҚазАвтоЖол» компаниясына хат жолданғанын жеткізді.

«Ауыл іргесіндегі Республикалық маңызы бар автобан жолдың жобасын жасақтаған кезде  4 және 6 шағынаудандар болған жоқ. Өйткені бұл шағынаудандар Жібек жолы ауылы халқының саны жылдам артуынан пайда болған елдімекендер болып табылады. Бүгінде жол бұрылысы қиылысын ашу үшін «ҚазАвтоЖол» компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр және арнайы хат жолданды», — деді Қайрат Ахмедияров.

Аталмыш елдімекендер үшін көптеген басқа да әлеуметтік нысандарды салу сынды жобалардың қолға алынғанын айтқан округ әкімі «тұрғындардың мәселелері назардан тыс қалмайды. Тек оларға сабыр сақтап, күту керек» дейді.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*