Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Адамнан айла артылмайды-ау…

Қазақстан  қоғамын құқық бұзушылыққа төзбейтін,  құқықтық сауатты деңгейге жеткізу  өмір талабы  болып отыр.  Құқықтық сауатты қоғам ғана   демократия принциптерін сақтап,  ішкі тәртібі мен ынтымағын арттыра  түсері  хақ. Дегенмен,  құқық бұзушылыққа төзбеу мәселесі біржақты  болмауы  тиіс.

айыппұл, жол-патрульдік полициясы, көлік, құқық, құқық бұзушылық, полиция

Сурет: autoexpertnost.ru

Әдетте, құқық  бұзушылыққа төзбеу мәселесіне  келгенде  көбіне қоғамдық тәртіпті  бұзушыларға   азаматтардың наразылық танытуы, құқық қорғау  органдарына сенім,  түрлі жанжалдар мен шиеленістерге жол бермеу тәрізді жеке адамның іс-әрекетімен  өлшенетін талаптарға  көбірек  назар аударамыз. Рас, көшеге қоқыс тастағандарға, бұзақылық жасағандарға ескерту жасау,  қажет болса полиция   қызметкерін шақыру әдетте құқықтық салауатты  қоғамға тән сипат  болып саналатыны  өтірік емес. Алайда,  мәселенің екінші жағы тағы бар. Ол – құқық  бұзушылыққа  жол беретін немесе мәжбүрлейтін  жағдайлар.

Мәселен,  жол қозғалысы  ережелерін алайық. Көп жағдайда Алматы және Астана  тәрізді ірі қалаларда  көлік қоятын орындар тым аз болып келеді. Сол себепті,  азаматтар кей жағдайда жол қозғалысы  ережелерін  бұзуға  мәжбүр  болатыны бар. Яғни,  жол жиегіне  көліктерін қоюға тура келеді. Сонымен қатар, тұрғын үй кешендерінің аулаларының тар болуына  байланысты жедел жәрдем, өрт сөндіру  сияқты арнай ықызмет көліктері кіретін жолдарды да жауып тастаймыз.  Заңдық  тұрғыда бұл қате.

Бірақ,  мәселенің екінші жағын қарастыра болсақ, мемлекет  мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуі керек еді. Әкімдіктер  тұрғын үй  аулаларын талапқа сай жасаса,  көлік  жүретін  мүмкіндіктер қалдырса, тұрғындар тығырыққа тірлемес еді. Өкінішке қарай,  біздің елде  тұрғындар санының өсуіне, олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына  байланысты көлік тұрақтарының тапшылық тудыратыны назардан тыс қалып жатады.

Құзырлы  органдар бұл мәселені шешуге  талай рет уәде еткен. Бірақ,  ол  уәделер орындалмай жатыр.  Соның салдарынан  азаматтар жол ережесінің кейбір баптарын амалсыз  бұзады. Полиция  оларға айыппұл салуға мәжбүр. Дегенмен, азамат  пен  полиция қызметкері қарым-қатынасында құқық бұзушылыққа  жол берілетіні жасырын емес. Азаматтар қоғамдық тәртіпті немесе  жол ережесін бұзу арқылы «тұтылса». Полиция қызметкерлері кейде түрлі айла-шарғыға көшеді.

Өткен  қыркүйектің 15-інен бері Астанада жол   қозғалысын «Сергек» атты  камералар бақылап тұр. Деректерге қарағанда, 13 мың камера жол қозғалысын  бақылауда ұстайтын  көрінеді. Сәл ағаттық жасасаңыз,  атыңызға айыппұл келеді. Өйткені, камералар адам емес, «әке-көкелегеніңізге» көнбейді. Бір қызығы  камера  көбейгені сол еді,  тұрғын үй аулаларында тұрғын  көліктердің  мемлекеттік  нөмірлерін  жол-патрулдік  полициясы қызметкерлерінің  шешіп алуы көбейді.

Мәселен, Астана қаласы Шәкәрім Құдайбердіұлы  даңғылында   орналасқан №7  емхананың төңірегіндегі үйлердің ауласынан көлік нөмірлерін  шешіп алған полиция қызметкерлері бірнеше мәрте  кездескен. Сол аумақты тұрғыны  Ерген Әшкей деген азаматтың айтуына қарағанда көліктің  нөмірін шешіп алған  полиция қызметкерлері  «көлікті жол  жиегіне қалдырып кеттің» деген айып тағыпты.  Әрі  сол төңіректегі үйлердің  тұрғындарының бірі  үнемі шағым жазатын көрінеді-мыс. Әрине, дәл осы жағдайда жол-патрулдік  полициясының қызметкерлерінің әрекеті заңды екені даусыз. Өйткені, тұрғын үй кешендерінің  төңірегіндегі жолдарға азаматтар көліктерін қойып жатады.

Демек, Қазақстан Республикасының  «Әкімшілік  құқық  бұзушылық туралы» Кодексінің 597 бабының тармақтарын бұзып  тұр деген сөз.  Яғни,  Кодекстің аталған бабының  «Көлік құралдарын тротуарда тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу, сондай-ақ көлік құралдарын гүлзарларда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе тоқтап тұру» делінген 2 тармағын  бұзу немесе «Басқа көлік құралдарының жол жүрісіне кедергі келтіруге әкеп соққан, көлік құралдарын жолдың жүру бөлігінде тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу» деген 3 тармағы талаптарын  бұзу қаупі бар. Демек, бұл жағдайда алғашқысы үшін 15 айлық есептік  көрсеткіш, кейінгі талап үшін 20 айлық есептік көрсеткіш айып салынады.  Бұл дегеніңіз бірі 30 мыңнан, екіншісі 40 мыңнан асатып  айыппұл болмақ. Аз сома емес.

Яғни,  көшелерде, үй аулаларында  тұрған  көліктердің мемлекеттік нөмірлерін   шешіп алу мәселесінің астарында жемқорлыққа бастайтын қадамдар жатуы мүмкін. Өйткені, 2017 жылы біздің елде  бір айлық есептік көрсеткіш 2269 теңге болып бекітілгенін ескерсек, 15 АЕК  34035 теңге, 20 АЕК дегеніңіз 45380 теңге.  Жол-патрульдік полициясы әдетте  7 күн ішінде   айыппұлдың 50 пайызын  төлеу мүмкіндігін  қарастырады. Соның  өзінде  әлгі баптың тармақтарын бұзсаңыз біріншісінде 17018 теңге, екіншісінде 22690 теңге айыппұл төлеуге мәжбүрсіз. Бұл аз сома емес.

Демек, аулалардағы көліктердің мемлекеттік  тіркеу  нөмірлерін  шешіп алу арқылы жол-партульдік полициясы қызметкерлері  жүргізушілерді «сауда-саттыққа» мәжбүрлеп, пара дәметуі ықтимал. Жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің арасында  жемқорлық әлі жойылмағанын ескерсек,  «нөмір аулау»  пара алудың жаңа тәсілі болуы ықтимал екендігін де  жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне  азаматтардың құқықтық тұрғыда сауатсыздығын пайдаланып қалу да кездеседі. Біз сөз етіп отырған  мемлекеттік  тіркеу  нөмірін  шешіп алу  мәселесіне келер болсақ,  жол-патрульдік полицясы қызметкеріне ондай құқық берілген. Бірақ, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 797 бабының 3 тармағында  «уәкiлеттi лауазымды адам көлiк құралын пайдалануға тыйым салу себептерi жойылғанға дейiн мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн алып қою арқылы көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салуға құқылы», – делінген. 797 баптың  осы тармағына  Кодекстің жоғарыда біз айтқан тармақтары да кіреді. Бірақ, көлік иесі  көлігіне келген кезде «көлiк құралын пайдалануға тыйым салу себебі» жойылады, инспектор айыппұл ғана жазып беруі  тиіс. Міне,  заңдағы осындай ерекшеліктерді білмеу арқылы азаматтар кейде өз құқықтарын бұзғызып алатын кездері болады.

Ойлана  жүрейік.

Ардагелді САЯСИ

Бөлісу: 

Пікір 10

Міндетті*

  1. Нұрлан: Қанша ойлансаңыз да жолполдарды алдай алмайсыз.
  2. Алдияр: ЕЕЕЕ айтылып жүрген мәселе гой
  3. Балғынбек: Сарыарқаның кең төсінде орналасқан Астанада иәшине қоятын жер жоғы қызық екен. Анау Люксембург немесе Монако сияқты жері ұлтарақтай елдер сияқты болсақ бір сәрі енді. Ойланыңдар, шенділер!
  4. Әсел: Әр мәселеде есеп болу керек. Жер кең екен деп бәрін автокөлік қоюға арнай беруге болмайды ғой. Судың да сұрауы бар емес пе?!
  5. Қуанай: Ойыңыз қызық екен, Әсел. Астананы дұрыс жоспарлау керек еді ғой. Астананың бас жоспарын жасаған жапон сәулетшісі. Ол аралдық тұрғыдан, жер жетпейтін жақтың адамы ретінде бәрін үнемдеп тастаған. Қазақта басқа нәрсе болмаса да жер жетеді ғой.
  6. Жандос: Босқа даурықпаңыздар! Әр нәрсенің шешімі болады. Астана әкімдігіне мәселені айту керек. Әсет Исекешов мырза қазір жап-жақсы жұмыс істеп жатыр ғой.
  7. Талғат: Жандос сіз әкімдікте істейтін адамсыз ғой деймін. Тым қатты жақтап отсыз бастығыңызды.
  8. Жандос: Жоқ істемеймін. Көше сыпырушымын.
  9. Мастер: Негізгі мәселеден ауытқып кетіпсіздер. Одан да жолпол пысықтарын айтпайсыздар ма
  10. Нұрлан: Айтып айтпай не керек? Одан бірдеңе шықса?