Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды

Биылғы жылдың 10 наурызынан Астана қаласында «Жас сақшы» жобасы сәтті іске асырылуда. «Қазақстан студенттері Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен қалалық Ішкі істер департаментінің қолдауымен қоғамдық тәртіпті сақтау жасақтарын құрды.  Оның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу. Аталған жасақ құрамына елордамыздың студенттері қабылданды. Олар, негізінен, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана Медицина университеті, ҚазАТК, Политехникалық және Басқару колледжінде білім алатын ерікті жастар.

Студенттер жасағы құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесіп,  қоғамдық орындарда әкімшілік тәртіпті сақтауға бағытталған рейдтерге тұрақты қатысады. Олар өз тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі материалдар әзірлеп, тұрғындарға таратты.

Мұхтар Әуезовтің: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек»,- дегеніндей, «Жас сақшы» жобасы аясында құқық қорғау қызметкерлеріне 4 мыңнан астам студенттің көмектесуге ниет білдіруі бүгінгі күні қуантарлық жайт екені сөзсіз. Бас қаламыздың 3 ауданында 1500-ға жуық  студент  8 ай бойы осындай рейдтердің басы-қасында болды. Жастардың сабақтан тыс уақыттарын қоғамға пайдалы іске арнап, сонымен қатар ай сайын 22 000 теңге пайда табуы ең алдымен студенттерге көмек болса, екіншіден оларды еңбекке баулу, өскелең ұрпақты тәрбиелеу процесі екені анық.


Бұл өз заманының ғұламасы Жүсіп Баласағұни:

«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деген. Біз өткізген рейд барысында беймезгіл уақытта ата-ананың қарауынсыз жүрген жасөспірімдер кездесті.  Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үлкендердің қарауынсыз жүрудің қаупі туралы ескертілді.

 

Жастардың саябақта шекілдеуік шағып, шылым шегіп, оның тұқылын жерге тастаған фактісі тіркелді. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Сыртқы тәртіпсіздік – адамның ішкі кемшілігі» деген нақыл сөзі осындай жастарға айтылған сынды. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау үшін әр адам өз тазалығы мен тәртібін сақтау қажет екені белгілі. Сондықтан олармен тиісті жұмыстар жүргізіліп, теріс қылық жасағандары түсіндірілді.

Жастар рейд барысында ішімдік ішіп, қоғамдық орында жүрген азаматты анықтауға көмектесті.

«Жас сақшы» жасақ мүшелері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, елорданың Playstation клубтары, кинотеатрлар мен сауда орталықтарында да  рейдтік іс-шара өткізді.

 

8 ай ішінде Астана қаласының ішкі істер департаментіне 3000 адам жеткізілді. Оның ішінде ересек азаматтар, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерде бар. Оларға 1500-ға жуық хаттама толтырылды.

Астана қалалық ішкі істер департаменті «ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істеген», жақсы нәтиже көрсеткен студенттерді 6 қараша күні марапаттайды. Алдағы уақытта осындай игі іс-шараны жалғастыру жоспарланып отыр. Қоғам тарапынан зор қолдау тапқан Елбасының мақаласында айтылған рухани жаңғыруды өзімізден бастасақ алар асуымыз көп.

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімінің ұсынысымен, Жергілікті полиция қызметкерлері қала жастаррымен бірлесіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі бастағанға дейін 10 наурыз – 10 маусым аралығында қаламыздағы әкімшілік тәртіпті сақтауға бағытталған рейд өткізуге ықпалдасып және халық арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын атқарды.

Жылды қорытындылау салтанаты барысында Құқықтық тәртіпті сақтау жасақтарының арасында үздік нәтиже көрсеткен студенттер бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Ақбота Ахмет

 

 

 

Бөлісу: 

Пікір 6

Міндетті*
  1. Гулдана: иә бұл жас сақшыларды көрдік түсіндірме жүргізіп жүрді жақсы жоба
  2. Нурик: Круто, это же помощники полиции, молодцы
  3. Ерлан: Жастар жарайсыңдар. Біздің студенттік кезде ондай мүмкіндіктер болмап еді. Тәртіпті әркім өзінен бастау керек.
  4. Арман: Қызық жоба екен. Жастардың уақыттарын зая келтірмей, пайдалы іспен айналысқаны жақсы екен
  5. Айымгүл: Дұрыс екен. Әйтпесе сотпалдай еркектердің көшеде шемішке шаққанын көргенде жыным ұстайды.
  6. Жанар: Шынымен көшеде темекі мен шемішке шыүатындар əлі де көп. Онымен қоса адам жүретін жерде қақыратын адамдар тағы баршылық. Солармен де күреск керек.