Қазақ тілінде ақпарат талап ету де мұң болғаны ма?

Адам құқының сан түрлі қыры бар. Білім алу, денсаулық сақтау, еңбек ету, демалу, мүлік иелену дейсіз бе, толып жатыр әйтеуір. Дегенмен, демократиялы қоғамда сөз бостандығы деген тағы бар. Пікіріңді еркін айтып, қалаған ақпаратыңа қол жеткізуге қатысты болады бұл. Бірақ, кейде сол ақпаратты таратуы құрылымдардың қызметкерлеріне де кедергі жасалып жататыны бар. Яғни, бейресми түрде «төртінші билік» деп танылған масс-медиа қызметкерлерінің де кейде құқы бұзылып жататыны бар.

Махамбет Досмұхамбетов, қазақ тілі

Сурет: inform.kz

Жақында, әлеуметтік желілерде журналистер құқының бұзылғанына қатысты шу шықты. Сөз реті келгенде айта кетейік, жалпы біздің елде журналистер құқы жиі бұзылып жатады. Кісі қолынан қаза тапқан журналистер де, соққыға жығылғандар да, түрлі сылтаулармен түрмеге тоғытылғандар да бар. Әдетте, ондайлар көбіне билікке оппозициялық позицияда жүретін масс-медиа өкілдері. Олардың қызметіне кедергі жасауды, қорқытып-үркітуді саяси астары бар қадам ретінде бағалауға болады. Ал, осы жолғы қайшылық Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері жалғасып келе жатқан дағдының салдары. Яғни, мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктердің журналист еңбегін бағаламауынан туындаған дау. Бір сөзбен айтқанда қазақ тілінде ақпарат тарататын журналистердің қызметіне кедергі жасауға қатысты болып тұр.

Негізі тәуелсіздік алғанан бергі 25 жыл ішінде қазақ тілінде ақпарат тарататын масс-медиа қызметкерлері аударма жұмысымен тегін айналысып келе жатыр. Үкімет мүшелерінің көп бөлігі, депутаттардың да жартысынан көбі мемлекеттік тілде ақпарат беруге келгенде табандаған аттай шоқырақтап шыға келеді. Ресми жиындардың 90-95 пайызы орыс тілінде өтеді. Басында бір, аяғында бір қазақ тілінде тіл қатады да, спикерлер орысша сайрай жөнеледі. Соның кесірінен қазақша ақпарат тарататын журналистер ақысы төленбесе де аударма жұмысымен айналысып келеді. Бұл жолғы дау да осы мәселеге барып тірелді.

Оқиғаның қалай өрбігеніне тоқталар болсақ, өткен аптада Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік тілде ақпарат беруден жалтарып кеткен. Әдетте сюжет үшін спикердің мемлекеттік тілде бірнеше секунд сөйлеуі де маңызды болып есептелетін телеарна тілшілері оған наразылық танытса керек, Нәтижесінде журналистер мен министрліктің баспасөз қызметінің мамандары шекісіп қалыпты.

Дұрысы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі Альбина Әшім министрлік өкілдеріне өкпелі болып отыр. Ол өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов брифинг өткізді. Әңгіме «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексі туралы болды. Бастан-аяқ орысша сөйледі. Басында және ортасында екі сөйлем қазақша қосты, болды. Баяндама аяқталысымен, бір әріптесім сұрақ қойып, қазақша жауап беруін өтінді. Ол бұны елемей, орысша жауап берді. Біраздан соң мен кодекс туралы қазақша айтып беруін сұрасам, «бұл сұрақ емес, нақты сұрақ қойыңыз» дейді. Сұрақ ретінде қойсам да, ары қарай кекетіп отыр. ОКҚ модераторы жағдайды реттеудің орнына маған сөйлеп тастады. Брифинг аяқталысымен, бір топ қазақ журналисі шағымымызды айтып жатсақ, шенеунік тұра қашты. Ал баспасөз хатшысы бірден «Атыңыз кім?» деп сес көрсете бастады. Одан кейін «Сізді вообще танымаймын» дейді. «Мені танып не керек» деген сарында жауап бердім. «Қазақ БАҚ өкілдерін сыйлаңыз, бізге спикер беріңіз» десем, «оны ойластыру керек» дейді. Одан кейін орысша шүлдірлеп кетті. Бұрылдым да кеттім. Оян, қазақ журналистері! Мұндайларды эфирге бермеуге тырысайық, қазақша сұқбат беруді талап етейік!», – деп жазыпты.

Бұл посттың астына көптеген пікірлер жазылған. Бірақ, министрлік тарапынан ешкім үн қатпапты. Ал, 30 қазанда Ұлттық арнаның тағы бір тілшісі Айнұр Омар әлгі мәселені қайта көтерді. Шамасы, Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі журналистердің өкпе-назына пысқырып та қарамағанға ұқсайды. Оның үстіне баспасөз қызметінің мамандарының бірі журналистерді көзге ілмейтінін байқатса керек.
Сөйтіп, Айнұр Омар мәселені тағы да әлеуметтік желілерге шығарды. Ол былай депті: «Өткен аптада әріптесіміз Альбина Әшім (Albina Ashim) энергетика вице-министрінен қазақша жауап талап етем деп, тауы шағылды. Тіпті баспасөз қызметкерінің өзі тілшіні тергеп, «мен сізді танымаймын» деп сес көрсеткен. Ақыры, қазақша бір ауыз сұқбат бермей кеткен. Альбина министрліктің бұл әрекетін фейсбукқа жазып еді, қазақ журналистері шу ете қалды. Өйткені, бұл күнделікті бетпе-бет келетін проблемамыз. Қазақша жауап бергісі келмеген адаммен керілдесіп тұруға уақыт бола бермейді (әсіресе телевизионщиктерге) ал, газет-сайт журналистері ұзын-сонар баяндаманы әлі аударып беруге мәжбүр. Қазақша талап еткен тілшіні «провакация» жасады, «ұлтараздықты» қоздырды деп жала жабуға дайын. Қашанғы осылай жүреміз?! Бұл біздің жұмыс сапамызға өте қатты әсер етеді. Кәсіби журналистердің қоғамдық бірлестігі энергетика министрлігінің екі қызметкерінің «қызметтік этикасы» туралы шағым дайындап, ҚР Бас прокурорына және ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісіне жолдамақ!!! Хат мәтінін жариялаймыз!!».

Осылайша министрлік пен журналистер текетіресі басталған. Әрине, масс-медиа өкілдері мәселеге қатысты түрлі пікірлер білдіріп жатыр. «Әділ сөз» халықаралық қорының өкілі Ғалия Әженова журналистерге ақыл-кеңесін беріпті. «Әріптестер, эмоцияны кішкене баса тұрыңдар. Ең бірінші: энергетика министріне нақты хат жазыңдар: болған факті, айтқан жауабы, БАҚ туралы заңның нақты бабына және «Ақпаратқа қол жеткізу» заңына сілтеме жасап, мәселені түсіндіріп, шара қолдануды және журналистермен, яғни қоғаммен екі тілде бірдей қарым-қатынас құра алатын баспасөз хатшысы керек екенін талап етіңдер. Мемлекеттік қызметкерге және мемкызметкердің этикасына лайық емес «жаза бер» деген сөзін де келтіріңдер. Бұл хатты жазып пошта, яғни конвертпен жіберіп және, мүмкіндік болса, канцелярия арқылы тапсырғандарың жөн. Ойыншық емес, ерінбей, заң аясында жұмыс жасаңдар. Канцелярияға хабарласып тұрыңдар, хат барды ма, жауабы қашан болады деп. Министр жауап бермесе, келесі сатысын айтамын. Ал, бірден Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға жазамыз дегеніңіз – бекер, олардың жұмысы бастап асып жатыр, төменнен бастау керек. Асығыс, артық әрекет етпеңдер. Іске сәт!», – депті Ғалия Әженова.

Алайда, мемлекеттік тілде ақпарат ала алмай әбден ығыр болған журналистер алған беттерінен қайтпайтынға ұқсайды. Әлеуметтік желідегі пікірлерден соны ұғуға болады. Мәселен, журналист Индира Тұрсынбай «Қашанғы аудармамен беруі керек қазақ редакциялары? Артық жұмыстан қашпайды журналистер. Бірақ аударма жаңалықтың сәнін кетіреді», – десе, тағы бір журналист Дәулетхан Жиенқұлов «Жауырды жаба тоқымау керек! Əңгіме қалай да АПға, Парламентке жетуі керек. Бұл мəселені Бозымбаев қыстырмауы да мүмкін, бірақ, принцип деген мəселе бар. Қазақ тілі Қазақстанда қашанғы жетімсіреуі керек?!», – депті.

Журналистердің ашу-ызасын тудырған мәселеге қатысты Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың кеңесшісі Асқар Джалдинов: «Уа, xалайық! Ғафу етіңдер. Эмоцияға берілмей, дұрыстап сөйлесейік. Өткен жолғы вице-министрдің қазақша жауап бермеді дедіңіздер, біраз әңгіме оған айттыңыздар. Ол кісі бәрін түсінді. Оған бір сабақ болар, келесі жолы қайталанбас. Ал сол үшін өз әріптестеріңді баспасөз қызметтен сабалаған дұрыс болмас. Ертең мен олармен сөйлесем. Бір кішкентай түсініспеушіліктен дау шығармайық. Қазір біреу қазақша сөйлемейді деп сенсация шықпайды. Одан да өзекті проблемалардың көзін ашайық, әріптестер! Мені жақсы білетін достар, айта алады, ертең бәрін ретіне келтіріп берем», – деп жауап қатыпты. Яғни, масс-медиа өкілдерінің өкпе-назына министрлік өкілдерінен тек осы азамат қана құлақ түргенге ұқсайды. Әдетте министрліктегі түрлі оқиғаларды фейсбук әлеуметтік желісінде жариялап отыратын баспасөз хатшысы Рауан Есқали үнсіз қалыпты. Бірақ, желідегі постқа оның атын тіркегендер де болған. Алайда, ол үнсіз.

Рас, әзірге масс-медиа өкілдері мен министрліктің баспасөз қызметінің арасындағы текетірестің нәтижесі қандай болатынын болжау қиын. Бірақ, бұл дау-дамай қанатын кеңге жаюы мүмкін. Өйткені, мемлекеттік тілді білмейтін, бұқараға қажет ақпаратты қазақ тілінде айтып бере алмайтын шенділер кез келген министрлікте бар.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілде ақпарат таратудың маңызды екендігін ескермейтін баспасөз қызметтері де көп. Мысалы, журналист Гүлмира Әбіқай: «Денсаулық сақтау және білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшыларын да тэгтей салыңыздаршы» деген пікір жазу арқылы қазақ тіліне пысқырмайтын тағы бірнеше министрлік өкілдерін атаған. Бұл шенеуніктің мемлекеттік тілді білмеуімен қатар, қазақ тілін білетін спикер даярлауға тиісті баспасөз қызметтерінің де оңып тұрмағанын көрсетсе керек.

Жалпы, бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ. Ол – өз құқың бұзылмауы үшін оны қорғай білу керектігі. Журналистке мемлекеттік тілде ақпарат бермеу арқылы шенеунік масс-медиа қызметкерінің ғана емес, қазақ тілінде ақпарат алғысы келетін барша қазақстандықтардың конституциялық құқын бұзып отыр. Конституцияның 17 бабының бірінші тармағында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды», 19 баптың 2 тармағында «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар», 20 баптың 2 тармағында «Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» делінген. Журналистер мен шенеуніктердің теке-тіресіне осы баптардың бұзылғанын кез-келген адам байқай алады. Одан бөлек өзге де заң-зәкүндер бар. Демек, құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін заңды білмек керек. Ал, журналистер қызметіне кедергі жасау масс-медиа қызметкерлері құқының бұзылуы болса керек.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 2

Міндетті*
  1. Марат: Қазақ тілін әркім өзінен бастапу керек, тіпті дүкенге кірсенде қазақша сұра, орекендердің бәрі түсінеді
  2. Жора: шешіледі қазақ тілінің мәселесі, келе жатырғой