Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Қазіргі заманғы құлдар. Олар кімдер?

Құлдар туралы әңгіме қозғала қалса әдетте көз алдымызға сонау біздің дәуірімізге дейінгі замандардағы құлдық қоғам елестейді немесе сәл берірек келсек, ХІХ ғасырда Америка құрлығында плантацияларда ауыр жұмыстарға жегілген африкалық құлдарды еске түсіреміз. Бұлар аяқ-қолдары кісенделген, бейнеттің ең бір зіл батпанын мойындарымен көтергендеріне қарамастан, қожайындарынан зорлық-зомбылық көрген тура мағынасындағы құлдар. Сөйтсек, құлдық қоғам әлдеқашан жойылғанымен, адамдардың құл іспетті жұмыс істеуі, яғни соған мәжбүр болуы әлемде ешқашан жойылмаған екен. Бар айырмашылығы қазір қалаған-қаламағаныңа қарамастан сені белгілі бір міндеттерді атқаруға күшпен, зорлық-зомбылықпен емес, түрлі әдіс-тәсілдермен, айла-шарғылармен тәуелді етеді. Қалай дейсіз ғой. Осындай пікір айтушылар оны былайша түсіндіреді.

Біріншіден, қазіргі заманғы «құл» тапқан жалақысы 1 айға ғана, яғни пәтер ақысын төлеуге, тамаққа, киім-кешегі мен жол жүру шығынына ғана жететіндіктен өмір бойы жұмыс істеуге мәжбүр. Зейнетақы боса-болмаса шалқытып өмір сүруге жетпейді.

Екіншіден, тележарнамалардың, моданың және басқа да үгіт-насихаттардың көмегімен мүлде қажет емес тауарларға жасанды түрде сұраныс тудыру да «құлдарды» жұмысқа астыртын түрде мәжбүрлеу тетігі болып табылады. «Жаңа» дүниелерді сатып алу үшін құлдың жұмыс істеуден өзге лажы жоқ.

Үшіншіден, қазіргі заманғы «құл» кредиттік жүйенің арбауына түседі, яғни бір алған несиесін жабу үшін тағы несие алады, сөйтіп пайыздық ставкалар тетігі арқылы өмір бойы борышқа батады. Одан құтылу үшін жұмыс істеу керек.

Төртіншіден, халықтың барлық топтарының да мүдделерін бірдей қорғайтын мемлекет туралы аңыз да қазіргі заманғы «құлдарға» жұмыс істетудің бір тәсілі болып табылады. Шындығында ол «құл иеленушінің» мүддесін көздейтін құрылымға ғана жұмыс істейді. Өйткені пайда табатындар да сол баяғы «құл иеленушілер». Ол аз десеңіз, «құл» өндірген өнім мен ол тапқан ақша да түрлі тауарлар мен қызметтерге төлем ретінде және салықтар мен төлемақылар ретінде «құлдан» кері қайтарылып алынып, тағы да кіріс ретінде «құл иеленушінің» қалтасына барып түседі.

«Құлды» жасырын түрде жұмысқа мәжбүрлеудің бесінші түрі – инфляциялар мен дүркін-дүркін қайталанып тұратын дағдарыстар. Бұл жағдайларда да «құл» «құл иеленушіге» қарағанда әлдеқайда көп жоғалтады. Жалақы өспей тұрып бағаның өсуі «құлды» жасырын түрде тонауға қолайлы жағдай туғызады. Ал, дағдарыс кезінде ол тіпті ашық көрініс табады, яғни «құлды» түрлі қысқартулар кезінде жұмыстан шығарып тастайды, сөйтіп мүлде табыссыз қалдырады. Осылайша құл бұрынғыдан да бетер кедейлене түседі.

«Құлды» тегін жұмыс істетудің тағы бір жасырын жолы оны өзге қалаға қоныс аударып, одан тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінен айыру. Мұндай механизм «құлды» сол тұрған жеріндегі кәсіпорында ғана жұмыс істеуге итермелейді. Өйткені басқа қолдан келер амал жоқ.

«Құлды» тегін жұмыс істеуге мәжбүрлейтін тағы бір тәсіл – «құлдың» еңбегінің нақты құны мен ол шығарған өнімнің нақты құны туралы ақпаратты және осының бәрінен меншік иесі ретінде «құл иеленушіге» тиетін үлесті жасыру. Соның салдарынан «құлдың» тапқан табысы үнемі аз болады да, оның одан әрі де тынымсыз жұмыс істей беруіне тура келеді.

«Құлды» жұмыс істеуге жасырын түрде мәжбүрлейтін келесі жол – ол «құлды» сен құл емессің, бар болғаны өзің жұмыс істегің келген соң жұмыс істейсің деп иландыратын идеология. «Бұл – сенің таңдауың!» – олардың санасында осындай түсінік қалыптастырады.

«Құлға» алаңсыз жұмыс істетіп қоятын соңғы механизм – ол кәдімгі дін. Дін тіршілігінде маңдайы терлеп, қиналып еңбек еткен пенде о дүниеге барғанда әділ, нағыз адамша өмір сүреді деп уағыздайды, басқа түскен ауыртпалыққа төзуге үйретеді.

Міне, осындай жағдайларға байланысты адамдар ғұмыр бойы жұмыс істейді. Осы көзқарасқа қатысты бір жайтты айта кеткен жөн сияқты. Ол – ұялы телефон. Адамдар киім емес, тамақ емес болса да ұялы телефон алуға құмар және жаңа моделі шықса бұрынғысын тастап, жаңасын тағы сатып алады. Жұмсайтын ақшалары да аз емес. Мұның өзі адамның  ұялы телефонға кіріптар екенін көрсетеді. Ал, ол құлдық емей немене?…

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*