Ши Жинпиң Қытайды өлгенше дара билеуі мүмкін-Nukte.kz
Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Ши Жинпиң Қытайды өлгенше дара билеуі мүмкін

 

Бір жарым миллиард халқы бар, әлемнің екінші ірі экономикалық тұлғасына айналған, сондай-ақ, әскери қуаты күн сайын өсіп келе жатқан Қытай елін енді бір ғана адам жеке билеп-төстемек. Ол – Ши Жинпиң, деп жазды WSJ басылымы. Сәрсенбі күні Қытай үкіметі енді билікке келген ең жоғарғы басшылардың есімін жариялады. Алайда ол тізімнің ішінде төраға Шидің ізбасарының есімі жоқ. Мао Зыдоң өмірден өткеннен бері 40 жылдан кейін, ҚКП-да бір адам билейтін саяси сахна қайтадан қалыптасқандай. 7 адамнан құрама тапқан ҚКП орталық комитетінің мүшелері халық құрылтайы сарайында сап түзеп, қызыл кілем жайылған мінберге көтерілді. Әр бес жылда бір рет ашылатын партияның аса маңызы құрылтайының ең салтанатты сағаттары осы саналады.

Кезекті құрылтайда Шидің есімі партия жарғысына Маомен тең дәрежеде жазылды. Тіпті енді бес жылдан кейін де дәл осы жағдай қайталануы мүмкін. Ши Жинпиң саясаты мен адамдар тағайындауына ешуақытта бөгде пікір туындамайды. Осындай теңдессіз құқықтардың бір ғана Шидің уысында келуінен Қытайдағы топтық басшы дәуірінің түбегейлі ақырласқаннын, сондай-ақ, тарихи сипатты тәуекелшілдікті байқауға болады. Ендеше ел мен жұртты елеңдетіп отырған осы Ши Қытай тарихында Маодан кейінгі орынға қалай келді? Оның өлшеусіз құқықтарды өз қолына алуы неден дерек береді? Ол 2022 жылдан кейін тағы да ел басшысы бола ала ма? Шидің өзінің пікірінше, құдіретті адам билесе, Қытай елі тіпті де тез арада алпауыт елдердің қатарына қосылады. Әрі күллі дүние осы елге көз тігетін болады. Ши Жинпиң айтқан осы соңғы сөз бірнеше аптадан кейін Қытайға келетін Дональд Трамптың сапары барысында тәжірибеден өтетін болады дейді сарапшылар.

Саясат жүргізудің бұл әдісінен кейін қытайлықтар тіпті де адалдыққа мән беретін әдетке көшеді де, саяси мәдениеті ұмтылыссыз, ықылассыз күйге түседі. Мұндай жағдай астында басшылар көптеген күрделі мәселелерге  қағылездікпен тойтарыс бере алмай қалады. Қытайдың тарихшысы, саясаттанушы Жаң Лифань: «Мұндай саяси құрылымның ең жаман жері – ешкім де ендігәрі төрағаға шын сөзін айта алмайды, Ши бұдан кейін «патша ағзамның» ғұмырын кешеді. Алда-жалда дағдарыстар туындай қалса, төраға мырза нақты ақпараттардан хабарсыз қалуы да мүмкін», –  деп алаңдаушылығын жасырмады. Бұл өте қатерлі бастама, себебі Қытай Солтүстік Кореяның ядро мәселесін тізгіндеуде, әлемнің экономика және қаржы нарығына жетекшілік рөл атқаруы керек еді. 64 жастағы Ши қазірге дейін өзінің осы аса ірі құқықтары жөнінде тармақтап түсінік бермей келеді. Тек «менде барлық мүмкіндік бар»  дейді теңдессіз басшы баяндамасында. Бұл реткі ҚКП жоғары лауазымды тұлғаларының орын алмастыру барысы Қытайдың өткен ғасырларын еске салады. Патшалық дәуірлерде Құдайдан кейінгі аспан астындағы құқықтың бәрі патшаның уысында болатын. Ал, ашаршылық пен мәдениеттің төңкерісі кезінде Маоның дара билеп-төстеуінен миллиондаған адама қырылып еді.

1976 жылы Мао дүние салғаннан кейін, Дың Шиаупиң реформа жүргізді. Ол «жасы егделегендер зейнетке шығып, жастар жұмыс істесін» деді. Әрі бір жерге шоғырланған құқықты бытыратуды қолданды. «Қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін бұл түзім тіпті де тереңірек атқарылып, ақбастылардың ел басқаруынан сақтанды және Бюрократтық инерцияның барлыққа келуін шектеп отырды. Өйткені Кеңес одағы осындайдан ыдыраған еді» деп жазды басылым.

Дегенмен, 2012 жылы Ши Жинпиң саяси сахнаға келгенде саясатта жұлдызға айналған Бо Шилайдің ісі ҚКП-ны ішкі жақтан үлкен әбігерге салған еді. Ал, Ши кеңес одағының ыдырауын кемелді басшылық, кемеңгер басшының жоқтығынан деп қарайды. Партия ішіндегі жабық жиналыстарға қатысып көрген адамдардың айтысына қарағанда, ол билікке келгеннен бері қарай, ішкі кеңестерде ешкім жақ аша алмайды екен. Сәрсенбіде жаңа басшылар жұртқа жария етілді. Олардың бәрі 50-ден асқандар. Адамды таңдандыратыны, солардың ішінде келесі кезекте ел басшысы болады-ау дейтін тұлғалар көрінбейді. Бұдан Шидің өлгенше орнын ешкімге бергісі келмейтінін байқауға болады.

Бес жылда бір рет өтіп отыратын құрылтайда қағида бойынша, 67 жастан асқандар зейнетке шығып, келешек ел басшысы болатын адам аталмыш жеті адамнан тұратын тұрақты комитетке келіп, 5 жылдан кейін билікті ресми қолға алатын еді. Бұл бір түрлі өзгеріссіз келе жатқан түзім саналатын. Ал, осыған негізделсек, бұл кезекті құрылтайда келешекте осы елді билей қоятын лайықты адамның бейнесі көрінбейді. Хонконг технологиялық университетінің саясаттанушысы Диң Шуелаң: «Мао мен Дың неше ондаған жылдардан кейін ғана жетістікке жеткен болатын. Ал, Ши өз еңбек жемістерін көру үшін оған тіптен де ұзақ жылдар керек», – дейді. Құқығы әлсірей түскен Премьер министр Ли Кичияң  жоғары биліктегілер қатарында орнын сақтап қалды.

Басқа 5 жаңа мүшенің ішінде үшеуі Ши төрағамен байланысы өте жақсы кісілер екен. Қазіргі бейнеден алып қарағанда, Ши жасақтап шыққан мүшелердің ішінде 25-і орталық саяси бюроның мүшесі, 376-сы орталық комитет мүшесі болып қаралады. Ал, бұл адамдардың бәрі  комитеттерде, мемлекеттік кәсіпорындарда, әскери істерде және жергілікті үкіметтерде төрағаның сеніміне ие болғандар. Ши Жинпиң экономиканы, әскерді меңгеру арқылы жаңа міндеттерді дайындап, жоғары мансап иелеріне және туыстарына басшылық құқық беріп, жемқорлыққа қарсы қозғалысты жүргізген еді. Осы бес жылдық күрес нәтижесінде, ақыры барлық құқықты қолына алды.Сондай-ақ, қарсыластарының үнін өшірді.

XXI ғасырдағы ҚКП-ның саяси орнын тіпті де бекемдеу үшін, екінші өкілеттік орнына отырған Ши жаңа бір дәуір келгенін, жаңа дәуірде аса қуаты басшы ел басқаратынын, тіпті де іркіліссіз даму жолына түсетінін айтуда. Осыған назар салсақ ол  Дыңның қарқынды даму идеясына мүлде ұқсамайтын бастама көтеріп отырғандай. Қытайдың ірі білім ошақтарының бірі Халық университеті сәрсенбі күні «төраға Шидің жаңа дәуірдегі қытайша ерекшелікке ие социализм идеясын  зерттеу институтын» ашты. Бұл институт енді ғана ҚКП жарғысына енгізілген Ши Жинпиң теорияларын арнайы зерттейді. Бұл теорияда бірқатар күңгірт ұстанымдар бар. Мысалы, «халықты орталық ету», «жаңа даму теориясы», «халықтың өз үйінде өзі қожа болуына табанды болу», «социализмнің өзекті құнының тармақтарына табанды болу» т.б.

Осы аса үлкен тапсырмаларды әр дәрежелі үкімет адамдары әрпін қалтырмай жаттап білуге міндетті. Хонконг университетінің қытайтанушы маманы RyanManuel: «Ши өз саясатын жүзеге асыру үшін жергілікті үкімет жетекшілерін пайдаланбақшы. Оның үстіне ол жемқорлықпен күрес жасау барлық саясатты атқарудың негізі деп қарайды. Іс жүзінде бұл оңай-оспақ дүние емес», – деп пікір білдірді.

Мақала  http://qazaqtimes.com/ сайтынан алынды.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*