Жамандықтан жерініп, жақсылыққа ұмтылайық

Бұл өмірде не жаман? Бұл сұраққа талай адам бас қатырып, тура жауабын көп іздеген. Сөйтіп ол жауаптардың бәрін қорытындылай келгенде, ақыры бұл өмірдегі ең жаман нәрсе біреудің нәпақасын жеу екендігі айқындалыпты. Неге десеңіз, біреудің нәпақасын жеу адам етін жеуден де жаман көрінеді. Ал біздің елімізде өзгелердің нәпақасын, несібесінсыбайласып жеп жатқандар қаншама! Қой десе де, қоймайды ғой. Неге?

пара, парақорлық, жемқорлық, жаман, сыбайлас жемқорлық, жамандық
kerek-info.kz

Өйткені, арам ақшаның дәмін бір татқан адам, тағы алғысы, жегісі келіп тұрады екен.Мұны арам ақшаның дәмін татып көрген адамдар еш дәлелдеусіз-ақ жақсы біледі. Біреудің біреуді кемсітуі, парақорлыққа салынуы, біреудің нәпақасын жеуі Ислам дінінде де жамандыққа саналады. Сондықтан Ислам діні мына өмірдегі адами тірліктің берекесін кетірер мұндай жаман әдеттерден аулақ болуды ұстанады.Ислам дінінің бұған қаншалықты мән беретінін кез келген адам түсінеді және Пайғамбарымыздың бұл мәселеде айтқан ескертулері мен тыйымдарына адам назар аударса жемқорлыққа жолай қоймайды.

Алайда, Ақтан Керейұлы айтқандай, «Төресін ғаділ бермеген, Парақор болған би жаман» деген секілді, сыбайлас жемқорлыққа салынып өзгенің нанын жымқырып жейтіндер арамызда бәрібір бар. Елді өркендетуге, халықтың тұрмысын түзеуге, балалардың болашағын жақсартуға деп бөлінген мемлекеттің қаржысын сыбайласып қалтаға басатындар ақшаны барынша асап жегеннен жаман боламыз деп ойламайды. Жағдайларының жақсара беретіндігін өздері де, халық та көріп отыр. Және бір артықшылықтары «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегендей, қазынаның қақпағына да емін-еркін қолы жететіндер солар болып келеді. Оның үстіне бейне бір, жей алатындар мен жейтіндер ғана сондай орындарға жайғасатындай әсер қалдырады.

Бірақ жамандық қашанда жақсылыққа әкелмейтіндігі белгілі. Біздің елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап-ақ жолға қойылды. Жас мемлекетіміз бұрынғы кеңестік елдер арасында алғашқылардың бірі болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдап, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұратын арнайы мемлекеттік орган құрды.. Оның басты себебі, жемқорлыққа салыну ең жаман іс болып табылды. Оның ел үшін де, мемлекет үшін де қауіпі зор екендігі айтылды. Бәрінен бұрын мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретіндігі алаңдатпай қоймады. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу үшін, мәселен, пара алғаны және бергені үшін он бес жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Жемқорларға шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайды, рақымшылық жасауға тыйым салынған. Яғни жаза мерзімін толық өтейді.Сыбайлас жемқорлық жасаған тұлғалар мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.Бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағандарды жұмысқа алу мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларының 100 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуын ғана көздейтін.

Жемқорлық аса қауіпті және адамдар санасын тез улайтын болғандықтан бүкіл әлем елдері оның жолын бөгеу үшін күрес жүргізіп жатыр. Әрине, біздің елде де жоғарыдағыдай шаралар қолданылуда. Бірақ ол аздық етіп отыр. Сондықтан мына цифрландыру ісін жемқорлықпен ұтымды күрес жүргізуге пайдаланған жөн дейміз.Өйткені осы цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметшілер арасында жеке байланыс азайып, мемлекеттік органдардың қызметі ашық болады деген үміт бар. Сонда сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғы көріністері жойылып, сыбайлас жемқорлық қатерлерін алып тастауға мүмкіндік туар еді. Бұл жағдайда осы іске тұтас қоғамды да тарту үлкен көмек болмақ. Мемлекет басшысы атап өткендей «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігі бар қоғамның белсене ат салысуына байланысты» екендігі белгілі.Оның үстіне 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның басты мақсаты да әр адамдыжемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыруға тарту болып табылады.

Ендеше «патриоттық сезім, Отанға адал қызмет ету, әділдік, заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлыққа деген шынайы қарсылық кез келген ісімізде нақты ұстанымымыз болуы тиіс» деген сенім қашанда біздің санамызға алдымен орнығуы керек. Сонда, осылайша ой-санамызды ояту арқылы күшімізді біріктіріп, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоя аламыз-ау деген үміт оты да алаулай түсері хақ.Сөйтіп өмірдегі ең басты жамандықтан халық болып жерінеріміз де сөзсіз.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*